Еңбек адамы

Кешегі шопан – бүгінгі төраға

Еңбек еткен адамның қай кезде де еңсесі биік. Жұмыстың жаманы жоқ. Көзін тапсаң барлық саладан береке тауып, озаттар қатарынан көрінуге болады. Бақ кейде ел басқарған даралардың маңдайына жазылса, кейде қарапайым жұмысшының да жұлдызы жануы мүмкін. Қай деңгейде жүрсе де адамның бірінші ұстанымы адалдық болғаны жөн. Өмірінде адал еңбегімен еленген азаматтың бірі – еңбек озаты Төлеухан Молдабаев.

Төлеухан жоғары оқу орнында білім алуды аса қалаған жоқ. Тамырын ауылдан үзбей еңбекке араласқысы келді. Мектеп бітірген соң бір жыл жұмысшы болып, сосын әскерге барып келді. Әскерге барар алдында көлік жүргізуші курсын оқып, куәлік алғаны бар. Ол кезде Отан алдындағы борышыңды өтеу бір жағынан мақтаныш, екінші жағынан парыз болатын. Қазіргідей емес, жігіттер әскер қатарына баруға өздері құлшынып тұратын.

Әскерден келген соң ұжымшарда бір жыл жанармай автомашинасын жүргізіп, еңбекке бел шеше кірісті. Көлік жүргізуге де қабілеті жоғары болғанымен, мал шаруашылығынан да алыс емес еді. 21 жасында шаңырақ көтеріп, жұбайы Ділдакүл Айтқожаева екеуі малға шықты. Әуелі екі жыл тоқты бағып, тәжірибе жинады. Себебі, мал төлдету – аса жауапты науқан. Оған біраз пісіп, мал шаруашылығының қыр-сырын біліп барып тәуекел ету қажет. Екі жылдан соң аға шопан атанды. «Елібай сарай» деп аталатын қоныста мал төлдетті. Малшыға міндеттелетін мың сан тірлікті басынан кешті. Қой болғанда бұл кісінің баққаны меринос қой. Қозылары да кінәмшіл. Қаракөл қойдың қозысы сияқты туылған соң, он минутта ширап, орнынан тұрып кетпейді. Мал төлдету – ең ауыр науқан. Оған малшының малшысы шыдайды. Оны осы салада еңбек еткеннің барлығы біледі. Бірақ Төлеухан шопандық жұмыстың ауырлығына шыдады, қиындығына төзді. Шіліңгір шілдеде маңдайын күнге күйдіріп, ақпанның суығында арқасын аязға тосты.

1987 жылы әр жүз саулықтан 120 қозыдан төл беріп, озаттар қатарынан көрінгені бар. Сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Халел Бейсеевтің қолынан «Урал» мотоциклін сыйлыққа алып, мерейі бір өскен еді. Иә, 28 жасында мал төлдетуде биік межеден көрініп, мотоцикл мінгені әлі күнге есінен кетпейді. Ал 1991 жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Аманкелді Кәрентаевтың қолынан «Жигули» автокөлігінің кілтін алғаны үлкен қуаныш болған. Ол осынау құрметке әр жүз саулыққа 140 қозыдан төл бергені үшін лайық болған еді. Меринос қойды төлдетіп, ондай көрсеткішке жету шын мәнінде үлкен жеңіс дер едік.

Осылайша, ол аға шопан ретінде нағыз еңбектің биігінен көрінді. Сонда тек Төлеуханның өзі бір жылда даланы мыңға жуық төлге толтырып отырған. Бұл малды өз төлінен өсіруге қосылған қомақты үлес. Сол жетістіктің барлығы, көз ілмейтін қырағылықпен, жауапкершілікпен, ерен еңбекпен келеді. Оны біреу түсінсе, біреу түсінбейді. Түсінгендер Төлеуханға деген ризашылығынан айныған емес. Осылайша, 15 жыл малшы болған бұл азамат төскейді төлге толтырды. Үлкен-кішінің алғысы мен құрметке бөленді. Сонау 90-жылдардың соңында кеңшарлар мен ұшымшарлар тарап, әр еңбеккер өзінің пай үлесін ала бастады. Сол уақытта Төлеухан Жұпарбайұлы ойлана келе шаруа қожалығын құруға бел байлады. Себебі, нарықтық бағытта жаңа заманның туып келе жатқанын сезген еді.

