Өмір жолы өшпес өнеге
Қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлері ұрпақтан-ұрпаққа берілу арқылы бүгінгі күнге жеткен мол мұра. Бұл мұраның басты құрамдас бөлігі – отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбие. Отбасы – адамның алғашқы әлеуметтік ортасы, ол ұрпақтың жеке тұлғалық қалыптасуының негізі. Ұлттық тәрбие – өз кезегінде, осы құндылықтар мен дәстүрлерді ұрпаққа жеткізу міндетін атқарады. Бүгінгі күні әсіресе, жаһанданудың әсерінен ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтарының маңызы бұрынғыдан да арта түсті.
Әрбір әулеттің тарихында елге үлгі, ұрпаққа өнеге болатын асыл жандар болады. Сол асылдардың бірі – біздің атамыз, соғыс ардагері, облысқа қарасты Жуалы ауданындағы Рысбек батыр ауылының тумасы Анарбек Ауғамбаев. Оның ғұмыр жолы – ерлікке, еңбексүйгіштікке, адамгершілікке, өнерге толы тағылымды өмір. Бүгінгі мидалада атамыздың майдандағы ерлігі, соғыстан кейінгі ел еңсесін көтерудегі еңбегі, отбасындағы тәлім-тәрбиесі, ауылға сіңірген қызметі мен бүгінгі ұрпағына қалдырған рухани мұрасы орасан. Анарбек атамыз Ұлы Отан соғысының от-жалынын көрген, қан майданда елін, жерін қорғаған ардагер.
Жас ғұмырын жалмаған сұрапыл соғыс оны да ерте есейтті. Майдан даласында Отан үшін от кешті, жаумен бетпе-бет келді. Аштық пен суықты, ажалмен арпалысты бастан өткерді. Соғысты Германия жерінде аяқтауы – оның жауынгерлік жолының айғағы. Сол қиын жылдары атамыз тек қарумен емес, рухымен де күресті. Ол елге, болашаққа деген сенімін жоғалтпады. Жеңістің тәтті дәмін сезген соң, Германиядан патефон алып келуі – сол қиын жылдардан кейін халыққа қуаныш сыйлауды ойлаған жүрегінің кеңдігін көрсетеді.
Бұл патефон кейін ауыл өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналды. Атамыз алып келген патефон ауыл үшін үлкен жаңалық болды. Ол кезде мұндай музыкалық құрал екінің бірінің қолында жоқ еді. Ауылда той-думан, мереке, басқосулар атамыздың патефонынсыз өтпейтін. Ән шырқалып, күй төгілгенде, ауыл адамдарының жүзінен қуаныш байқалатын. Патефон тек музыка құралы емес, ауыл мәдениетін көтерген үлкен күшке айналды. Сол патефонның арқасында ауыл жастары әнге, өнерге жақын болып өсті. Бұл – атамыздың рухани саладағы еңбегінің бір көрінісі. Бейбіт өмірге оралған соң атамыз Пістекүл апамызбен шаңырақ көтеріп, тату-тәтті, берекелі отбасының иесі атанды. Бұл шаңырақтан 3 қыз, 3 ұл дүниеге келді. Атамыз бен апамыз балаларына адал еңбек етуді, үлкенді сыйлауды, өнерді қадірлеуді үйретті. Отбасында әрдайым ән мен күй, шаттық пен бірлік салтанат құрды. Пістекүл апамыз – атамыздың өмірлік серігі ғана емес, оның барлық ісіне тірек, ақылшы болған жан. Балаларына мейірімін төгіп, тәрбиелі, өнерлі болып өсуіне зор ықпал етті. Осындай тату отбасының жылуы кейін немере-шөберелерге жалғасты.
Атамыздың балалары – Шарипа, Қалипа, Бахытша, Ноянбек, Ниязбек, Уранбек – барлығы да әнге, музыкаға жақын болып өсті. Олар түрлі музыкалық аспаптарда ойнап, өнерге деген сүйіспеншілігін көрсетті. Бұл – атамыздың өнерді қадірлегенінің, балаларына дұрыс тәрбие бергенінің жемісі. Әсіресе Қалипа әпкеміз ерекше дараланды. Ол аудандық «Қызғалдақ» ансамблінде ән айтып, домбырамен өнер көрсетіп, Ресей, Болгария, Чехословакия елдерінде қазақ өнерін дәріптеді.
Дауысы ерекше әпкеміздің сахнада өнер көрсеткені үшін 1972 жылы КСРО-ның, 1973 жылы Қаз ССР-нің лауреаты атағы беріледі. Бұл – бір ғана отбасының емес, тұтас ауылдың, елдің мерейі. Әпкеміз Түркістан облысы Түлкібас ауданы Абай ауылының келіні, қазір ардақты ана, немере-шөбере сүйген әже. Атамыз кино арқылы халыққа рухани демалыс сыйлаған жан. Ол кісінің мәдениетке сіңірген еңбегі мұнымен де шектелмейді. Ол ауыл клубында кино қоятын. Атарбаға кино аппаратын тиеп алып, қойшы ауылдарды да аралап, халыққа кино көрсетіп, рухани демалыс сыйлады. Бұл сол заман үшін үлкен жаңалық, ерекше мәдени оқиға еді. Кино көрген ауыл балалары мен үлкендері атамызға риза болып, алғысын жаудыратын. Осылайша ауыл мәдениетінің дамуына зор үлес қосты.
Ауыл балаларына ерекше көңіл бөлді. Есік алдына балалар жинала қалса, оларға сапқа тұрғызуды, дұрыс жүруді, сапта жүріп ән айтуды үйрететін. Бұл – оның әскери тәртіп пен өнерді ұштастыра білгенінің белгісі. Балалар да ауыл ардагерін ерекше құрметтеп, айтқанын екі етпейтін. Ол үшін әр бала – елдің ертеңі. Сондықтан да ол жас ұрпақтың тәрбиесіне бейжай қарамады. Соғыстан кейінгі жылдары атамыз ауылдың дамуына да бар күшін салды. Әсіресе ауылдың жоғары жағындағы «Мақау қыстақ» атанған бөлігіне тас жол төселуіне елеулі үлес қосты. Бұл жол ауыл халқының тұрмысын жеңілдетіп, екі арадағы жол қатынасын жақсартты. Сондай-ақ атамыздың іскерлігінің арқасында есік алдына қазылған құдықтан бүкіл Мақау қыстақтағы әр отбасы тәтті су ішті. Бұл – сол кездегі ауыл үшін айтарлықтай игілік еді.
Әрдайым тынбай еңбек ететін атамыз нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат еді. Ол кісі ағаш ұстасы, темір ұстасы ретінде де елге қызмет етті. Өз қолымен жасаған сандықтары мен шкафтары сол кездегі әрбір отбасынан орын алды. Бұл бұйымдар тек тұрмыстық зат емес, шеберліктің нәтижесі. Соғыстан кейін ер азаматынан айырылған отбасыларға атамыз ерекше қамқор болды. Ол өз есебінен колхоздан қой, ұн жаздырып, мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіп отырды. Бұл – оның адамгершілігінің, кең пейілінің дәлелі.
Колхозда жыл он екі ай механизатор, комбайн да жүргізді. Қара жұмыстан қашпай, ел игілігі үшін тер төкті. Бірде сол кездегі ел басшысы Дінмұхамед Қонаев ауылды аралап келген сапарында қара майға малынып жұмыс істеп жүрген атамызбен қол алысып амандасқаны – оның еңбегіне берілген үлкен баға. Бүгінде атамыздан тараған ұлқыздары – әр отбасының атасы мен әжесі, немере-шөбере сүйіп отырған ардақты жандар. Атамыздың өнегелі өмірі, адал еңбегі, өнерге деген сүйіспеншілігі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Оның есімі – ел жадында, жасаған ісі – тарихта, қалдырған тәрбиесі – жүректерде. Біз атамызды мақтан тұтамыз, оның өмір жолын үлгі етеміз. Анарбек Ауғамбаев атамыздың ғұмыры – бір адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі.
Соғыстың зардабын көріп, елге оралып, бейбіт өмірде де тыным таппай еңбек еткен, өнерді өркендеткен, ауылды көркейткен, адамға жанашыр болған тұлға. Осындай атамыз барда біз ұрпақтары, немере-шөберелері өз тамырымызды, тарихымызды, рухымызды ұмытпаймыз. Атамыздың рухы – бізге мәңгілік бағдар, өмір жолы – ұрпаққа өшпес өнеге.
Гаухар СПАТОВА
келіні
Астана қаласы