Аты аңызға айналған аналар
Қазақ дүниетанымында әйел затының алар орны ерекше екені белгілі. Халқымыз қай заманда болсын әйел баласын айрықша қастерлеп, тұтас тіршіліктің бастауы ретінде қараған. Бұған ұлтымыздың тарихынан ойып тұрып орын алатын Ұмай-ана, Томирис пен Зарина, Айғаным мен Бопай ханым сынды қайраткерлердің ғұмырнамасы бірден бір дәлел. Тарихымыздың тереңіне үңіле отырып, қазақ әйелінің қай дәуірде болсын отбасының ғана ұйытқысы болмай, елдің қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласқан деп нық сеніммен айта аламыз. Бұл турасында ұлтымыздың ұлық дәстүрлері, ауыз әдебиеті мен тарихи мұралары, тіпті жер-су атаулары да талайғы сыр шертеді. Қасиетті Әулиеата өңірінде де аты аңызға айналған аналар бар. Олардың бірқатарының есімі бүгінде жер-су атауларына айналып, ел жадында сақталған.
Қыз әулие
Солардың бірі – Жуалы ауданы, Шақпақ елді мекенінің солтүстік батыс жағында 3 шақырым жерде Құлан тауының етегіндегі шатқал Қыз әулие шатқалы. Жалпы елімізде «Қыз әулие» деп аталатын жерлер жиі кездеседі. Олардың бәрі де жаугершілік заманда ер-азаматтармен бірге елі мен жерін қорғау үшін атқа қонып, жанын қиған, халықтың бірлігі мен берекесі сақталуы үшін жанталасқан ержүрек қыздардың ерлігіне байланысты қойылған деп айтылады.
Ел аузында сақталған аңыздарда, осы төңіректе қасына қырық қыз көмекшілерін ерткен ханның қызы шатыр тігіп отырыпты әрі ол қыз әулие болған екен делінсе, ауыл тұрғындарының аузынан айтылған екінші бір деректе «Қыз әулие» туралы аңыз былайша баяндалады: Ілгеріде осы мекенде бір қыз өмір сүрген деседі. Ол жастайынан келешекті болжайтын көріпкелдік қасиетке ие болыпты. Қызға келіп бал аштырып, оның айтқанының дәл келетініне осы маңның тұрғындары тәнті болған екен. Күндердің күнінде осы өңірді жайлап отырған бір байдың үйір жылқысы жоғалып кетеді. Айналаны түгел шолып, ақыры амалы таусылған бай жылқылардың қолды болғандығын сезіп, әлгі қызға келіп бал аштырады. Сонда көріпкел қыз ұзақ ойланбастан: «Сіздің тілегіңізді орындайын, алайда қоятын бір шартым бар. Мен жылқыларды тауып бергеніммен өміріме сол қарақшылардан үлкен қауіп төнгелі тұр. Сондықтан да сіз менің өмірім мен қауіпсіздігімді қорғауыңыз керек», – дейді.
Тек баюды ғана ойлаған бай ойланбастан қызға келісімін береді. Жылқылары табылып, қарақшылардың қылмысы әшкере болады. Алғашында қызға берген уәдесін берік орындаған бай уақыт өте өзінің күйкі тірлігінің қамымен кетіп, қыздың шарты ұмыт қалады. Ел-жұрттың алдында ұрлықтары әшкере болып, масқара болған қарақшылар бір ұрымтал қараңғы түнді пайдаланып, қызды буындырып өлтіріп кетеді. Сол уақыттан бастап жердің атауы «Қыз әулие» деп аталып кеткен екен. Бүгінде жергілікті тұрғындар осы жерді киелі санап, қиыншылықтарға душар болғандары медет сұрайды, маңында өсіп тұрған қалың жынысты ағаштарын кесіп әкетпей, бұлағын бүлдіруге жол бермей қорғаштап, қасиет тұтады.
«Маржан-ай» мен «Машан-ай»
Көзі тірісінде қосыла алмай арманда кеткен ғашықтар есімін иеленген ендігі бір елді мекеннің атауы – Маржан-ай, Машан-ай. Бұл Таластың бойында, Кіші Бурыл тауының етегінде ерте заманда болған мекендер. Осы екі мекенді билеген екі адамның бірінің Маржан деген қызы, екіншісінің Машан деген ұлы болған екен. Қыз да, ұл да елден асқан сұлу әрі батыр болып, бірін бірі ұнатқан.
