Әлеумет

Ерлік пен өрлікке баулитын білім ордасы

Кез келген жігіт үшін әскер – ең әуелі өмірлік тәрбие мектебі екені сөзсіз. Ал қолына қару ұстап, ант берген әрбір жауынгер ел мен жерді сүюдің, патриотизм мен рухани адамгершілік құндылықтардың үлгісін көрсетуге тиіс. Демек, мұның бәрі әскери-патриоттық тәрбиенің арқасында бойға дариды. Жалпы, баланың бойындағы ұлттық сезім, отансүйгіш қасиеттер мектеп жасында қалануы қажет. Бұл ретте «Жас сарбаз» секілді әскери-патриоттық қозғалыс сыныптары мен клубтарының маңызы зор. Мұнда жас жеткіншектеріміз ерте жастан әскери өмірдің қыр-сырына қанығып, темірдей тәртіпке дағдыланады. Бұдан бөлек даңқты қолбасшы, «Халық қаһарманы» Бауыржан Момышұлы атындағы мамандандырылған әскери мектеп-интернатта білім алу – үлкен өмірге психологиялық және физикалық тұрғыдан әзір болуға машықтандырады. Бірер күн бұрын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының ұйықты болуымен бір топ журналистер аталған білім ошағына барып, тыныс-тіршілігімен танысқан едік.

Естеріңізде болса, былтыр желтоқсан айының соңында өңірімізге жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы облыс орталығында жаңадан ашылған әскери мектеп-интернатқа арнайы барған еді.

«Мен бүгін Таразда жаңадан ашылған әскери мектеп-интернатқа бардым. Бұл – оңтүстік аймақтарда ашылған осындай алғашқы оқу орны. Мен мектеп-интернатқа осы өлкенің тумасы, әйгілі батырымыз Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынамын. Осындай Бауыржан мектептері барлық аймақта ашылуы керек. Үкімет бұл мәселені пысықтайды. Біз жас ұрпаққа сапалы білім беріп, оларды отаншылдыққа тәрбиелеуіміз қажет», – деген болатын ҚасымЖомарт Тоқаев.

Шын мәнінде, әскери-патриоттық тәрбие – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Өкінішке қарай, мектеп бағдарламасындағы «Алғашқы әскери дайындық пәні» қажеттіліктердің бәрін өтей алмасы тағы бар. Тіпті қазіргі таңда оқытылып жатқан осынау пәннің мазмұны көңіл көншітпейді. Басты кемшілік – мұғалімдердің тәжірибесінің жеткіліксіздігінде. Дәл осы себепті мамандар бұл бағдарламаны қайта сүзгіден өткізіп, кемшін тұстарын анықтағаны белгілі. Міне, осы тұста Жамбыл жерінде ашылған әскери мектеп-интернаттың орны бөлек. Әрине, өңірімізден бөлек республиканың өзге де облыстарынан келген оқушыларды мектеп бағдарламасымен қатар, әскери өмірге даярлау оңай шаруа емес. Денсаулығы ақаусыз, білімге құштар өрендерді иландыру үшін мұғалім мінсіз болуы шарт.

Білім ордасы директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Ұлжан Қожагельдиеваның айтуынша, мұнда «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған ұстаздар қауымы еңбек етеді. Ол өз сөзінде болашақ әскери мамандар үлкен жауапкершілікпен іріктелгенін, ал үміткерлерді сұрыптау екі кезеңнен тұрғанын атап өтті. – Өткен жылы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен мамандандырылған әскери мектеп-интернат құрылып, жарғысы бекітілді. Мұндағы оқыту бағыты – жаратылыстануматематикалық бағыт. Білім ошағы 320 орынға арналған. Мектеп-интернатта 39 оқу бөлмесі, 120 орындық асхана, 320 орындық жатақхана, 100 орындық мәжіліс залы, 1 спорт залы, 2 футбол алаңы, 1 саптық алаң, 1 STEM кабинеті, 1 робототехника кабинеті, 1 IT кабинеті бар.