2000 жылдан «Жұпарбай» шаруа қожалығының төрағасы. Өзі ұзақ жыл малмен отырған «Елібай сарай» мұның пай үлесіне тиген болатын. Бұрынғы қонысында отыр. Бірақ кеше 700 қойдың амандығына, төлдеуіне жауап беретін аға шопан болса, қазіргі таңда өзінің жеке кәсібін өркендеткен шаруа қожалық басшысы. Әр шаруа қожалықтың даму жолы әртүрлі. Біреуі тек мал шаруашылығын қолға алса, екіншісі егіншіліктен береке табады. Үшіншісі саудаға бейім болады. Ал бұл шаруа қожалықта солардың барлығы да бар. Қожалықта 65 гектар жайылымдық, 3 гектар суармалы жер бар. 60 жылқы, 40 сиыр, 500 қой өрістің сәніне айналған. Жылына 10 жылқы, 3 бұқа, 100 қой бордақыланып, етті қажет еткен сауда орындарына сатылып келеді. Одан түсетін табыс та жаман емес.

«Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» деп бекер айтылмаса керек. Бұрынырақта «Асық ойнаған азар, бәрінен де қой бағып, құйрық-май жеген озар» деп айтылушы еді. Сол сөзде негіз бар. Қой өсірумен мықтап айналысуға бет алған шаруа қожалық қазіргі таңда бірқатар табысқа жетіп те отыр. Барлығы өзінің жаңа заманның бет алысын бағдарлай білуінің арқасы. Қожалықта 3 трактор,1 комбайн бар. Техникалары 70 пайыз жаңа. Шөп тайлағыш, қора тазалайтын техникалары бар. 5 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр. Маусымдық кездерде 10 жұмысшыға дейін бұл шаруа қожалықта еңбек етеді. Механизаторлар Төлеген Күнтубаев, ағайынды Базархан, Батырхан Тұяқбаевтар, жұмысшы Төлеген Молдабаев, Бақытжан Жұпарбайұлы еңбек көркін қыздыруда.

Төлеухан Молдабаев 2024 жылы Астана қаласында тұңғыш рет өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің республикалық форумына делегат ретінде қатысып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан Алғыс хат алғаны – ерекше қуанышты сәт.

Отанасы Ділдакүл Айтқожаева туралы жоғарыда да айттық. Ол Төлеухан екеуі 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп отырған үлгілі шаңырақ. Ділдакүл – «Алтын алқа» иегері.

Кәсіпкерлік дегеннен шығады, жақында үшінші ұл Ерасыл шаңырақ көтеріп, бір қуантыпты. Сол Ерасыл әкесіне шетелдік жол талғамайтын қымбат көлік сыйлап тағы мерейін өсіріпті. Кеше ғана «Жигулимен» жүрген жолдарда енді Төлеухан қымбат көлікпен жүйткиді. «Балаң жақсы болса, жердің үсті жақсы» деген осы. Бұл туралы Ақсу ауылдық округінің әкімі Айдар Айтбайдың да айтары аз емес.

Бұлар қоныстың басына бес бөлмелі үй тұрғызған. Ол еңселі үйдің де талай күш, талай еңбекпен салынғаны анық. Ол жерде де бірлік пен ынтымақты көруге болады. Кәдімгі орталықтағы үйлерден еш кемдігі жоқ. Тракторлары арнайы жабық орынға қойылған. Жаңа үлгімен салынған қораларда бордақыланып жатқан қойлардың қоңы жақсы. Қоныстың айналасында жылқылар жайылып жүр. Қыраттар малымен көрікті.

Шаруа қожалықтың қора жайларын, бәрін аралап көрдік. Моторлы құдық арқылы су алынады. Мал қораларды тазалау жұмыстары күн сайын жүреді. Жем-шөп қоймасында малдың қысқы азығы жеткілікті түрде жиналған. Берекелі отбасының айрандай ұйыған ынтымағы да көңіл аудартады. Бұл әулетте әкенің сөзі – өнеге, ананың сөзі – тағылым. Әкенің әр балаға берген тапсырмасы талқыланбайды, сол сәтте орындалады. Бұл – әкенің бақыты. Біз аталған шаруа қожалықтың алдағы жылдары да көгеріп, көктеп, өркен жая береріне сендік. Себебі, мұнда барлығы нақты жоспармен жасалған, қожалықтың іргетасы берік құрылған.

Адалдық пен қажырлы еңбекті ту еткен шаруашылықтың болашағы жарқын. Ертеңге деген сенімді Төлеуханның әр баласының жүзінен байқадық. Сенім бар жерде, әрқашан оң нәтиже бар.

 

Есет ДОСАЛЫ