Әр жақсылық амалыңа байланысты
Жаратқанның хақ діні адамзат үшін түсірілгені белгілі. Әр адам өзін тәрбиелеп, жасаған әр амалына жауап беруі тиіс. Шариғат талабына сай әр пенде сүрген өміріне, тіршілігіндегі амалдарына жауап береді. Алланың ақырғы елшісі, ардақты Мұхаммед Пайғамбар үмбеттеріне: «Ғибадатыңды ықыласпен орында. Ықыласпен орындалған аз амал қиямет күні саған жеткілікті», – деді.
Бір күні Пайғамбарымыз алдында өсиетін тыңдап отырғандарға былай дейді: «Қиямет күні бірінші болып есепке тартылатын үш түрлі адам бар. Біріншісі Алланың ілім берген адамы. «Саған ілім бердім. Бұл іліммен не істедің, нендей амал жасадың?» деп сұрайды. Сонда ілім алушы адам: «Раббым, маған берген іліміңмен азаннан кешке дейін саған құлшылық еттім. Құлдарыңа дініңді түсіндірдім және оны сіздің разылығыңыз үшін істедім» дейді екен. Сонда Жаратушы: Өтірік айтасың. Мен саған берген іліммен адамдардың пәлен кісі не деген білімді, не деген ғалым еді деп айтуларын көздедің, солай мәшһүр болдың», – дейді.
Періштелер де: «Дәл солай болды, Раббым» деп қоштайды екен.
Екінші Алланың ма л-мүлік берген адамы сыналады. «Мен берген мал-мүлікпен, байлықпен не істедің?» деп сұрайды Жаратушы. Мал-мүліктің иесі: «Раббым, маған берген мал-мүлкіңді күн-түн демей сенің құлдарыңа тараттым. Сенің разылығың үшін садақа бердім», – дейді. Жаратушы сонда: «Өтірік айтасың. Адамдар пәлен деген кісі не деген жомарт, қайырымды екен десін деп тараттың», – дейді. Ұлы Жаратушы иесінің сөзін көктегі бақылаушы періштелер мақұлдайды.
Үшінші сыналатын кісі соғыста мерт болған жауынгер. «Менің берген күш қуатыммен не істедің?» деп сұрайды екен Жаратушы. «Раббым, маған берген бар күш қуатыңды сенің жолыңа жұмсадым. Сенің разылығың үшін дұшпандармен соғыстым. Мерт болдым», – дейді екен. Сонда Жаратушы: «Пәлен деген адам не деген қаһарман, не деген ержүрек батыр деп айтсын деп соғысқа аттандың. Қаза таптың. Сен туралы адамдар солай айтты» дейді екен. Пайғамбар осы әңгімесін айтқан соң, Әбу Хурайраға бұрылып: «Ей, Әбу Хурайра!
Қиямет күні жаһаннам отының бірінші болып өртейтін адамдары осылар» деген екен. Демек, Жаратушының алдында құлшылықты ықылассыз жасау пайдасыз нәрсе. Алла бәрін көруші, білуші, басқарушы. Сондықтан, әр пенде аз амал жасаса да, ықыласпен, зейінін салып, Алланың разылығы үшін жасағаны абзал. Бұл дүние – сынақ мекені. Мұнда дұрыс пен бұрыс, хақ пен нақақ аралас. Бұл дүниеде иман еткендерге сынақтар келмегенде, жалған дүниенің мәні болмас еді. Алланы танымағандар мен қарсы келгендерге жаза бар. Жаратушыға қарсы шыққандардың көздері перделенген. Дүние осылайша сынақ болды. Адамдарды дүниеде тыныштықта, амандықта, дені сау, бақытты өмір сүрулеріне және ақыретте шексіз бақытпен қауышуына себепші болатын пайдалы нәрселер нығмет деп аталады. Жаратушы Раббымыз құлдарына мейірім етіп, оларға қажетті бүкіл нығметтерді жаратты. Оларды қалай қолдану керектігін Пайғамбарлары арқылы жіберген кітаптарында білдірді.
Мұсылман болсын, кәпір болсын, кез келген адам бұл кітаптарға сай өмір сүретін болса, дүниеде бақытты, салауатты өмір кешеді. Ал егер иман келтірген түрде бұларға сай өмір сүретін болса, дүниеде бақыт тапқаны секілді ақыретте де мәңгі бақытқа кенеледі. Иман етіп, діннің әмірлерін орындап, тыйымдарынан сақтанған адам дүниеде де, ақыретте де бақытпен қауышады. Алла қиыншылықтарды да пендеге сынақ ретінде жібереді. Сынаққа сабыр еткен кісіге Алланың сыйы шексіз. Пенде баласы бақытпен қауышу үшін жалған дүниеде Жаратушы жіберген сынақтарға төзімділік танытуы керек. Себебі бізге осы дүниені сынақ ретінде беруші Алла. Жаратушы жалған өмірде біреулерді байлықпен, біліммен, тіпті кейбірін жоқтықпен де сынайды екен. Шүкіршілік етіп, тәубесінен айнымаған пенделер екі дүниеде де бақытқа кенеледі.
Алланың сөзі Қасиетті Құранда солай ескертілген. Алла – мейірімді, қайырымды, рахымды, әділетті. Өзінің пенделерін ерекше жақсы көреді. Пенделерім дұрыс жолмен жүрсін деп Құран кітап түсіріп, жер бетіне Пайғамбарларын жіберді. Жаратушының жіберген сөзін ұғып, имандылықтың жолымен жүрген пенде бақытын табушы. Алла ондай пенде сіне барлық жақсылық пен ізгілікті үйіп төгіп береді. Қаласа, сүйген пендесіне шексіз тосын сыйларды тарту етеді. Біз дін қызметкерлері де Алланың қалауымен адамдарға ізгілік жолын түсіндірушілерміз. Әр қала мен әр ауылда имандылық үйлері бар.
Мешіттердің есіктері ашық, имамдары бекітілген. Әр адамға дін туралы білмегенін мешіт имамынан сұрауына әбден мүмкіндіктері бар. Біз дін тұрғысынан түсінбеген нәрсесін сұрауға келген кісіге ықыласпен, барлық зейінімізбен жауап беруге дайынбыз. Себебі, біздер де ертең сол мәселе бойынша сұраламыз. Сондықтан, ардақты бауырлар! Бұл өмірде ырзық табу, отбасын асырау аса маңызды. Алла ол үшін де пендесіне сауаптар жазады. Отбасын асырау, отбасындағы жары мен балаларыңа мейірімді болу өте өзекті. Ондай жаны ізгі пендесіне Алланың берері көп.
Жақсы амал жас аушылар – Жаратушының қолдауына ие болғандар. Сәт сайын біреуге көмектесу, қиын жағдайда қалған кісілерге жақсылық жасау аса маңызды. Жақсылық жасаған адамның жүрегі нұрланады. Олардың алатыны алғыс. Бірақ, бұл өмірді сүріп жүрмін, отбасым үшін еңбек етіп жүрмін деп, ақыретті де естен шығарып алуға болмайды. Алла әр амалымызды көруші, білуші, бағалаушы. Сондықтан, Алла парыз еткен амалдарды үнемі орындап, жамандықтан тыйылып, ізгілік жолына бет бұрғанымыз жөн.
Марат САЙЛАУБЕКОВ
«Құрал қажы» мешітінің бас имамы.
Тараз қаласы