Жаңалықтар

Қазақтың көгіне күн болған

Қазақ елінің дана перзенті, жанашыры, ақылдың кені – Дінмұхамед Қонаев. Димаш атамызды әр қазақ жақсы көреді, бағалайды. Жарты ғасырға жуық ел басқару ісінде жүріп, 25 жыл республика басшысы болған ғажайып адамның артында ғаламат істер мен даналық асыл қасиеттер қалды. Ол кісі мемлекетімізді басқарып тұрғанда ел экономикасы әлденеше есе өркендеп, өндіріс алға жылжыды. 40-тан астам қала салынып, бой көтерді. Еліміздің оңтүстігі мен солтүстігі, батысы мен шығысы жаңарып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды.

Дара тұлға республиканы басқарып тұрған кезінде облысымызға жұмыс сапарымен талай рет келген. Нұрын төгіп, елмен ой бөлісті. Үлкенге ізетін көрсетіп, кішіге мейірімін төккен. Қонаев атамыз малшы, инженер, диқан, сауыншы, тракторшы, сушы азаматтармен де жұмыс басында сөйлесіп, үнемі еңбек адамдарына көңіл бөлді.

Әр адамның жүрегінен орын алған, парасат пен сабырдың иесі. Сондықтан, 1986 жылы желтоқсанда қызметін өткізген Дінмұхамед Қонаевты қимағандар көп болды. Желтоқсан көтерілісіне қазақ жастары белсене қатысты. Сол жастардың арасында өзіміз де жүрдік. Дінмұхамед Ахметұлының туған күніне орай Тараз қаласындағы еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі жыл сайынғы дәстүрге айналған. Биыл осы рәсімге «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Кеншінбеков бастаған желтоқсаншы азаматтар да қатысып, гүл қойып, құрмет көрсеттік.

Қонаевқа құрмет – қазақ халқына деген құрмет. Айтулы азаматтың есімі қазақ халқының жүрегінде ұзақ сақталатыны анық.

 

Дүйсембек ТАУАСАРОВ

Желтоқсаншы

Тараз қаласы