Чучело Ербикегеқалай айналды?
Көпшілікке, әсіресе кеңестік кезеңнің балаларына танымал Владимир Железниковтың «Чучело» повесі ертеректе жазылса да, ондағы оқиға қазіргі балалар арасында өзекті мәселеге айналған буллинг туралы айтылады. Сонысымен де әрі шиеленіскен сюжетімен де оқырманға қызықты повесть енді қазақ тілді балалар үшін қолжетімді болды. Себебі жақында ғана осы туындыны тәжірибелі ұстаз Зеберкүл Шардарбекова «Ербике» деген атпен қазақ тіліне аударды. Бұл еңбекке қаржылай демеушілік жасаған Гауһар Қаппарова.
Орыстың әйгілі балалар жазушысының танымал туындысын қазақ тілінде сөйлетуге бастамашы болған жоба жетекшісі Майра Айжарықова балаларға білім беру саласында еңбек етіп, бүгінде балалар әдебиетінің жанашырына айналған ұстаз.
Орыс жазушысының туындысын қазақ тіліне аударып қана қоймай, қазақ оқырмандарына түсінікті әрі тіл көркемдігін, оқиғаны дәл беру ұтқырлығын сақтап жазған Зеберкүл Шардарбекова «Чучело» деген атауды қазақылаудың өзі біраз ойландырғанын айтты.
Халқымызда «Таспен атқанды аспен ат» дегенде, қатыгездікті мейіріммен жеңуге үндесе керек. Оқырманды көркем тілімен, оқиғаны ұтқыр беруімен қызықтыра отырып, мағынасымен терең тәлім беретін қазақ тіліндегі жаңа аударма кітапсүйер оқырман үшін қолжетімді, яғни сатылымға шықты.
Қамар ҚАРАСАЕВА