Күндердің күнінде шығыстан жау шабады. Шапқан жау ел тыныштығы үшін қыруар дүние мен Маржан қызды сұрайды. Қыз бен ұлдың әкелері бұған көнсе де, жастар көнбейді. Сөйтіп соғыс басталады. Маржан мен Машан екеуі екі қол болып жауға қарсы соғысады. Қыз бен ұлдың ата-аналары бірі «Маржан-ай», бірі «Машан-ай» деп жылап, Тәңірге жалбарынып отырыпты.
Маржан мен Машанның қолына қол қосылып, келген жау кері ығысады. Бірақ қайта айналып соққан жау дегеніне жетеді. Маржан мен Машанды өлтіреді. Елдің малжанын олжа қылады. Жаудан аман қалған адамдар екі мекеннің басында «Маржан-ай, Машан-ай!» деп жылап, қайғы жұтады. Содан бұл қираған мекендер Маржан мен Машанның атымен аталатын болыпты. Осылайша табиғаттың тағы бір тамаша мекеніне ғашықтардың есімі бұйырыпты.
Қырғыннан құтқарған Қызтоған
Боралдай ауылдық округіне қарасты Жуалы ауданының солтүстігінде Шаянға жақын орналасқан ауылдардың бірі – Қызтоған. Үлкен сай арнасында орналасқан бұл халық тұрағының жанжағы таумен қоршалған. Маңайынан өтіп бара жатқан адамға көрінісі көп ой салары анық. Түпсіз терең өзеннің тартылып кеткен бұрынғы орны ма деп те қаласың...
Көнекөз қариялардың айтуынша, Ұлы Отан соғысы кезінде бұл ауылдағы еркек атаулының барлығы майданға кеткен екен. Ел басына күн туған сол нәубетті шақтарда ауыр тұрмысты бастан кешірген тұрғындар тіршілік қамын өздері жасауға кіріседі. Мал мен жанды асыраудың жауапкершілігі әйелдерге түседі. Шағын елді мекеннің бойжеткендері бірігіп, ауылдан тоған қазған екен. Сол тоғанның суына мал суарып, бау-бақшасын нәрлендірген. Ауыл тұрғыны Рәт Бердалиевтің айтуынша, елді мекеннің Қызтоған аталуы 1941-1945 жылдардағы соғыспен тікелей байланысты.
– Елде қалған жетім-жесірлердің тылдағы тағдыры өте ауыр болды. Өздері әрең күн көріп отырған халық майдан даласындағы солдаттарға азық-түлік, киім жөнелту үшін аянбай еңбектенді. Мемлекетіміздің қай өңірінде болсын, бұл кезең ешкімге жеңіл тимеді. Қазіргі таңда жүзге жуық тұрғыны бар ауылда үш тоған орналасқан. Осы тоғандарды қыз-келіншектер қазған. Сол себепті Қызтоған аталған. Ауыл халқы тоғандарды әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Судың бәрі осы тоғандардан бастау алады, – дейді Рәт Бердалиев.
Түйме сұлудың шаһары
Ұлтымыз үшін аңыз-жырларға негізделген, өткен тарихымыздан қалған қасиетті мекендердің барлығы тарихымызға таңбаланып, бүгінгі күні ел мәдениетінің мерейін асқақтатып тұр. Осындай қасиетті мекеннің бірі – аңыздарда Түйме арудың мекені болған – Түймекент қалашығы. Орта ғасырлық Түймекент қаласы Байзақ ауданына қарасты Түймекент ауылының оңтүстігінде, Талас өзенінің оң жағасындағы биік жарқабақта орналасқан. Түймекентті сырттай қоршап жатқан ені 20- 30 метр болатын орлары мен 30 мұнарасы болған. Орға су қаланың оңтүстік бұрышына жақын жерде орналасқан Таластың ескі өзегінен келген. Қаланың сыртын айналдыра жол салу кезінде ордың сыртқы жиегі тегістеліп көмілген.
Тарихи деректерге сүйенсек, ортағасырлық қаланы Талас өзені шайып, әр жылдарда жүргізілген шаруашылық жұмыстарының нәтижесінде қатты бұзылған. Сондай-ақ, Әлкей Марғұлан Талас өңірінде жүргізген археологиялық барлау кезінде Түймекенттің жобасына назар аударып, оның Талас өзенінің оң жағасында орналасқан үлкен ортағасылық қала екенін көрсете отырып, ол туралы: «Шығыс деректері бойынша Түймекент қаласында көптеген мешіттер, керуен сарай және сырты қалың жалмен, ормен қоршалған әскери бекініс болған», – деп жазған.
