Ет те көп, сүт те көп
Ауыл шаруашылығы саласына соңғы жылдары елеулі көңіл бөлінуде. Соның ішінде елімізде аграрлық сектордың тиімділігін арттыру жолында машина-трактор паркін жаңғырту жұмыстарын барынша қолға алуда. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы саланың әлеуетін арттыру мақсатында техниканы жаңарту және өндіріс процесіне заманауи технологияларды енгізуге бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын кезең-кезеңімен кеңейтіп келеді.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы, мемлекеттік астық, тұқым және техникалық инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Балаби Сабырдың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында өсім бар. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 485,4 миллиард теңгені құраған. Ал ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 640 мың гектарға жетіп, ол алқаптан 3,3 миллион тонна өнім жиналған. Оның ішінде 283 мың тонна масақты дәнді дақылдар, 31,3 мың тонна майлы дақылдар, 1,3 миллион тонна көкөніс, 207 мың тонна картоп, 389 мың тонна бақша дақылдары бар. Қант қызылшасы алқабы толық жиналып, 221 мың тонна өнім алынып отыр.
Бүгінгі күні егіс алқаптарынан жиналған өнімнің 451,6 мың тоннасы қоймаларда сақталуда. Оның ішінде 436,9 мың тонна пияз, 1,8 мың тонна картоп, 540 тонна сәбіз, 12,1 мың тонна басқа да өнім түрлері бар. Жиналған өнімнің 888,7 мың тоннасы Ресей, Қырғыз, Пәкістан, Өзбекстан, Әзербайжан мемлекеттеріне экспортталған. Оның ішінде 410 мың тонна пияз бар. Осынша өнімнің жиналуына соңғы жылдары техника паркінің жаңаруы да оң септігін тигізіп отырғаны анық.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкімет пен барлық мемлекеттік органдарға бизнес пен ауыл шаруашылығы саласына дұрыс көңіл бөліп, олармен үйлесімді жұмыс жүргізуді, болашағы зор жобаларға қаржы салатын кәсіпкерлер мен инвесторларға қолдау көрсетуді қатаң тапсырғаны белгілі. Президент тапсырмасы облысымызда да жауапкершілікпен орындалуда. Мәселен, өңірімізде «Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасын (Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату) іске асыруға былтыр республикалық бюджеттен 8 миллиард теңге қарастырылып, 13 жоба қаржыландырылған. Ал 2019-2023 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы 42,2 миллиард теңге бөлініп, 8 мыңға жуық жоба несиелендірілді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