Экономика

Күнкөрістен кетіп, табысқа жет!

Бүгінде бір жұмыстың еңбекақысы күнкөрістен артылмайды. Бұл жағы айтпаса да түсінікті. Сондықтан тұрақты бір қызметіңмен қатар, қосымша табыс көзін әкелетін жұмыстардың болғаны да жөн. Әйтпесе нарық қыспаққа алған мына заманда баға деген шарықтап барады. Сондықтан бір айдың жалақысымен күн көру қиын.

Өмір түрлі сынаққа толы. Күні ертең не болатынын болжау әсте мүмкін емес. Дәл қазір жағдайыңыз тұрақты болғанымен бәрі әп-сәтте өзгеріп сала беруі ғажап емес. Соның ішінде қаржылық мәселе тұрақты бола бермейді. Бұл жерде қаржылық сауаттылық аса маңызды. Кез келген адам өзін «қаржылық жағынан қауіпсізбін, қорғалғанмын» деп айта алмайды. Өйткені көпшілігінің бір ғана табыс көзі, шектеулі айлықақысы бар. Мейлі ол жалдамалы жұмысшы болсын, бизнес иесі болсын табыс көзі біреу болса, қауіп көп деген сөз. Қаржылық тұрғыдан қауіпсіз сезінуі үшін адамда бірнеше табыс көзі болуы керек.

Осы орайда мәселені экономика тілінде қаузап көрсек. «Белсенді» табыс – бұл белгілі бір қызметтен алынған тұрақты табыс. Мысалы, ол сіздің бизнесіңізден алынған жалақы немесе тұрақты жұмысыңыздан түсіп тұратын айлық. Қосымша табыс, яғни пассивті кіріс – бұл сіздің күнделікті ісәрекетіңізге қарамастан үнемі түсетін ақша. Пассивті кірісті күтпеген жағдайларда немесе негізгі кіріс көзі тоқтап қалған жағдайда «қауіпсіздік қорғаны» деп санауға болады. Пассивті табыстың болуы не үшін маңызды? Ақша табудың түрлі көзі бар. Қазіргі заманауи өмірде онлайн жұмыстың дәурені жүріп тұр. Түсіне білсеңіз, пассивті табыс – сіздің күнделікті өмірден бөлек, қосымша керек-жарағыңыз үшін аса маңызды.

Активті табыс – киетін киім, ішетін тамақ пен коммуналдық шығындарыңызды өтесе, пассивті табыс – көңіл көтеру, саяхаттау, көлік алу сынды арман-тілектеріңізді орындауға тікелей әсер етеді. Пассивті кірісті жоспарлауға байыппен қарау керек. Алдымен оны қалыптастыру үшін қанша қаражат қажет екенін және сізде осындай соманың бар-жоғын анықтау қажет. Егер жоқ болса, оны негізгі кірістен кейінге қалдырып отырған ләзім. Қосымша табыстың негізгі көздері болып банк салымы жатады. Банктегі депозит – бұл пассивті кірісті құрудың классикалық тәсілі. Бұл кірісті реттеудің ең оңай жолы. Сіз банкте біраз ақша сақтайсыз және ол сізге пайыз төлейді. Сіз осы арқылы кепілдендірілген және тұрақты табыс табуыңызға болады. Бірақ мұндай пассивті кіріс сіздің барлық қажеттіліктеріңізді қамтуы үшін қомақты сома салу керек немесе бағалы қағаздарға инвестиция құю қажет.

Пассивті кірістің бір түрі – қор нарығындағы инвестициялар. Инвестициялаудың негізгі заңы бойынша табыс тәуекелге пропорционалды, табыс өссе, тәуекел де өседі. Егер сіз тәуекелге дайын болсаңыз, сізде бос қаражат бар және сізге кепілдендірілген депозиттер ұсынғаннан гөрі көп ақша тапқыңыз келсе, биржада сатылатын бағалы қағаздарға инвестиция салуды игерген жөн. Қосымша табыстар туралы қаржыгер маман Айсана Тымбаева ой бөліскен еді.