Түймекент қалашығының пайда болуына қатысты аңыздардың бірінде қала атауының Түйме сұлудың құрметіне аталғаны айтылады. Мұны алғаш В.В.Бартольд Түймекент қаласы орналасқан жердің стратегиялық жағынан өте ыңғайлы екеніне тоқтала отырып, қаланың атын Тойма (Түйме) қызбен байланыстырған. Қызығы сол, қала туралы аңыздардың бір парасы Ақыртаспен байланысты болып келеді. Ақыртас кешені туралы халық аузында айтылып жүрген аңызды алғашқылардың бірі болып жариялаған тарихшы, шығыстанушы Әбубәкір Диваев болды. 1899 жылы оның алғашқы нұсқасы «Рассказ об АлангасарАлифе» деген атпен шықты. Ал, 1905 жылы Ресей зерттеушісі Василий Каллаур жариялаған «Древние киргизские легенды о постройке Акыр-Таша» деген мақаласында Түймекентті мекендеген Көкше хан мен қызы Түйме сұлу, Алаңғасар алып және оның баласы жайлы оқиғаларды жүйелі түрде баяндаған. Мұны ғалым Әлкей Марғұлан да «Ежелгі жыр аңыздар: ғылыми-зерттеу мақалалар» атты еңбегінде атап өткен.
Ел аузында сақталған аңыз бойынша бұл қалада ханның Түйме атты қызы өмір сүрген деседі. Түйме аса сұлу, көркінен күн таятын болыпты. Сол уақытта қаланың сырты қамалмен қоршалып, бекітілген. Оның сырты да терең ормен қоршалып, ор суға толтырылған. Қамал қабырғалары кірпіштен тұрғызылған, іргесі таспен өрілген. Күндердің күнінде сұлулығына тең келер ешкім болмаған Түйме сұлуға жау батырының көзі түсіп, қыздың әкесіне айттыру үшін өзінің адамдарын жібереді.
Алайда, әкесі де, қыз да оларды менсінбей, адамдарын кері қайтарады. Мұны естіген батырдың ашуы терісіне сыймай, аспанда үйірілген қара бұлттай қаһарына мініп, соғыс ашуды ойлайды. Ақыры батыр Түйме қыздың қаласын құлатады, бірақ мақсатына жете алмайды. Аңыз соңы Түйме қыз қаласымен бірге мерт болыпты деп түйінделеді. Ал, Ақыртасқа қатысты нұсқасына тоқталсақ, әкелі-балалы қос батыр тастан қала тұрғызуды ойлап, осы істің қамымен баласы таудан тас әкеліп, әкесі жерде қалауға көшеді. Баласының жан-жағына алаңдамай жұмыс жасауын қадағалап тұрған әкесі оның көзі Түйме сұлуға түсіп кеткенін аңғармай қалады. Баласы сол сұлудың артынан еріп, қалмай қояды. Салып жатқан сарай туралы мүлде ойдан шығарады. Батырды ұнатпаған сұлу қашып кетіп, бір биікте жан тапсырады екен. Оның басына әкесі үлкен қорған тұрғызып, Түймекент қаласы атанып кетіпті. Сұлудың есімі – Түйме болса керек. Әлгіндегі тас қалашығы сол күйі бітпей қала берген деседі.
Аймантөбе ақиқаты
Облыс орталығына іргелес Байзақ ауданындағы Шөлтөбе, Рысымбет секілді төбелердің тарихы өз алдына бір әңгіме. Ауданда Дихан ауылдық округіне жат атын Аймантөбе ауылының батысында Аймантөбе деп аталатын тарихи қорым бар. Көнекөз қариялардың айтуынша, ертеде Түркістанды бетке алып осы жерден бір көш өтсе керек. Сол көш арасындағы бір байдың қызы қатты науқастанып, біраз уақыт сол жерге аялдаған екен. Бұл жайлы аңыз ауыл мектебінде директор қызметін атқарған Жапар Дидарбековтың нұсқауы бойынша кітапқа түсіп, сақталған.
Деректерге сүйенсек, оңтүстікке қарай бет алған көш осы жерлерге біраз уақыт тұрақтайды. Бір бақуатты адамның Айман атты қызы ауыр дертке ұшыраған екен. Жылға жуық, бәлкім, одан да көп уақыт осы маңды паналаған көштегі Айман атты сұлу да ақылды қыз екен. Бойында көріпкелдік қасиеті бар байдың қызы ауруынан арыла алмай, ақыр соңында дүниеден озған. Дертінен айығып кетер деген үмітпен аялдаған көш Айман қызды осы төбеге жерлейді. Осы оқиғадан соң бұл төбе «Аймантөбе» деп аталып кеткен екен.
Бүгінде ауыл тұрғындары бұл төбені Айман апа, Айман сұлу, Көріпкел апа деп те атайды. Бірақ барлық нұсқа да Айман туралы аңыз желісі бір арнаға тоғысады.
