Әлеумет

Туымыз – бірлік, ұстанымымыз – татулық!

Әлемдегі барлық мемлекеттер тыныштық пен тұрақтылық болған кезде дамиды. Тәуелсіз еліміздің де ұстанған жолы мен саясаты – ынтымақ, бірлік, татулық, тұрақтылық. Тәуелсіздігімізді алған алғашқы күннен бастап бұл құндылықтар еліміздің басты ұстанымына айналды.

Оның ішінде ең маңыздысы – ұлттар достығы. Елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Әрине, ұлт өкілдерінің баршасын тату жолға жұмылдырып, ынтымақ пен бірлікте ұстау оңай емес. Бұл ретте мемлекетіміздің басшылары әр кез ойланып, оң шешімдер жасап келе жатқаны қуантады. Мәселен, Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылған күнінен бастап, жемісті еңбек етіп, әлі күнге дейін достық жолындағы жарқын жұмыстарын жалғастырып келеді. Мемлекетіміздің нығаюы мен көркеюі – баршамызға ортақ құндылық.

Барша қазақстандықтар бір мақсат, бір көзқарас, бір мүдде жолында тер төгіп еңбек етіп келеді. Әр ұлттың өкіліне белгілі деңгейде жағдай жасалған. Олар мемлекеттік тілмен қатар өз тілдерін білуге, құрметтеуге, өздерінің салтдәстүрлерін дамытуға құқылы. Оның өзі еліміздегі саясаттың оң ықпалын, ел бірлігін басты деңгейге қойғанын көрсетеді. Қазақстан республикасында тұратын әр өзге ұлт өкілі жергілікті ұлттың тек құрметін, жақсылығын, жомарт пейілін көруде.

Көптеген ауылдарда жергілікті ұлтпен 70-80 жыл бірге тұрып, туыс-бауырдай болып араласып кеткен өзге ұлт өкілдері бар. Ол өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілде сөйлегенде, таза сөйлеп, кейбір қазақтардың өзінен озып кетеді. Ондай сыйластық пен достықты әрқашан жоғары бағалап, құрметтеуге болады. Себебі, достық барлығынан қымбат және асыл қасиет. Бұл ретте қазақ халқындай кең пейілді, дархан, достыққа адал халықты еш жерден көрмедім. Ізгілік, қайырымдылық жағынан қазақ халқынан асатын ұлттарды өз басым көрген емеспін. Менің ұлтым басқа болғанымен, Отаным – Қазақстан.

Еліміздің әр түкпірінде, облысымыздың әр аймағында жергілікті ұлт өкілдерінен көптеген достарым бар. Бүкіл әулетіміз болып «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, бір жылдары жүлделі орын алған кезіміз бар. Мұның барлығы қазақ халқының кеңдігі мен әділдігі деп бағалаймын. Мемлекетімізде депутаттық корпусқа, мемлекеттік қызметке, лауазымдарға өзге ұлт өкілдерін қамтып отыру да назардан тыс қалған емес. Өзім бірнеше жылдан облыстық мәслихаттың депутатымын. Тіпті, депутаттар арасынан аға, бауыр, іні тауып, сыйласып отырмыз. Оның көпшілігі жергілікті ұлт өкілдері екені белгілі. Халық қалаулылары болып талай бірге бас қосып, достық мүдде жолында жақсы әңгімелер ұйымдастырып та жүрміз.

Қазақ халқының достыққа адалдығы ерекше. Біздер де жергілікті халықтың тілін қастерлеп, дәстүрлерін құрметтеуге тиіспіз. Тек Наурыз мерекесі кезінде емес, әрқашан жергілікті ұлттың дәстүріне назарымызды аударған жөн. Жергілікті ұлттың дәстүрі – керемет үлгілі. Өз басым әрқашан ерекше құрметтеймін. Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы бүгінгі таңда жемісті жалғасуда. Біздің облыстада 35- тен астам мәдени бірлестіктер бар. Олардың жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Әр ұлттың ерекшеліктері де көпшілік назарын аударады.

Біздің өңірімізде де бірнеше ұлт өкілдері ғұмыр кешкенімен, олар өзара тату, ынтымақты, дос. Осынау достық пейіл мен ізгіліктер, бірлік пен татулық жалғасын таба берері анық. Қазақ халқының даналық ойларын, ізгі істерін, достыққа жасалған қадамдарын әрқашан бағалап, құрметтеймін. Халық қалаулысы ретінде де ұлттар достығына оң ықпал етіп келемін. Алдағы уақытта да достық пен ынтымақ жолында күшжігерімді аямай жұмсай бермекпін.

 

Гулам УМАРОВ

облыстық мәслихаттың депутаты