Әлеумет

Ақпарат көбейген сайын даналықтың құны артады

Адамзат тарихы даму мен өзгерістен тұрады. Әрбір жаңа технология қоғамның өмір сүру салтын ғана емес, адамның ойлау жүйесін де өзгертті. ХХІ ғасырда адам баласы жасанды интеллект деп аталатын жаңа кезеңге аяқ басты. Бұл – жай ғана техникалық жаңалық емес, адам мен машина арасындағы қарым-қатынасты қайта қалыптастырып жатқан өркениеттік құбылыс. Бүгінгі күннің басты сауалы – жасанды интеллект кеңінен қолданылған заманда адамның орны қандай болады, оның еңбегі мен болашағы қалай қалыптасады деген сұрақтар өзекті болып отыр.

Қазірдің өзінде жасанды интеллект көптеген салаларда адамның жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, кей тұстарда толық алмастыра бастады. Құжат өңдеу, есеп жүргізу, мәліметтерді талдау, қоңырауларға жауап беру секілді қайталанатын жұмыстарды алгоритмдер жылдам әрі дәл орындайды. Осы себепті бірқатар мамандықтардың жойылу қаупі күшейіп отыр. Бұрын тұрақты саналатын кассир, оператор, қарапайым бухгалтер немесе кеңсе қызметкері секілді кәсіптер бүгінгі таңда қайта қарауды талап етеді.

Бұл жағдай қоғамда алаңдаушылық туғызғанымен, тарих көрсеткендей, әрбір жаңа дәуір ескі кәсіптерді ығыстырып қана қоймай, оның орнына жаңаларын алып келеді. Өздеріңізге белгілі таяуда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Айта кету керек Заң арқылы жасанды интеллект жүйелері қызметінің негізгі қағидаттары енгізілді. Жасанды интеллект жүйелері ақпараттандыру нысаны ретінде анықталды. Енді жасанды интеллект адамның белгілі бір міндеттерді орындау құралы ретінде қарастырылады. Осыны ескере отырып, заңда жауапкершілік және бақылау қағидаттары бекітілді. Соған сәйкес, меншік иелері мен пайдаланушылар жасанды интеллект жүйелерін қолдану кезінде өзінің атқаратын рөліне қарай жауап береді. Меншік иелері мен пайдаланушыларға жасанды интеллект жүйелерінің жұмыс істеуі мәселелері бойынша тәуекелдерді басқару, қауіпсіздік пен сенімділікті қамтамасыз ету, қолдау көрсету міндеттері жүктелген.

Бүгінде «Жасанды интеллект туралы» заң өз күшіне енді. Заңға қол қойылған сәттен бастап 60 күн өтті және белгіленген рәсімдерге сәйкес, осы жылдың 18-қаңтарынан бастап құжат толық көлемде қолданысқа енгізілді. Қабылданған заң елде жасанды интеллектіні қолданудың құқықтық негізін қалыптастырып, саладағы мемлекеттік саясаттың басты қағидаты – адам, оның құқықтары, бостандықтары мен әл-ауқатының басымдығы туралы ережелерді бекітеді. Адам, оның өмірі мен ерікжігері жасанды интеллект жүйелерін құру және пайдалануда ең жоғарғы құндылық ретінде қарастырылады. ЖИ-ді қолдану адамның саналы түрде шешім қабылдау қабілетін шектемеуі тиіс, ал азаматтардың еркіндігі технологияларды қолданудың барлық кезеңінде сақталуы қажет.

Заң жасанды интеллектіні пайдалануды, атап айтсақ әділдік пен теңдік, алгоритм ашықтығы мен түсініктілігі, жауапкершілік пен бақылауда болуы, деректер мен құпиялықты қорғау, сондайақ ЖИ жүйелерінің қауіпсіздігі мен сенімділігі туралы ережелерді айқындайды. Пайдаланушыларға жасанды интеллект жүйелерінің мүмкіндіктері, сипаттамалары мен шектеулері туралы толық ақпарат ұсынылуы шарт.

Азаматтар автоматтандырылған деректерді өңдеудің қолданылуы, оның салдары, мұндай өңдеуге қарсылық білдіру мүмкіндігі, сондайақ өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктері туралы хабардар болуға құқылы. Сонымен қатар құжат жасанды интеллект жүйелерінің иелері мен пайдаланушылары арасындағы жауапкершілікті нақтылайды. ЖИ жүйелерінің өмірлік циклінің барлық қатысушылары олардың жұмысын бақылауды қамтамасыз етуге, тәуекелдерді басқаруға және жүйелер жұмысының нәтижелері үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік алуға міндетті. Жасанды интеллект жүйелерін құру және пайдалану қоршаған ортаға теріс әсер етпеуі, сондай-ақ энергия тиімділігі талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс. ЖИ жүйелерін пайдалану жеке деректер мен құпия ақпаратты қорғау талаптары сақталған жағдайда ғана рұқсат етіледі.