Келіншектау
Ал қазақ жеріндегі Келіншектау туралы ел аузындағы әке қарғысына ұшыраған қыз туралы аңызды білмейтін адам кем шығар. Сонау ерте заманда Қаратау етегінде өмір сүрген атақты бір байдың Айсұлу есімді өте сұлу жалғыз қызы болыпты. Қыздың сұлулығы жан-жаққа тез тарап, қыз 15 жасқа келгенде айттырушылар тұстұстан ағыла бастапты. Перзентін өте жақсы көретін бай қызының қалауы бойынша ғана тұрмысқа шығатынын қатаң ескертіпті.
Жігіттерді асықпай таңдаған қыз ақыры біреуіне тоқтап, әкесінен бата сұрайды. Бай уәдесінде тұрып, қызына қырық күн тойын жасайды. Той өткен соң бай қырық түйеге жасауын артып, қызын жолға шығарады. Айсұлу ауылдан ұзап, Балдысу өзеніне келген кезде көшті тоқтатып, сандықтардағы жасауларын тексере бастайды. Барлық бұйымдары таза алтыннан жасалыпты да, тек жалғыз итаяғы ғана ағаштан жасалған екен.
Бұған қатты ренжіген Айсұлу әкесіне тез адам жіберіп, итаяқты да алтыннан жасатуды талап етеді. Қызының мұнысына қатты ашуланған бай: «О, жақсылықты түсінбеген қасиетсіз қызым, тас бол!» деп қарғаса керек. Сол замат Айсұлу да, шұбатылған көш те түгел тасқа айналып кеткен көрінеді. Сөйтіп, бұл жер «Келіншектау» аталып кетіпті.
Көкдөнен мен Көгершін
Т. Рысқұлов ауданында Шал тауының етегінде Көкдөнен мен Көгершін атты қатар орналасқан екі елді мекен бар. Бұл жер-су атауларының қалыптасу туралы ел ауызында аңыз көп. Сол аңыздардың біріне сүйенсек, бағзы заманда Көкдөнен атты жігіт ерекше қабілеті мен қайырымдылығының арқасында ел аузына ілігіп, халықтың ризашылығы мен рақымына бөленіп жүреді екен. Соғыс, қантөгістен қажыған халқының жоғын жоқтап, әкесіз қалған ұлдарына рухани қуат беріп, ағалық қамқорлығымен жанына жалау бола біліпті.
Жастық желігі мен риясыз көңілі оны да махаббат сезімінің алдына әкеліп, жігерін құм, көңілін кермек етіпті. Күндердің күні Көкдөнен жігіт ағасының үйіндегі жеңгесі жеті жыл құрсақ көтермей, осы жуықта ғана аяғы ауырлағанын естіп жабайы қабанға аңға барады. Аң қарап жүріп, 14-15 жастағы бозбаланың сол аяғының қақпанға қысылып қалғанын көріп, көмекке ұмтылады. Бар күшін салып керіп ашқан аң қақпанынан әзер босанған әлсіз дене сылқ етіп жанына қарай қисая кеткенде бозбаланың жігіт емес, қыз екенін көріп таң-тамаша қалады. Бір кезде оқыстан «қорс» еткен дыбысқа екеуі де жалт қарағанда, өздеріне құйғыта шауып келе жатқан қабанды көреді. Жігіт хайуанға қарсы ұмтыла беріп, қынабынан суырып алған өткір қанжарын бар күшімен қабанның жүрек тұсына тығып жіберіп, қызды құтқарып қалады.
Ауылына оралған Көкдөнен жігіт ендігі жерде жатса да, тұрса да сол аруды ұмыта алмай, ел ағасы, ру басы Шал бабаға келіп өз жайынан хабар береді. Шал баба бойжеткеннің Барақ батырдың қызы Көгершін екендігін, әкесі асқан жаужүрек, көңілі түскенге көлдей, қасиетті кісі болғандығын, таяуда соғыста қаза тапқанын жеткізеді. Алайда батырдың жеті атадан аспаған туыстас екендігін еске салып, тыйып тастайды. Үміт пен үрей арқалаған Көкдөнен Көгершін аруға сол кеште жолығып, ел-жұртының шешімін айтады.
Қыз да болса ақыл-парасатымен, жаужүректігімен жігітке пара-пар Көгершін ару өз махаббатын тұншықтыра тұрып келелі іске келісім берген деседі. Осылайша, Шал бабаның өсиетін алған ағалы-қарындасты екі жас өмір сүрген аймақ бүгінде солардың атымен аталып кеткен екен.
Нұрболат АМАНБЕК