Күн сайын кемі үш ота жасайды
Қаламызда ми қан тамырларының сирек патологиясына ірі ота түрі жиі жасалады. Ота сәтті өтіп, науқас елде кездесе бермейтін аурудан сәтті емделіп шықты. Оны жас болса да бас болған білікті әрі білімді дәрігер тамырлы нейрохирург Еркебұлан Меркібеков жасады. Ол қалалық көпбейінді ауруханасының нейрохирургиялық бөлімшесінде жұмыс істейді.
Нейрохирургия – клиникалық медицинаның шеткі және орталық жүйке жүйесінің ауруларының себептерін анықтап, оларды хирургиялық жолмен емдейтін және диагностикасын қоятын саласы. Озық маман Еркебұлан Талғатұлының 10 жылдық тәжірибесі бар дәрігер. Ол күн сайын кемі үш ота жасайды. Жалпы алғанда 3000-нан аса күрделі ота жасаған.
Асықпай байыппен сөйлейтін дәрігер шын мәнінде нағыз төзімнің, сабырдың иесі екен. Қойған сұрақтарымызға жай ғана сөйлеп жауап беріп отырды. Еркебұлан «Денсаулық сақтау саласына үлес қосқаны үшін» Алғыс хатпен марапатталған.
Тәннің жарақатынан жанның жарақаты қиын. Сөз жақсы, бірақ жақсы сөз одан да жақсы. Ибн Сина «Дәрігердің үш қаруы болады. Өткір пышағы, жылы сөзі, шөп. Үшеуін де қолданған дәрігер нағыз ақ халатты абзал жан» деген екен. Осылардың ішінде жылы сөзді көп қолданатын дәрігер – науқасқа жанашыр, адал дәрігер .
Эльмира БАЙНАЗАРОВА