Бастапқыда айтқанымыздай, онлайн жұмыстың бүгінгі күні түр-түрі бар. Бірақ онлайн іс оңай екен деп ойламаңыз. Ғаламторда бизнес әліппесін жетік меңгерген маркетолог пен кәсіпкер семинар-тренинг өткізуге әуес. «YouTube» видеохостингінде тауарды сату, жеткізу, сақтау жолы кеңінен насихатталады. Мың бір түрлі тауарды сату үшін кез келген адамға ақша керек. Ахметбек Нұрсила, Жұлдыз Ақболат пен Адия Аралбай секілді жүздеген бизнес және маркетолог өкілі тауарды сатудағы және кәсіпкерлік бастаудағы негізгі элементке тоқталып жүр. Яғни, онлайн сауда бастасаңыз да болады немесе онлайнмен жұмыс істеудің тілдерін үйретіңіз. Немесе газеттің, журналдың дизайнын жасаңыз. Тәуір журналдарға ақылы мақалалар жариялап тұруға болады. Қандай жақсы қырыңыз бар, содан ақша жасауға мүмкіндік көп.

Сонымен бірге копирайтинг мамандығы көпшілік арасында сұранысқа ие. Копирайтинг дегеніміз – сатылым әкелетін жарнама мәтінін жазу. Мысалы, жарнама сайтына хабарландыру беру кезінде сапалы мәтін жазу айрықша рөлге ие. Әрбір тауарды жарнамалауда өзінің кілт сөзі болуы тиіс. Тұтынушыны сендіре алатындай сапалы мәтін жазуға дағдыланған жөн. Копирайтинг мамандығының бірнеше түрі бар. Оның әдіс-тәсілін меңгерген маман қазақ менталитетіне келетін жарнаманы көптеп жасауға тырысады. Осы жылы тренд болатын топ 6 мамандық жайлы сөз арасында айтып кеттік. Оның ішінде, таргетолог, сайтолог, копирайтинг, СММ маманы, веб-дизайнер, мобилограф мамандығы бар. Бұлардың барлығын меңгере отырып, сәтті игеріп кетуге қажырлы күш пен ұтымды уақыт керек. Ең бастысы, бұл аталған қосымша жұмыстар негізгі жұмысыңызға кедергі келтірмейді және әжептәуір табыс көзін әкеледі. Тағы да бірнеше қосымша табыс көздеріне тоқталайық. Келесі бір табыс көзі – курьерлік.

Қазір кафе-ресторандардан асты көпшілік тапсырыспен алдыртады. Еліміздің ірі қалаларында «Glovо», «Wolt» секілді тамақ тасумен айналысатын сервис түрлері бар. Курьерлер бір барып келгеніне кемінде 400 теңге алады екен. Сондықтан мұнда екі сағаттың ішінде шамамен 2 мың теңгеден астам ақша табуға мүмкіндік бар. Курьерлер көбіне велосипедпен жүреді. Велосипедті «OLX» сайтынан ұсталған түрін сатып алуға немесе ірі қалаларда өзінің арнайы картасы арқылы күн сайын жалға алуға болады.

Бос уақытта таксист болып ақша тапсаңыз да болады. Егер көлігіңіз бар болса, бұл да табысты жұмыс. Білуімізше, Тараз қаласында таксистер күніне 12-15 мың теңге табады екен. Соның ішінде телефонға орнатылған «InDrive», «ЯндексGo» немесе жай ғана автостоп арқылы да жолаушы тасымалдауға болады. Бұл табыспен байып кетпесеңіз де, күнделікті қалта шығынын жауып отырғанға айтарлықтай септігін тигізеді.

SMM саласы – әлеуметтік желідегі жұмыс, мұнда ақша көп. Қазір бизнестің басым бөлігі әлеуметтік желіде жатыр. Оның қыр-сырын «YouTube»-тан-ақ оқып алуға болады. Соның ішінде парақша жүргізу, сайт жасау, жарнама мәтінін жазу секілді қызметтер бар. SMM саласы мамандарының табысы – айына кемі 70-80 мың теңге. «Instagram» желісінде өтетін лайк-таймға қатыссаңыздар да болады. Мұнда сіз адамдардың жазған постына пікір қалдырып, лайк басқаныңыз үшін ақы аласыз. Бірақ бұл жерде алданып қалудан абай болған жөн. Себебі лайк-тайм ұйымдастыратындардың кейбірі ақшасын дер кезінде төлемей қойған жайттар да кездеседі. Ақша табудың тағы бір амалы – «Naimi.kz», «OLX» сайттарына жарнама беру. Мәселен, клининг саласы.

Жұмысбасты әйелдердің үй жинауға қолы тимейді, уақыты болмайды. Таразда бір бөлмелі пәтерді жинау 5-10 мың теңгенің аралығында. Сіз сенбі-жексенбі күндері екі адамның үйін жинасаңыз, 15-20 мың теңге таба аласыз. «Naimi.kz» сайтында «Духовка тазалау», «Тоңазытқыш жуу» деген қызмет түрлері де бар. Оның бағасы – үш мың теңге. Осындай сайттарға тіркеліп, жарнамаңызды беру арқылы өзіңізге ыңғайлы уақытта тапсырыс ала аласыз.

Жастарға арналған келесі жұмыс – даяшылық. Бұл студенттер үшін өте ыңғайлы. Кафелерде мәзір жаттау қиын болса, тойханаларға барып, бір тойда қызмет ету арқылы 5-6 мың теңгені алып кетуге болады. Сондай-ақ көп жерлерде бала қарау, оның сабағын оқыту секілді қызмет түрлерінің де бар екенін ескеру керек. Бірнеше сағатта біреудің баласының сабағын оқытып, репититор болсаңыз, ол да тамаша қосымша табыс. Жақында ғана көршім қызына ағылшын және орыс тілін үйрету үшін репетитор жалдағанын, ол үшін үш сағатқа 15 мың теңге төлейтінін айтты. Мұғалім аптасына бір рет келеді екен. Әлгі оқытушы өзі мектепте мұғалім көрінеді, сөйте тұра ол көршімнің қызы секілді бірнеше оқушыны оқытуға алыпты. Бұдан бөлек бастауышта оқитын баланың сабағын дайындатуға да болады.

Жұмысбасты атааналарға кешке үйге келгенде баланың сабағын оқыту өте ауыр. Көп ата-ана қиналады. Алысқа бармай-ақ көршілерден бастауға да болады. Айта берсе, мысал өте көп. Тек еріншектіктен арылу қажет. Ұлы Абай айтпақшы, «есектің артын жусаң да мал табу» керек. Әйтпесе балашағаңмен бірге аш қалуың мүмкін. Сосын ұлқызыңа қалай үлгі боласың?! Сенбі-жексенбі күндерге немесе түнгі ауысымға зауыттарға жүк тасушы немесе «фасовщица» болып орналасуға болады. Тауарларды өлшеп салып, қораптарды жинап отыру да жұмыс. Бұл жұмыстарға көбіне сағатына және қолма-қол ақша төлейді. Соңғысы – бала бағу және желілік бизнес. Менің танысым осындай кәсіппен айналысады. Ол тойға, қонаққа баратын, түнде жұмыс істейтін аналардың балаларын алып қалады. Бірақ екі баладан артық қабылдамайды. Екі ананың төлеген ақшасы оған әжептәуір табыс. Желілік бизнестің көзін тапқандар жетерлік.

Бүгінгі күні «екі қолға бір күрек» таппай сенделіп жүргендер аз емес. Бұл кеңестерді сондай жандарға аз да болса, көмегі тиіп қалар деген оймен жариялап отырмыз. Жұмысы барлардың да несиесі, қарызы бастан асатындықтан елге қажетті кеңес болсын, ойымыз бір қажетке жарасын дедік. Көпшілігіміздің бір ғана табыс көзі, шектеулі еңбекақымыз бар. Мейлі, ол жалдамалы жұмысшы болсын, бизнес иесі болсын табыс көзі біреу болса, қауіп көп. Егер ісіңіз жүрмей, жұмысыңыз тоқтап қалса не болады? Уайымсыз жүру үшін қосымша табыс болғаны жөн. Тіпті міндетті деп айтар едік. Бұған дейін бұл жайлы ойланбаған болсаңыз, істі бастауды кейінге қалдырмаңыз.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА