Әдебиет

«Жылжып кетті ескерусіз есіл күн!»

Газеттің – жанашыры да, байлығы да оқырман. Ғасырдан астам тарихы бар біздің газетке күн сайын ондаған оқырман хабарласып жатады. Бәрінің пікірі, мақаласы, ұсыныстары маңызды. Сонымен қатар өлеңдерін жолдайтын кісілер де кездеседі. Мәселен, Шәркүл Сабаншықызы есімді апай бір топ өлеңдерін жолдапты. Өңіріміздің таулы аймағында, Майбұлақ ауылында бала күндері өткенін ерекше айтыпты. Тараз қаласы №13 орта мектептің мұғалімі Айнұр Мейірбекова да жүрегінен шыққан жырларын ұсынған екен. Еңбек ардагері Ханымкүл Төлегенқызының да өлеңде өзіндік өрнегі барын аңғардық. Аракідік редакцияға жас оқырмандарымыз да тырнақалды туындыларын ұсынып отырады. Оны да ескердік. Әрине, аталған өлеңдерді төрт аяғын тең басқан жорға жырлар дей алмаймыз. Дегенмен, «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...» деп хакім Абай айтқандай, олардың бірқатар өлеңдерін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Өскен жерім - Майбұлақ

Көктем шықса жайқалып шалғындары,

Жадырайды қуанып жанның бәрі.

Қырға шықсақ бидайық ырғалады,

Ерекше жаңбыр иісі, шаңның дәмі.

 

Бұлақ бойын жағалай бүлдіргені,

Өткізуші ек сол маңда күнді ілгері.

Шиесі, алма, өрік, доланасы,

Сағындырар біздерді бұл күндері.

 

Көзді тартып мұндалап қызғалдағы,

Қызғалдақтай құлпырып қыздар жағы.

Жігіттер де желпініп атқа мінген,

Орындалып олардың ізгі арманы.

 

Бәрі ыстық мұндағы сай, жыраның,

Саған деген құрметтен айнымадым.

Жас ұрпаққа ұсынып шуағыңды,

Көгере бер ауылым – Майбұлағым!

Анашым - асылым

Аяулы анам көңіліңді таба алдым ба,

Көңіліңнен шығып сені баға алдым ба?

Ұлдың орны бір бөлек түсінемін,

Анашым деп арқаңнан қаға алдым ба?

 

Көңіліңде сағыныш маздай беріп,

Менің ықыласымды аздай көріп.

Ұл балаңды іздеуші ең жаутаң қағып,

Балапанын іздеген қаздай болып.

 

Түсінемін анашым мұңдарыңды,

Қызда құнды, өмір де ұл да құнды.

Әбдіқадыр ұлыңды аңсауменен,

Өткіздіңіз кейінгі жылдарыңды.

 

Жүзден асып кетсең де қия алмаймын,

Сізді ойласам сағынышты тия алмаймын.

Анашым рухыңа тағзым етіп,

Жұма сайын дұғамды жиі арнаймын.

Еркіндігім елдігім!

Көк байрағымыз желбіреп,

Ет-жүрегіміз елжіреп.

Қуанған күнім есімде,

Азаттық таңы келді деп.

 

Шетелмен де келісті,

Атқарды ерлер көп істі.

Сырттағы қандас бауырлар,

Шұрқырасып көрісті.

 

Бұлағым да көрікті,

Құрағым да көрікті.

Бабалардың арманын,

Ұрпақтар бүгін көріпті.

 

Азаттық – бізге даңқ бұл,

Бақ жұлдызымыз жанып кіл.

Алақандай қазақты,

Төрткүл әлем танып тұр.

 

Бұрынғының қыздары қайда?

Бұрымы өрілетін қыздар қайда,

Қырық үйден жасалған ызғар қайда?

Ақ көйлек, қызыл бешпет, шашбауды да,

 

Жазылған деп ұққанбыз біз маңдайға.

Көркі деп әр ауылдың ұқсақ оны,

Сән емес пе қыздардың қыпша белі.

Олардың нәзік, нұрлы көңілдерін,

 

Теңеуге де болады құсқа әдемі.

Айналған бір-біріне қимас досқа,

Дала көңілі мекенге сыймас басқа.

Бозбалалар жүретін ат үстінде,

 

Тіл қата алмай күлім көз, қиғаш қасқа.

Мінгендері болсын деп тұлпар ұдай,

Жігітті де көп сынап, шын танымай.

Аққұба, сұлу жүзді, перизаттай,

Мақтадай үлбірген іңкәрім-ай!

Әкеге сағыныш

Тәлім беріп тектілікпен өсірдің,

Еркелетіп қатемді де кешірдің.

Енді болса бар құрметті жасар ем,

Жылжып кетті ескерусіз есіл күн.

 

Енді ондай тәтті күндер болмайды,

Қызыңыз тек сағынышты толғайды.

Сіз жайында естеліктер естісем,

Шын қуанып, ойлай берем сол жайлы.

 

Сізді іздеп сағынады жүрегім,

Сізге Алладан жақсылықты тіледім.

Ұрпақтарың өсе берсін орман боп,

Біргесің бізбен асқар тауым, тірегім!

Мен де өзімше әдемі

Күздің де бар мәнері,

Адам біткен ой алып.

Сен де өзіңше әдемі,

Сары алтынға боянып.

 

Мен қартайсам, ей Адам!

Мен де өзімше әдемі.

Қызық сәттер, қиял, ән,

Әдемілік әлемі.

 

Бетімді әжім торласа.

Уақыттың пәрмені.

Дірілдесе жапырақ,

Табиғаттың өрнегі.

 

Қашсаң да қуып жетпейтін

Айналып сенен өтпейтін

Адамның бар ма амалы,

Жастық шақты тежейтін.

 

Өкінбеймін өмірге,

Ескерілді еңбегім.

Сый құрметке бөленіп,

Сіздермен бірге жүргенім.

 

Алланың маған бергені,

Көңілім өсіп ән салып.

Жылдың жақсы келгені,

Жүрейік нұрды қарсы алып.