Қоғам

Жастар тазалықты жақтайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өңірімізде де жүйелі жұмыстар жалғасын табуда. Осы мақсатта Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жастармен кездесу өтті.

Жастар арасында табиғатты аялау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға жанашырлық көзқарасты арттыруға бағытталған жиында «Байтақ» жасылдар партиясы облыстық филиалының саяси кеңесі мен бюро мүшесі Салтанат Қашағанова тазалық жұмыстарының маңыздылығына тоқталды.

Жиын барысында «Золотой караван» туристік компаниясының мүшесі Мария Веймер еліміздегі экологиялық ахуал, табиғатқа немқұрайлы қараудың салдары, қоқысты сұрыптау, жасыл аймақтарды көбейту секілді маңызды тақырыптарға тоқталды. Сонымен қатар жиында өзен-көл маңын, саябақтар мен қоғамдық орындарды тазарту жұмыстары ұйымдастырылып, қаламыздың көркіне үлес қосу мақсатында сенбілік жұмыстарын жүргізудің жоспары қаралды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы шеңберінде облыста Жастар ресурстық орталықтары мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен өткен жылы барлығы 1299 іс-шара ұйымдастырылып, акцияға 29283 адам қамтылған. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақ.

 

Нұрболат АМАНБЕК