Құқық

Өз құқығыңды біл – өзіңді қорға

«Заң мен тәртіп» айлығының ашылуы Тараз қаласындағы мектептер үшін «Өз құқығыңды біл – өзіңді қорға!» тақырыбындағы ашық диалогпен басталды. Бұл іс-шараны Тараз қаласы білім бөлімі «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында Шерхан Мұртаза атындағы мектепгимназиясында ұйымдастырды. Ашық диалог алаңы балалардың құқықтық сауаттылығын арттыруды, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ мектеп, ата-ана, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуды мақсат етті.

Облыстық және қалалық деңгейдегі жауапты мекемелердің өкілдері, құқық қорғау органдары, білім саласының басшылары, әкелер кеңесінің төрағалары, мектептердегі бала құқықтары жөніндегі өкілдер мен педагогтер қатысқан алаңда оқушылардың шығармашылық көрмелері қойылды. Ашық диалог «Адал азамат – жарқын болашақ!» с ахналық қойылымымен баст алып, пікірталаспен жалғасты.

Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаев «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында түрлі ортада кездесулерге барып, заң талаптарын түсіндіріп жүргендерін айтып, мұндағы мақсат қоғам мүшелері арасында бір-біріне деген құрметті сақтап, адалдықты үндеу екенін айтты. Сонымен қатар Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиев, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің бас маманы Айбек Ажибаев, Amanat партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Уәлихан Болатбек, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Исламбек Дастан, №67 орта мектептің директоры Мұрат Тұрысбек, шебер жаттықтырушы Иван Ильницкий ойларын ортаға салды.

Ашық пікірлесу алаңында балалар құқығын қорғау, буллингтің алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың профилактикасы мәселелері сөз болды. №45 гимназия оқушылары «Буллингке қарсы Қалқан» жобасын таныстырып, №49 мектепгимназиясының педагогтері «Менің құқығым бар! Міндеттерім де бар!» тақырыбында тренинг өткізді.

Ашық диалог алаңының қорытынды бөлімінде №16 орта мектептің оқушылары балалар атынан үндеу жариялады. Олар заңға құрмет, тәртіпке жауапкершілік және қауіпсіз болашақ үшін әр оқушының белсенді болуы қажет екенін атап өтіп, барша қатысушыларды ортақ құндылықтарды қорғауға шақырды.

Залдағы барлық қатысушылар бұл үндеуді қолдап, «Біз қауіпсіз болашақты таңдаймыз!» деген ортақ ұранмен бірліктерін білдірді. Шара соңында флешмоб ұйымдастырылып, кездесуге қатысушылар балалардың қауіпсіз, әділ әрі қорғалған ортада өмір сүруіне бағытталған ортақ ұстанымды тағы бір мәрте бекітті.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА