Халықтық кеңес құру идеясы ұнады
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында ел дамуының қазіргі кезеңін қорытындылап қана қоймай, алдағы саяси және институционалдық өзгерістердің бағытбағдарын айқындап берді. Экономикалық көрсеткіштердің жақсаруы, ЖІӨ көлемінің 300 миллиард доллардан асуы және жан басына шаққандағы табыстың өсуі жүргізіліп жатқан реформалардың нақты нәтижесін көрсетеді.
Ұлттық қор резервтерінің артуы да макроэкономикалық тұрақтылықтың нығайғанын аңғартады. Бұл тұрғыда Ұлттық құрылтайды тек кеңесші орган емес, нақты заңнамалық бастамаларға ықпал ететін тиімді алаң ретінде қарастырылуы орынды. Саяси реформаларға қатысты ұсыныстар – вицепрезидент институтын енгізу, Парламенттің атауын өзгерту және заң шығарушы билікті жаңғырту – мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі теңгерімді әрі орнықты етуге бағытталған.
Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы ассамблеясын біріктіріп, жаңа Халықтық кеңес құру идеясы қоғамның әртүрлі топтарының үнін бір арнаға тоғыстырып, ұлттық бірлікті институционалдық деңгейде күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл бастамалар билік пен қоғам арасындағы диалогты жаңа сапалық деңгейге көтереді деген сенімдеміз. Осы тұста, айта кетерлік маңызды мәселелердің бірі – еліміздің басты даму реформаларына қарапайым халық пен билік арасында «алтын көпірге» айналып үлгерген жергілікті қоғамдық кеңестер өкілдерінің тікелей қатысуына пәрмен берілуі болды.
Атап өтсек, мемлекет міздің жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болатын Қазақстанның Халық Кеңесіне және Парламенттік реформа бойынша құрылатын Конституциялық комиссияға қоғамдық кеңестердің өкілдерін енгізу қоғамдық кеңестердің саяси жүктемесі мен жауапкершілігін арттырмақ. Сонымен қатар рухани мәдени және қоғамдық құндылықтарға ерекше мән берілуі назар аударарлық. Ұлттық мұраны сақтау, тарихи қолжазбаларды халықаралық деңгейде таныту және «Таза Қазақстан» идеясын ұлттық идеологияның өзегіне айналдыру – тек мәдени саясат емес, қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған ұзақ мерзімді қадамдар.
Қоғамдағы тәртіп, тазалық, жауапкершілік пен жастар тәрбиесіне басымдық берілуі әлеуметтік дамудың сапалық өзгерістеріне жол ашады. Жалпы алғанда, бұл Қазақстанның экономикалық табысты, саяси жаңарған әрі рухани тұтастығы берік мемлекет ретінде дамуына бағытталған кешенді көзқарасты көрсетеді.
Сембек СЕЙДӘЗІМОВ
Тараз қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы