Құқық

Сот жүйесінде қазақ тілінің қолдану аясы кеңейіп келеді

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс.

Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың мақсаты – сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Білікті ұрпақ тәрбиелеу – өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ өсіру. Ал ана тілін жақсы білмейінше, сауатты сөйлеп, қатесіз жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайсың. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы.

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласына қолданылатын, мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тілде әзірленіп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкіндігінше, басқа тілдерге аударылуы қамтамасыз етіле отырып, оларды әзірлеу орыс тілінде жүргізілуі мүмкін. Сот ісі бүгінгі күні қазақ тілінде және орыс тілінде қаралады. Қазақстан Ре спубликасының Азаматтық процестік Кодексінің 14-бабының талабы бойынша сот ісін жүргізу тілі қамтамасыз етіледі.

Азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал заңда белгіленген жағдайларда басқа тілдер де қолданылады. Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Сол бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады.

Істі сот талқылауына дайындау кезінде екі тараптың да жазбаша өтініш хаты бойынша сот ұйғарыммен сот ісін жүргізу тілін өзгертуге құқылы. Егер істі бірінші сатыдағы сотта қарауға дайындау барысында талап қоюшының өз өкілі талап қою берген тілді білмейтіні анықталса, онда сот талап қоюшының жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады.

Іс бойынша іс жүргізілетін тілді білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін іске қатысатын адамдарға ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктемелер және айғақтар беру, өтінішхаттар мәлімдеу, шағымдар беру, сот актілеріне дау айту, іс материалдарымен танысу, сотта сөз сөйлеу Кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының, есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының көрсететін қызметтерін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі және қамтамасыз етіледі.

Сот азаматтық сот ісін жүргізуде сот ісін жүргізу тілін білмейтін адамдарға заң бойынша оларға қажетті іс материалдарының аудармасын тегін қамтамасыз етеді. Сот іске қатысатын адамдарға сотта сөйлейтіндердің басқа тілде сөйлейтін бөлігін сот ісін жүргізу тіліне аударуды тегін қамтамасыз етеді. Сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолдану аясы жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта мемлекеттік тілде сот ісін жүргізу мәселесіне барлық құжаттардың, іс-қағаздардың мемлекеттік тілде орындалуына талап күшейтіліп, өзінің оң нәтижесін беріп келеді.

Дегенмен сот ісін жүргізудің жаппай қазақ тіліне көшуіне тараптардың да үлес қосатыны сөзсіз. Сондықтан егеменді елдің бір белесі – мемлекеттік қазақ тілі болғандықтан, осы белестен жоғары деңгейде өту үшін мемлекеттік органдармен қатар сот жүйесінде мемлекеттік қазақ тілін игеруге қосар үлесіміз зор деп есептеймін.

 

Гульфайруз БАЙКУЛОВА

Тараз қалалық сотының судьясы