Beeline-ға ісің түссе, үш күн сандаласың
Жаңа жыл кіргелі бәрі қымбаттады. Коммуналдық төлемдер, азық-түлік, ет, пәтерақы, баспана бағалары, қызмет көрсету саласы... Тіпті ұялы байланыс тарифтері тізгінсіз шарықтады. Желтоқсанның басында-ақ қазақстандықтар жаңа жылдан бастап ұялы байланыс тарифінің көтерілетіндігі жайлы хабарлама алып үлгерген болатын. Осылайша 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүкіл ұялы байланыс тарифтері 3000 мен 5000 теңге арасында шарықтап кетті. Мәселен, үй-ішімізбен қолданатын beeline-ның «Үйдегі интернет» деп аталатын тарифі. Бұған 5 адамға дейін қосылуға болады. Үйде болсаңыз да, түзде жүрсеңіз де интернет желісі 30 күн бойы ұстап тұрады. Бұрынғы бағасы 14990 теңге болатын. Жаңа жылдан бері 17990 теңге төлейміз. Тек Beeline емес, Kcell, Activ, Теле 2 секілді көптеген байланыс операторлары да бағаны бірден көтеріп жіберді.
Ал баға қымбаттағанмен интернет сапасы нашар. Ел азаматтарының айтуынша, ай соңында интернет істен шығып, мазаны қашырады. Тура осылай бес адамға қосылған интернет айдың соңында істемей біз де екі айдай қиналдық. Мерекеден соң Қазыбек би көшесіндегі Beeline орталығына барып мәнжайды анықтадық. Сөйтсек үш күн қатарынан кемінде 300 адамнан қабылдап отыр екен. Алғашқы күні кезектің көптігінен кіре алмай кеттік. Келесі күні ертерек сағат 8.00-ден келгеннің өзінде алдымызда тарифке шағым айтып келген он адам бар екен. Ішке кірісімен ашулы тұрғындар айқайға басты.
Сонымен, бұл жағымсыз үрдістің себебі не, тариф бағасы неге көтерілді? Біз Beeline орталығынан сұрап көрдік. Олардың айтуынша, бұл өзгерістер Қазақстанның заңнамасына сәйкес жүзеге асып жатыр, абоненттерге алдын ала SMS хабарламалар жіберілген дейді. Егер бұл компанияның шарттары ұнамаған жағдайда қызметінен бас тартуға болатындығын айтып өтті. Иә, мәдениетті түрде «біз ешкімді қинап кіргізген жоқпыз, қызметіміз ұнамаса басқа да ұялы байланыс операторларына өтіңіздер» дегенге келтірді. Жақсысын, арзанын іздеп жүргенде ол жақта да тура осындай баға, осындай сервис, осындай сапа. Қашанғы біреуінен шығып, келесісіне ауысып жүрмекпіз?! Біз басқа да ұялы байланыс операторларына хабарласып көрдік. Компаниялар ұялы байланыстың қымбаттауын экономикалық және стратегиялық себепке сүйейді. Айтуларынша, инфляция, тұтынушы санының артуы, материалдық базаны жаңарту талабы осы өзгеріске әкелген.
Онда желі жүктемесі, инфляция, АТжүйелері секілді мәселелер қаржы талап ететіні айтылған. Әсіресе теңгенің құнсыздануын аргумент есебінде пайдаланып, тіпті «соңғы бес жылда доллар шамамен 1,4 есе қымбаттады, бұл өз кезегінде шығындарға айтарлықтай әсер етеді» деп топшылаған.
Жасыратыны жоқ , Таразда санаулы ұялы байланыс операторы бар. Нарықта аты мен клиенттер базасы қалыптасып үлгерген тек 3 компания таныс. Ал қалғаны ше? Қалғаны дегеніміз, 400-ден астам коммуникациялық өнімге қатысты айтып отырмыз. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылдан бері Қазақстан аумағында тіркелген отандық байланыс операторларының жалпы саны – 422. Ал біздің білетініміз Beeline, Тele2, Altel, Kcell, Activ-тен әрі аспайды. Әлеуметтік желілерде жыр болған «Фридом телекомның» 1 теңгелік үйдегі интернетіне де хабарластық.
Бұл ауқымды үлкен қалаларда ғана бар екен. Таразға әлі келмепті. Үш ай көлемінде фридом телекомның роутерін 1 теңге төлеп қана қоясыз. Үш айдан соң бағасы бес мың, он мың теңге болып өзгереді. Баға үйдегі адам санына, қай тарифті таңдайтындығыңызға байланысты. Сапасын кім білсін? Сонымен тариф бағасы қашан ауыздықталады? Жәрдемақы мен зейнетақы сәл-пәл қосылып еді, жағаласып ұялы байланыс тарифтері негізсіз өсіп кетті. Өткен жолы Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов компаниялар тариф бағасын көтерудің негіздемесін Мәжіліс алдында қорғауы шарт деп есептейді. Бұл өзгеріс қашан жүзеге аспақ?
Эльмира БАЙНАЗАРОВА