Жапырақтар оқитындай бізге өлең
Айы, жылы, күні есімде жоқ, ал өлең деген жыр-сапарға ақ жол тілеген ағаларының алғы сөзі мен жанға жылы жырларының облыстық газетте жарқ ете қалғаны анық есімде. Жырына да, суретіне де сұқтана үңілгем. Көзі ботаның көзіндей екен. Жүзі де реңді. Құдай сол әдемі жүзіне қосып, жүрегіне өлең деген жыр-құсын қондыра сапты.
Біз ол кезде ақын болудың, жазушы атанудың азабын білмейтін жаспыз. Әсіресе әйел баласына, он екіде бір гүлі ашылмаған нәркес жанарлы қыздарға қиын екен. Көлдегі аққуға сұқтанған мергендей ақын қыздарға да сұқтанушылар жетіп артылады. Сол сұқ көздер сұлқ түсірді ме, кейін Тұрсынкүл әдебиет әлемінен көрінбей кетті. Әдебиет әлемі деген таланттарға келгенде тар ма, тарпаң ба, әйтеуір Тұрсынкүлдің жырлары кітап болып шықпады. Жыр кештері өтпеді. Облыстық, республикалық газеттер мен журналдардан жырлары жиі көрінбеді.
Қысқасы, ең алғашқы ақ жол тілеген ағаларының сөзі мен өзінің төлбасы туындылары ғана есімде қалды. Тоқсаныншы жылдардың соңы ма, екі мыңыншы жылдардың басы ма, журналист досым Мейрамбек Сатыбалды екеуіміз бір күні оныншы шағынауданға бір жағы тиіп тұратын «Қайқармет» деген базарда «жөргем» іздеп жүргенбіз. «Жөргем» іздеп жүргеніміз мұндай жақсы болар ма, анандай жерде онымұны сатып тұрған Тұрсынкүлді жазбай таныдым. Баяғы жырымен бірге газетке шыққан суретіндегі күлімдеп тұратын бота көзі жадымда жатталып қалыпты.
Мүсініңді сомдап арман қиялдан,
Жан жоқ шығар сені мендей сүйе алған.
Кірпігіме нәркес мұңды қондырып,
«Сүйемін» деп айтуға да ұялғам.
Жолым, сірә, жіңішке еді қыз деген,
Жылдар бойы үмітімді үзбегем.
Қарсы алдымнан жолығардай алаңдап,
Көшелерден көзім талып іздегем.
Жапырақтар оқитындай бізге өлең,
Әр көктемде жолығардай Сізбенен.
Ұзатып сап жылдарымды үмітпен,
Жүріп келем жалғыз аяқ ізбенен...
Көктен іздегенім жерден табылғандай қуандым. Қайда жүргенін, ақын, жазушылар ауылынан неге жоқ болып кеткенін сұрап, бір жағынан өлеңді қойып кеткеніне өкінішімді де айтып жатырмын. Мейрамбек екеуі бір кездері Жамбыл ауданындағы «Шұғыла» газетінде қатар қызмет еткен бе, ол да әңгімемізге араласып, бірге шүйіркелесіп кетті. Сол күнгі қуанышымда шек болмады. Тапқаныма, өлеңге орал деп айта алғаныма. Бірақ тағы жоғалтып алдым. Бір аптадан соң ба қайта іздеп барсам, сауда жасайтын орнын тәрк етіп, кетіп қалыпты.
Сырғып өткен уақыт па?
Қол жеткенде арман болған бақытқа.
Шерлі көңіл, шерменде күй кештірдің,
Түскендеймін тамұқ отты табытқа.
Кінә кімнен... Сенен бе әлде, өзімнен?
Арпалыстым екі ұдай бір сезіммен.
Батты маған намысыма шоқ басып,
Зәр шашқаның көзіңнен.
Қалай үздік, Қос жүректің ән-жырын?
Тәрк етіп ұл-қызымның тағдырын.
Ібілістің ермегіне айналып,
Еніп кеттің құшағына малғұнның.
Мағынасыз өмірімнен мән қалып,
Мен отырмын тағдырыма таңғалып.
Көз жасына тұншықтырып жүректі,
Жалғыздықты таңдадық.
Facebook деген әлеуметтік желіге рақмет, үш-төрт жыл бұрын Тұрсынкүлді Facebook парақшасынан таптым. Парақшасынан өлеңдерін оқып, тағы қуанып қалдым. Содан бастап Тұрсынкүлдің оқырманына айналдым. Қақаған қыстан кейін аңсай күткен алтын күрек желінің жылы лебіндей жырлары жанымды рахатқа бөледі. Сол баяғы мен ұнатқан жырларын жоғалтпапты. Өмір есейткен, тағдыр талқысы қажытқан, тұрмыс тауқыметі күйзелткен ақын-ананың жырға айналған сырлары жүрегімді тербетті. Қолымнан келген көмегім сол, әр жырының астына жылы сөздерімді жазып отырдым. Ылғи. Сонау сексенінші жылдардан бері Тұрсынкүл не көрмеді? Жақсыны да, жаманды да, қашқынды да, сатқынды да, бәрін көрді. Барлық қиындық басынан өтті.