Заң деректерге рұқсатсыз қол жеткізудің алдын алу шараларын, сапалы деректерді пайдалануды, ЖИ жүйелерінің қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етуді көздейді. Құжатқа сәйкес, жасанды интеллект жүйелері тәуекел деңгейі бойынша – төмен, орта және жоғары тәуекелді жүйелерге жіктеледі. Маңызды салаларда немесе мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қалыптастыру кезінде қолданылатын жоғары тәуекелді жүйелер ақпараттық қауіпсіздік талаптары бойынша мемлекеттік жүйелерге теңестіріледі.

Енді Қазақстан аумағында: манипулятивті әдістерді қолданатын; адамның жасына, денсаулық жағдайына немесе әлеуметтік мәртебесіне байланысты осал тұстарын пайдаланатын; әлеуметтік немесе биометриялық кемсітушілікке жол беретін; адамның эмоциясын оның келісімінсіз анықтайтын; жеке деректер туралы заңнаманы бұзатын; тыйым салынған контент жасайтын немесе тарататын жасанды интеллект жүйелерін құруға және пайдалануға тыйым салынады.

Заң жасанды интеллектіні пайдаланудың ашықтығына қойылатын талаптарды белгілейді. Пайдаланушылар тауарлар, жұмыстар немесе қызметтер ЖИ-ді қолдану арқылы жасалғанын білуі шарт. Синтетикалық контент міндетті түрде таңбалануға және пайдаланушылар үшін түсінікті ескертумен белгіленуі тиіс. Жасанды интеллектіні пайдалану арқылы жасалған туындылар адамның шығармашылық үлесі болған жағдайда ғана «авторлық құқық объектісі» деп танылады. Адамның зияткерлік қызметінің нәтижесі арқылы алынған мәтіндік сұраулар (промпттар) да авторлық құқықпен қорғалады. Автор немесе құқық иесі тыйым салмаған жағдайда ғана ЖИ модельдерін оқыту үшін туындыларды пайдалануға рұқсат етіледі.

«Жасанды интеллект туралы» заңның күшіне енуі Қазақстанда жауапты, қауіпсіз және адамға бағдарланған жасанды интеллектіні дамытудағы маңызды кезең. Бұл модель инновациялар, азаматтардың құқықтарын қорғау және цифрлық экономиканың орнықты дамуы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған. Иә, расымен жасанды интеллект қанша дамыса да, ол адамды толық алмастыра алмайтыны белгілі. Себебі адамға ғана тән қасиеттер бар. Алгоритм логикаға сүйенеді, ал адам жүрекпен шешім қабылдайды. Қазақ ойшылы Абайдың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген сөзі дәл бүгінгі заманмен үндесіп тұрғандай.

Жасанды интеллект – ақылдың бір қыры болса, жүрек пен ар-ождан тек адамға ғана тән құндылық болып қала береді. Психологтардың пікірінше, ЖИ дәуірінде ең маңызды қабілет – эмоционалдық интеллект. Адамның өз сезімін түсініп, өзгенің жан дүниесін сезіне білуі ешқандай машинаға берілмеген қасиет. Психолог Мира Өскембаеваның айтуынша, болашақта адамды бағалайтын негізгі өлшем оның қаншалықты тез бейімделе алатыны мен қарым-қатынас орната білу қабілеті болмақ. Жасанды интеллект тапсырманы орындайды, ал адам жауапкершілікті өз мойнына алады. Осы айырмашылық адамды қоғамда қажет тұлға ретінде қарайды.

Жасанды интеллект дамыған сайын жаңа мамандықтар да пайда болуда. Бұрын болмаған кәсіптер бүгінгі еңбек нарығында сұранысқа ие. Бұл өзгеріс жастарға жаңа мүмкіндік ашып отыр. Технология мен шығармашылықты қатар меңгерген, ойлай алатын, бағыт бере білетін мамандардың бағасы арта түсуде. Демек, болашақта бір ғана дипломға сүйену жеткіліксіз, үздіксіз даму мен білімді жаңарту басты талапқа айналады. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалып отырған жоқ. Елде цифрландыру қарқынды жүріп, электронды қызметтер күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Дегенмен, технологиялық даму адам факторын ескерумен қатар жүруі тиіс. Қоғамда цифрлық сауаттылықты арттыру, жастарды жаңа жағдайға бейімдеу – уақыт талабы. Әйтпесе, технология дамығанымен, адам дайын болмаса, ол прогресс емес, әлеуметтік мәселе тудыруы мүмкін. Жасанды интеллект дәуірі адамды әлсіз етпейді, керісінше оның шынайы болмысын айқындай түседі. Бұл кезеңде адам тек орындаушы емес, ойлаушы, бағыттаушы, мән беруші тұлға ретінде қалыптасады.

