Отбасы бюджеті: жоспарлау, кіріс пен шығысты басқару
Күн сайын алаяқтық әрекеттердің сан түрі өршіп тұрған қазіргі қоғамда әрбір адамға қаржылық сауаттылық ауадай қажет десек артық айтқандық емес. Өйткені біздің өміріміздің әр күні қаржыға қатысты алуан шешімдер мен кішігірім ақша айналымдарымен өте тығыз байланысты. Қаржыға қатысты шешімдер – тек жеке отбасының ғана емес, тұтас қоғамның тұрақтылығына әсер ететін маңызды фактор. Кіріс пен шығысты сауатты жоспарлау, қарызды жауапкершілікпен алу, жинақ қалыптастыру, қаржылық алаяқтықтан сақтану мұның бәрі «қаржылық сауаттылық» деп аталатын өмірлік дағдының өзегі.
Мемлекет басшысы халықтың әлауқатын арттыру үшін экономиканың нақты секторын несиелеуді күшейту, қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқығын қорғау бағыттарына ерекше мән беріп келеді. Бұл ұстаным отбасы деңгейіндегі қаржылық тәртіппен тікелей үндес: әр үй шағын экономика, ал әр отбасының тұрақтылығы ел берекесінің кепілі.
Осы орайда, жалпыұлттық қаржылық тұрақтылықтың іргетасы әр шаңырақтың өз қаражатын қалай басқаратынына, яғни отбасы бюджетіне тікелей байланысты. Отбасы бюджеті – бұл жай ғана цифрлар жиынтығы емес, белгілі бір мерзімге арналған барлық кірістер мен шығыстардың нақты «қаржы картасы». Ол «қанша ақша табамыз?» дегеннен гөрі, «сол табысты қалай тиімді бөлеміз, яғни жаратамыз?» деген сауалға жауап береді. Отбасы бюджетінің негізгі мақсаты – табысты дұрыс бөлу арқылы күнделікті қажеттіліктерді өтеп қана қоймай, үй алу, білім алу немесе лайықты демалыс сияқты ұзақ мерзімді мақсаттарға кезең-кезеңімен жақындау.
Мамандардың пікірінше, бюджет – шектеу емес, таңдау құралы. Ол отбасы мүшелерінің құндылықтарын айқын көрсетеді: біз қаржыны қайда жұмсаймыз, қай жерде артық шығынға жол береміз және қандай мақсатқа тұрақты түрде қаражат бөлеміз. Көптеген отбасылар өз қажеттіліктеріне «ақша жетпейді» деп шағымданады, бірақ мәселе көбіне табыстың аздығында емес, бақылаусыз шығындар мен нақты жоспардың жоқтығында екенін аңғармайды.
Бюджетті сауатты жоспарлаудың маңызды тұстары төмендегідей:
– Мақсатқа бағытталу: Бюджет табысты дұрыс бөлу арқылы күнделікті қажеттіліктерді өтеуге және болашақ мақсаттарға (баспана, білім, бизнес) кезең-кезеңімен жақындауға мүмкіндік береді.
– Құндылықтар айнасы: Бюджет отбасының қай бағытқа көбірек қаражат жұмсайтынын және қай жерде артық шығынға жол беретінін нақты көрсететін таңдау құралы.
– Қаржылық қауіпсіздік: Жоспарлау арқылы отбасы күтпеген жағдайларға дайын болады және қаржылық алаяқтықтан сақтану мәдениетін қалыптастырады.
– Тәрбиелік мәні: Отбасындағы бюджетті басқару мәдениеті ұрпақтан ұрпаққа беріледі. «Ұлттық қор — балаларға» сияқты мемлекеттік баст ама лар аясында ба ланың болашағына ертерек жинақ жасау ойтүсінігі де осы бюджетті жоспарлаудан бастау алады. Көп жағдайда мәселе табыстың аздығында емес, бақылаусыз шығындар мен нақты жоспардың жоқтығында екендігін әсте естен шығармаған жөн. Сондықтан әрбір теңгенің міндетін алдын ала белгілеу отбасының қаржылық еркіндігіне жасалған алғашқы қадам. Соңғы жылдары елімізде азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған бірнеше маңызды бастамалар қолға алынды.
Мәселен, тұтынушылық кредит көлемін тежеу, қарыз жүктемесін азайту және алаяқтықтан қорғау тетіктерін күшейту жөніндегі шаралар қабылдануда. Сонымен қатар кейінгі жылдары елімізде азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін күшейтуге арналған бірнеше маңызды шаралар қолға алынды.
Мәселен, тұтынушылық кредит көлемін тежеу, қарыз жүктемесін азайту және алаяқтықтан қорғау тетіктерін күшейту жөніндегі ісәрекеттер. Сонымен қатар «Қаржылық сауаттылық негіздері», «Қарызсыз қоғам» курстары мен FinGramota. kz медиапорталы азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, қарыз жүктемесін дұрыс есептеуге және алаяқтардан қорғануға көмектесетін негізгі ресурстар болып отыр.
Бұл шешімдер мемлекет деңгейінде «артық қарыздан сақтандыру» саясатын көрсетсе, отбасы деңгейінде сол қағида қарапайым ережеге айналады: қарыз - мақсатқа жеткізетін құрал, бірақ тұрақты әдетке айналса, отбасының еркіндігін шектейтін жүк. Осылайша, мемлекеттік деңгейдегі жүйелі реттеулер мен әр отбасындағы қаржылық тәртіп біріккенде ғана қоғамның нақты экономикалық тұрақтылығына қол жеткізуге жол ашылады. Мемлекеттік деңгейдегі осы тұрақтылық әр шаңырақтың ішкі кірісі мен шығысын сауатты басқаруынан бастау алады. Отбасы бюджетін тиімді жүргізу үшін тек қарыздан қашу жеткіліксіз, мұндағы басты бағыт – кірісті әртараптандыру және шығысты бақылау. Кірісті басқару және әртараптандыру. Отбасының қаржылық іргетасын нығайту үшін табыс көздерін басқарудың екі жолы бар: Табысты дұрыс бөлу: Бар кірісті бюджет арқылы жоспарлап, «ақшаның қайда кеткенін» еме с, «қайда баратынын» алдын ала шешу.
Табыс көзін көбейту: Маусымдық қызмет, онлайн оқыту, қолөнер немесе ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу сияқты қосымша табыс жолдарын қарастыру. Бұл «табыс көзі біреу ғана болмауы керек» деген қазіргі заманның басты талабы.
Шығысты жүйелеу: «Үнемдеу» емес, «Таңдау». Шығысты басқару сапаны төмендетіп, өзіңізді шектеу емес, ресурсты мақсатқа сай бөлу мәдениеті.
Бұл ретте келесідей тиімді әдістерді қолдануға болады: – 50/30/20 ережесі: Табыстың 50 пайызы міндетті қажеттілікке (азықтүлік, коммуналдық төлем), 30 пайызы қалауға, ал 20 пайызы жинақ пен қарызды жабуға бағытталады.
Бақылау тетіктері: Апта сайын «нақты шығын мен жоспар» арасындағы айырманы тексеріп отыру және импульстік сатып алудан сақтану үшін «24 сағат ережесін» қолдану.
Түптеп келгенде, кірісті әртараптандыру арқылы қаржылық еркіндікті кеңейту және шығысты бақылау арқылы «ағып кететін» ұсақ шығындардың жолын кесу әрбір отбасының бақуатты өмірінің кепілі.
Қарыз және несие мәдениеті: жауапты шешімнің өлшемдері Кредитті мүлде алмау әркімге мүмкін емес. Бірақ кредитті басқару әркімнің қолынан келеді.
Мемлекет басшысы 2026 жылғы 16 қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Осы қол қойылған құжатта кредит беру кезінде «шешім қабылдау кезеңі» енгізілгені, алғашқы қарызды ресімдеу үшін азаматтың өзі келуі тиіс екені айтылды. Бұл алаяқтыққа тосқауыл қоюға бағытталған қадам.
Ал отбасы үшін негізгі өлшемдер мынау: – Ай сайынғы қарыз төлемі (барлық кредиттерді қосқанда) отбасының таза кірісінің шамамен 25-30 пайызынан аспағаны дұрыс.
– Кредитті «қажет» пен «қалау» деп бөліңіз. Білім, денсаулық, табыс әкелетін құрал – «қажет» болуы мүмкін. Ал эмоциямен алынған зат – «қалау».
– Келісімшартты толық оқыңыз: жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі, комиссиялар, айыппұл, сақтандырудың міндетті-ерікті тұстары.
– Бірнеше ұйымның ұсынысын салыстырыңыз және жалпы төлем сомасын есептеңіз.
– Қарызды қайта құрылымдау мүмкіндігін алдын ала біліңіз: қиындық туса, банкпен келіссөзді созбай бастаңыз. Қаржылық қауіпсіздік: алаяқтықтан сақтанудың 10 ережесі Цифрлық дәуірде ақшаңыздың қауіпсіздігі бюджет сияқты маңызды мәселе. Қаржылық мониторинг органдары мен қаржы реттеушілері халықты алаяқтықтан сақтандыру бағытында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп келеді.
Отбасы деңгейінде мына ережелер көмектеседі:
1. SMS - код, CVV, банк қосымшасының құпиясөзін ешкімге айтпаңыз.
2. Өзін банк қызметкері ретінде таныстырған адамға сенбеңіз: өзіңіз банктің ресми нөміріне қайта хабарласыңыз.
3. Бейтаныс сілтемеге өтпеңіз, қосымшаны тек ресми маркеттен жүктеңіз.
4. Шұғыл шешімге итермелейтін сөздер («қазір», «жедел», «бір минутта») – алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін.
5. Инвестиция туралы уәде «тым жақсы» көрінсе, тоқтаңыз: тәуекелін сұраңыз, лицензиясын тексеріңіз.
6. Карта деректерін онлайн дүкенге енгізерде сайттың қауіпсіздігін тексеріңіз.
7. Балаларға және егде жастағы туыстарға цифрлық қауіпсіздік бойынша қысқа нұсқаулық жасап беріңіз.
8. Кредит тарихын бақылап отырыңыз: рұқсатсыз рәсімделген қарыз болмасын.
9. Табысыңыздың бір бөлігін қолмақол емес, сақтандырылған және түсінікті құралдарда ұстаңыз.
10. Күмәнді жағдай туындаса, бірден ресми органдардың немесе қаржы ұйымдарының байланыс арналарына хабарласыңыз. Отбасылық бюджетті сауатты басқару – тек есеп пен қисаптан ғана тұрмайды, ол ұрпақтар сабақтастығын қажет ететін үлкен тәлім-тәрбие мектебі.
Сондықтан отбасында балалардың қаржылық сауаттылығы мен мәдениетін қалыптастыру да маңызды мәселелердің бірі: Отбасындағы қаржылық мәдениет ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Егер балаға «ақша қайдан келеді?» деген түсінікті ерте жастан дұрыс қалыптастырсақ, болашақта ол қарызға тәуелді емес, өз мақсатына сеніммен жететін тұлға болып ер жетеді.
Бұл орайда мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы отбасында қаржылық тәрбие беру туралы мазмұнды әңгіме қозғауға үлкен себеп. 2024 жылдан бастап іске қосылған бұл механизм аясында 2025 жылы әр балаға 129,38 АҚШ доллары есептелгені туралы ресми ақпарат жарияланды. Бала өзінің атына жинақталып жатқан бұл қаражаттың маңызын, оны 18 жасқа толғанда білім алуға немесе баспана жағдайын жақсартуға ғана жұмсай алатынын түсінуі тиіс. Бұл – баланы мемлекеттік деңгейдегі жинақ мәдениетіне баулудың алғашқы қадамы.
Баланы қаржылық сауаттылыққа тәрбиелеудің практикалық тәсілдері:
– Қалтаақы арқылы жоспарлауды үйрету: Балаға апталық қалтаақы беріп, оны үш негізгі бөлікке: жинақ (болашаққа), қажеттілік (күнделікті шығын) және қайырымдылыққа бөлуді дағдыға айналдыру керек.
– Салыстырмалы таңдау жасау: Сауда жасау кезінде баланы бірге алып жүріп, тауарлардың бағасы мен сапасын салыстыруды, маркетингтік айла-шарғыларды ажыратуды көрсету маңызды.
– Үнемдеу ойындары: Үйдегі коммуналдық шығындарды (су, жарық) үнемдеу бойынша отбасылық жарыстар ұйымдастыру – баланы ресурстарды ұтымды пайдалануға үйретеді.
– Нақты мақсат қою: Баланың армандаған затына (кітап, спорттық құрал немесе ойыншық) ақшаны бірге жинау арқылы оған төзімділік пен мақсатқа жетудің маңыздылығын сезіндіру қажет.
Түптеп келгенде, баланы жастайынан қаржылық жауапкершілікке тәрбиелеу – оның ертеңгі бақуатты өміріне салынған ең үлкен инвестиция. Отбасы бюджеті жай ғана кесте емес, ол отбасы мүшелерінің мақсаттарын біріктіретін және ортақ болашақты қалыптастыратын маңызды келісім.
Бұл үдеріске балаларды тарту арқылы біз ертеңгі күнге сеніммен қарайтын, қаржылық тәуелсіз қоғамды құрамыз. Қаржылық сауаттылық – бір мақаламен қалыптаспайды. Үйренуге арналған ресми әрі тегін ресурстарды тұрақты пайдалану маңызды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі іске асыратын FinGramota. kz медиапорт алында қаржыға қатысты түсіндірме материалдар, бейнесабақтар, инфографика және қауіпсіздік бойынша нұсқаулықтар жарияланады. Сондай-ақ елімізде «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы азаматтарға қаржылық сауаттылық бойынша оқыту және кеңес беру қарастырылған. Отбасы бюджеті – кесте ғана емес, отбасының мақсаттарын біріктіретін келісім.
Бүгін жоспар құрған отбасы ертең күйзелісті аз сезінеді: күтпеген шығыннан қорықпайды, қарызға тәуелді болмайды, баланың болашағына сенімді қадам жасайды. Мемлекет деңгейінде жүргізіліп жатқан қаржы тұрақтылығы мен тұтынушылар құқығын қорғау саясаты әр азаматтың күнделікті қаржылық тәртібімен күшейеді. Сондықтан әр үйде қарапайым ереже орнықсын: «ақша – мақсатқа қызмет етсін, мақсат – отбасының бақытына қызмет етсін».
Бүгін жоспарлап, ертең еркін бол!
Фариза ӘБДІКЕРІМОВА