Суретің қалды естелік болып,
Сырласқан сәттер жадымда.
Отырмын үнсіз өткенді шолып,
Елессің сіңген сағымға.
Ұшырып кетті уақыттың желі,
Шуақты, нұрлы күндерді.
Отырам кейде сағынып сені,
Серік қып мұңды түндерді...
Жабығып көңілім жетпей тұратын,
Мейірім бе әлде шөлдеткен?!
Аңсарым ауды-ау, қайда тұрағың?!
Таба алмай жүрмін жер-көктен.
Бірде, осыдан төрт жыл бұрын ғой деймін, сол кездегі облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Облыстағы ақын, жазушылардың кітаптарын шығарып беремін», – деді.
Бір емес, бақандай жиырма қаламгердің кітабын шығармақ. Аспаннан быламық жауғандай қуаныш қой. Есіме ең бірінші Тұрсынкүл Ентаева оралды. Осындай ұрымтал сәтте әлеуметтік желіні жыр-отауына айналдырып, көптеген оқырмандар жинаған, ақын, жазушылардың ортасынан шеттеп жүрген жаралы еліктей Тұрсынкүл Ентаеваның жырларын кітап қып шығарудың сәті түсті-ау деп ойладым. Облыс әкімі қаламгерлерді жинаған басқосуда: «Облысымызда Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданбаған таланттар да бар, солардың бірі – Тұрсынкүл Ентаева. Сол талантты ақынның кітабын шығарып берсек, көңілі көтеріліп, риза болып қалар еді», – дегем.
Еһ... Бірақ бір кісі менің сөзімнен кейін: «Тұрсынкүлді білеміз, баяғыда ақын, жазушылардың семинарына барғанбыз», – деп бастап, білгішсініп кетті. Мен ол жиында Тұрсынкүлді ешкім білмейді деген жоқ едім. «Сондай ақын қыз бар, сол ортамыздан шеттеп қалды, әкім өзі тікелей бастама көтеріп, шығарып бермек болып отырған иен тегін байлықтың игілігін Ентаева да көрсін. Жазушылар одағының «ақын» деген куәлігінсіз де ақын атанып жүрген талантты Тұрсынкүлдің де жырларын кітап қып шығарып берейік», – деген үміт үні еді. Бірақ ана кісі «Дұрыс айтып отырсың, оның да кітабын шығарып беру керек», – деудің орнына, айдалаға лағып кетті. Сөзінің соңы «су аяғы – құрдым» дегендей, құмға сіңген судай ізім-қайым боп кетті. Мен болсам ызадан жарыла жаздап, үндемей отырдым да қалдым. Сөз таластырсам, тағы да «кім жаман, бәленше жаман боп» шығарым даусыз.
Сонда да Тұрсынкүлге Facebook-тің «сообщениесі» арқылы хабарласып «кітабыңды қостыруға тырысамын, жырларыңды дайындай» бер дедім. Тұрсынкүл дайындап әкелді. Бірақ осы «бірақ» деген сөз жаман, облыс әкімдігінің аппарат жетекшісі төраға болған комиссия Тұрынкүлдің жырларын ақыры кітап қып шығармай қойды. Тізімге ілікпеді. Жиырма ақын, жазушының арасынан Тұрсынкүл ғана аспаннан жауған быламықтан ауыз тие алмады. Көңілім қатты құлазып кетті. «О, Құдай, Тұрсынкүлге келгенде неге сараңсың» деп көктегі Құдайға өкпеледім. Бірақ Тұрсынкүл ренішін білдірмеді. Сыры мен жырын, сағынышы мен жұбанышын, мұңы мен өкінішін Facebook дейтін «кітабына» көз жасындай, бәлкім таңғы шықтай, мөлдіретіп төге берді, төге берді...
Сүйесің бе, сүймейсің бе өзің біл,
Семіп қалды мендегі әсем, сезім гүл.
Ешкім әлі толық зерттеп бітпеген,
Толқыны асау, тарпаң мінез өмір бұл.
Қол ұстасып араладық бақтарын,
Ұмытарсың қалай нұрлы шақтарын.
Бақыт бізге айқара есік ашқанда,
Арды қорлап, намысымды таптадың.
Күйіп-жанған менің сорлы жаным шоқ,
У тіліңнің аямай ақ зәрін төк.