«Адамның күні – адаммен» деген халық даналығы осындай уақытта ерекше маңызға ие. Қанша жерден техника дамыса да, адамдық қарымқатынас, сенім мен жауапкершілік қоғамның тірегі болып қала береді. Жасанды интеллект дәуірінде ең көп талқыланатын мәселенің бірі – рухани құндылықтың тағдыры. Технология дамыған сайын адам рухани тұрғыда әлсіреп кетпей ме деген сұрақ жиі қойылады. Алайда бұл қауіп техниканың өзінен емес, оны қалай қолданатынымыздан туындайды. Жасанды интеллект адамды ойланудан босатпайды, керісінше, одан тереңірек ойлауды талап етеді. Машина ақпарат береді, ал адам сол ақпаратқа мағына мен жауапкершілік жүктейді. Осы тұста әл-Фарабидің «Бақытқа жету үшін адам ең алдымен өзін тәрбиелеуі керек» деген сөзі еске түседі. Өзінөзі тану мен рухани тепе-теңдік ЖИ дәуірінде бұрынғыдан да маңызды бола түспек. Философтар жасанды интеллектіні адамзат айнасы деп қарайды. Қандай алгоритммен жасалса да, оның түпкі негізінде адам ойы мен таңдауы жатыр.

Демек, жасанды интеллект – адамның ақыл-ойының жалғасы ғана. Ол жақсылыққа да, зиянға да қызмет ете алады. Сондықтан бұл технологияны басқару тек инженерлердің емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігіне айналуы тиіс. Психологтар мен әлеуметтанушылардың пікірінше, егер адам өзін тек техникамен салыстырып, кем сезіне бастаса, онда күйзеліс пен жалғыздық күшейеді. Ал егер жасанды интеллектіні көмекші ретінде қабылдаса, адам өз мүмкіндігін кеңейтіп, шығармашылық әлеуетін аша алады. Жасанды интеллектінің логотиптеріне назар аударсақ, олардың өзінде терең символика бар екенін байқауға болады.

Көптеген ЖИ компаниялары логотиптерінде ми пішінін, желіге ұқсас сызықтарды, шексіздік белгісін немесе көз бейнесін қолданады. Бұл – интеллект, байланыс, үздіксіз даму және бақылау ұғымдарының көрінісі. Кейбір логотиптерде адам бейнесі мен цифрлық элементтер біріктіріледі, бұл адам мен машинаның серіктестігін білдіреді. Түстер де кездейсоқ таңдалмайды. Көк түс сенімділік пен тұрақтылықты, күлгін – ой мен шығармашылықты, жасыл – тепе-теңдік пен дамуды меңзейді. Яғни, жасанды интеллект інің визуалды бейнесі де адамға қауіп емес, ынтымақтастық пен эволюция идеясын ұсынуға бағытталған. Бұл символдар қоғамға маңызды бір ойды жеткізеді. Жасанды интеллект адамды жою үшін емес, оның өмірін жеңілдету үшін жасалған. Дегенмен, технологияға шектен тыс тәуелді болу қаупі де жоқ емес.

Осы орайда психологтар адамның өз болмысын сақтауы үшін тірі қарым-қатынасқа, эмоцияға, шынайы диалогқа мән беруі қажет екенін айтады. Экран артындағы интеллект қанша дамыса да, адамның жан жылуын алмастыра алмайды. Жасанды интеллект дәуірі – таңдау дәуірі. Бұл кезеңде адам пассивті тұтынушы бола ма, әлде саналы бағыт беруші бола ма, соны өзі шешеді. Уақыт талабына сай икемделе білген адам ғана өз орнын жоғалтпайды. Ал икемделу деген – адамдықтан айырылу емес, керісінше өз қадірін тереңірек түсіну.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Жасанды интеллект дәуірі адамзат үшін сынақ қана емес, үлкен мүмкіндік болып отыр. Бұл кезең адамның орнын тартып алу үшін емес, оның шынайы болмысын айқындау үшін келді. Технология қанша дамыса да, ол адамдық ойды, жүрекпен қабылдауды, ар мен жауапкершілікті алмастыра алмайды. Жасанды интеллект есептейді, талдайды, үйренеді, бірақ таңдаудың салмағын сезіне алмайды. Болашақта табысты қоғам жасанды интеллектіні шексіз билікке емес, саналы құралға айналдыра алған орта болады. Ал табысты адам – өзгерістен қорықпай, жаңаға бейімделе отырып, адамдық қасиетін жоғалтпаған тұлға. Ақпарат көбейген сайын ақылдың емес, даналықтың құны артады. Осы тұста қазақтың «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген нақылы технология дәуірінде де өз маңызын жоймайды. Жасанды интеллект заманы адамнан жылдамдықты емес, тереңдікті талап етеді. Машина жылдам, бірақ үстірт. Адам баяу болса да, мағыналы ойлайды. Сондықтан бұл дәуірдің басты жеңімпазы – техника емес, өз ақылын, арын, рухани өзегін сақтай білген адам. Болашақ алгоритмдердің емес, сол алгоритмдерге бағыт бере алатын парасатты сананың қолында.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