Тағдыршешті мәселелер қозғалды
Ұлттық құрылтай – ұлтымыздың ауқымды мәселелерін шешетін алаң. Өзім 20 жыл тұрғыны болған Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың өткені маған ерекше әсер етті. Жастық шағым, ең қызықты кезеңім өткен қалаға үш күннен бері бар ынтамды бұрғаным ақиқат.
Бір қызығы, Парламенттің аты ауысуы мүмкін дегенді естіген бойда, ұмытпасам оны әлеуметтік желіге салған өзімнің әріптес інім Алмат Әбдіраман болатын, сол кезде мен «Құрылтай» деп атаған дұрыс болар еді деп ұсыныс айтқан едім. Сол ұсынысым Президенттің аузынан шыққан кезде қуанып кеттім. Парламенттегі депутат санының 145 болуы да орынды деп ойлаймын.
Секторларға бөлінгенде жұмыс тобына да ыңғайлы. Сосын Ассамблея ұйымы арқылы қосылатын депутаттар қысқарды. Бұл уақытында жемісін берген,қазір қажеттілігі азайған мәселе деп ойлаймын. Шешім дұрыс. Вице-президент тағайындалатыны да көпшілік халыққа ұнап отыр. Оның бәрі екшеленіп, сұрыпталып, талдаудан өтіп барып қабылданған шешім деп ойлаймын.
Президентіміздің ел ішіндегі шетін мәселелерді қалт жібермейтіндігінің тағы да куәсі болдық. Кеше ғана қазақстандықтарды дүр сілкіндірген шымкенттік Нұрай қыздың қасіретті жағдайына Құрылтайда назар аударуы Президентіміздің халқының қамқоршысы екенінің бір дәлелі деп қабылдауымыз керек. Сондықтан бұл Құрылтай аса жемісті болды деп есептеймін.
Асқарбек СЕЙІЛХАН
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.