Негізі мақсатымыз – оқушының бойына ұлттық рух пен патриоттық сана дарыта отырып, интеллектуалды әлеуеті жоғары, физикалық тұрғыдан дайын, жауапкершілік пен тәртіпті жете түсінетін, ел болашағына үлес қосуға әзір жас азаматты қалыптастыру. Заманауи білім беру мен әскери-патриоттық тәрбиені ұштастыра отырып, оқушыны тек білім иесі ғана емес, Отан қорғаушы, көшбасшы тұлға ретінде тәрбиелеуді мақсат еткен үлгілі әскери мектепке айналу. Оқушыларды қабылдау конкурстық негізде жүргізіледі. Оқуға түсу кезінде 12 жасқа толған, жалпы білім беру мекемесінің 6-сыныбын ойдағыдай бітірген, денсаулық жағдайы бойынша жарамды, кәсіби-психологиялық іріктеу және дене шынықтыру даярлығы талаптарына сай келетін ер азаматтар қабылданады. Мәселен, былтырғы жылы іріктеу кезеңін республикалық «Дарын» орталығы ұйымдастырды. Өткен жылдың 29 қыркүйегі мен 10 қазаны аралығында 500 кандидат оқуға түсуге өтініш білдірді.

Бүгінгі таңда 180 бала іріктеліп алынса, өзгелері резервте тұр. Жалпы, оқушылардың академиялық білімі ғана тексерілмей, физикалық дайындығына да жіті көңіл бөлінді. Сонымен қатар үміткерлердің денсаулығына медициналық сараптама да жүргізілді. Қысқаша айтқанда, оқушылар ең әуелі белгілі бір пәндерден емтихан тапсырады. Бұдан кейін спорттық дайындығы, денсаулығы, әскери оқуға бейімі, психикалық орнықтылығы тексеріледі. Біз іріктеуге үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Мемлекеттің алға қойып отырған тапсырмасын орындау үшін тек үздіктерді ғана іріктеп аламыз, – деді Ұлжан Алмасқызы. Айта кетейік, бүгінгі таңда мұнда Астана қаласы мен Маңғыстау облысынан келген жеткіншектер де білім алуда. Болашақта әскери мектептің түлектері Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Ғылым және жоғары білім министрлігінің жоғары оқу орындарында өз білімдерін жалғастыра алады. Біз өзінің жүрек қалауымен әскери саланы таңдаған Еркебұлан Оралбекпен тілдестік. Жуалылық жас өреннің айтуынша, ол бала күнінен әжесі Гүлсімнің тәрбиесінде болған, сол себепті арыз-шағым айтуды жаны сүймейді екен.

«Әкем Бекназардың ықпалымен бірінші сыныптан бастап дзюдо күресімен шұғылданады бастадым. Одан бері де көзді ашып-жұмғанша 9 жыл өте шығыпты. Сол кезден бастап спорттан бір сәтке де қол үзген емеспін. Ал аяулы Гүлсім әжем маған бала күннен өмірде кездескен қиындықты еңсеруді, жауапкершілікті сезінуді үйретті. Саналы ғұмырының 45 жылын ұстаздық қызметке арнаған әжем шағымдануды, арыз айтуды жақтырмайтын. Тіпті біздің де балалықпен айтқан сөздерімізге де мән бере қоймайтын.

Ол кісі: «Ержігіт қиындыққа мойымау керек», – деп жиі айтып отыратын. Бағыма орай, әжемнен дарыған дәл осы қасиет тәртібі қатал әскери мектеп-интернатқа түсуіме үлкен септігін тигізді. Біз тек мұнда білім алып қана қоймай, түрлі мәдени-спорттық шараларға да белсене қатысамыз. Болашақта Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет еткім келеді», – дейді Еркебұлан.

Иә, әр бала өз үйінде анасының мейіріміне, әкесінің тәрбиесіне қанығып өскенге не жетсін?! Десе де, ес тоқтатып, өзіне есеп бере алатын шақта әскери мектеп-интернатта білім алу – екінің біріне бұйырмаған бақ. Өйткені заманауи білім ошағында оқу, жас күнінен әскери өмірге дағдылану – нағыз жігіттің ғана қолынан келеді. Мұнда оқушылар ең әуелі төзімдікке үйреніп, бар-жоқтың қадірін түсінеді.

Жақындарынан жырақтағанда ең бастысы, Отанға, ел мен жерге деген шынайы сезімді жан-тәнімен ұғынады. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа қызығушылығы артады. Тәуелсіз мемлекетіміздің болашақ ұрпаққа жасап отырған қамқорлығының да дәлелі осы. Тек жеткіншектеріміз үкілі үмітті ақтаса болғаны.

 

Есен ӨТЕУЛІ