Қалсын көңілім, шыққан жанмен тең болып,
Енді қалған өмірімде мәнің жоқ...
Көз жасыңды енді босқа бұлама,
Тұрмыз қазір жар басында құлама.
Кешсін Алла, кешірімді еді ғой,
Менен ешбір кешірім де сұрама.
Өксіп қалған, өшіп қалған алау от,
Өткен айға, өткен күнге салауат.
Бітпей қалған мелодрама лентасын,
Есімізге ап, қалды бізге қарау-ақ.
«Ақын, жазушылардың бәрі әкімдерден үй сұрайды, кітабымды шығарып бер, мерейтойымды өткізіп бер дейді, оларға қолы жетсе, атақ пен орден, медаль дәметеді» деп Facebook блогерлері жазып жатыр. Рас, ондай сұрамшақтар бар. «Жасанды интеллект» сияқты «жасанды жазушы», «алаяқ ақындардан» да құралақан емеспіз. Бірақ, Құдай куә, Тұрсынкүл ондайлардың қатарынан емес. Аспанда Құдай жалғыз болғанда, ақындар ортасында Тұрсынкүл жалғыз. Тұрсынкүл дара. Ол да бір, «қайда барсам да Қорқыттың көрі» деп, теңіздің ортасына қайықпен жүзіп барып, қобызын сарнатып отырып алған Қорқыт та бір.
Ескі сурет, естеліктер шашылып,
Жатыр менің көзіме оттай басылып.
Өткен өмір көз алдымда көлбеді,
Сан бояулы дарбазасы ашылып.
Бұл суретте әкем, анам, бауырым,
Қозы баққан, қой қайырған ауылым.
Сағыныштан сартап болған суреттен,
Сезіледі ауыр мұң.
Мына жерде жүрек сырын жасырып,
Бүршік жарған бала сезім, жас үміт.
Мына жерде асқақ биік арманға,
Құлашымды жайған шағым асығып.
Мына сурет, мына бір жер есте ме?
Ән салушы ек ертеде де, кеште де.
Дала гүлін жиып әкеп ұсындың,
Өмірім де ұқсаушы еді дестеге.
Мына жерде ақ босаға аттағам,
Мына жерде келін ем ел мақтаған.
Ана болған мына сәтті қарашы Иба менен инабатты сақтаған.
Мына жерде селкеу түсіп сенімге,
Мұң қонақтап көңілімнің төріне.
Намысыма түскен шоқтан ширығып,
Қайрат жиған кезім екен менің де.
Өлермен ем, күн кешем деп өлместен,
Қиындықпен қия белде белдескем.
Қалай сүйгем?!.
Таңғаламын кейде мен,
Сендегі бар кемшілікті көрместен.
Мына сурет... көзімде жас боталап,
Жүрген кез-ау мейірімге қаталап.
Саусақтарын қаншама рет күйдірді,
Мендегі асау, аңғал жүрек шақалақ.
Жамай берем көңілге енді несін мұң,
Жан дүниең, жатқа айналған... есімің.
Жалған өтер, жаным дауа тапсын деп,
Барлығына жасап тұрмын кешірім.
Мына сурет менің нағыз жеңісім,
Жас дарағым берген балдай жемісін.
Мендегі ұлы махаббатың шегі жоқ,
Орап алар мына жұмыр жер үстін.
Тұрсынкүлдің өмір бойы жазған жыр кітабы жуан болса да, жіңішке болса да, ол аты үлкен әріппен жазылатын ақын. Абайдың да кітабы том-том боп текшеленіп тұрған жоқ. Өлеңдері мен қара сөздерін қосқанда бір кітап қана болады. Сондықтан Тұрсынкүлді жыл аралатып кітап шығарып жатпаса да, орден мен медаль тақпаса да, атақты ақын деп санаймын.
Қыздар едік қыр гүліндей майдағы,
Жүзіңізден нұр төгіліп жайдары.
Сіз келгенде көне Тараз ән салып,
Көңілімнің желбірейтін байрағы.
Үлгі тұтар асылым ең ардағым,
Шомылдырар мейірімге жан-жағын.
Өмір көшің бағыт бұрып бақиға,
Тастап кеттің сағыныштың салмағын.
Бұл пәниден көшер бәрі, қалмақ кім...
Аллам Сізге төрін берсін Жәннаттың.
Тіршілікте өлеңмен хат жазбап ем,
Аяулы әпкем, азалы жыр арнаттың.
Ақын Күләш Ахметова өмірден өткен кездегі өкініші ғой.
Тұрсынкүлдің жаны жас, жүрегі жас, жырлары да жас баладай. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді». Ол менің жүрегімде баяғы сексенінші жылдардың басында-ақ апасы ақын Күләш Ахметовамен бірге түскен суретіндей әлі құлпырып тұр.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ
жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты