Ветеринариялық қауіпсіздік тұрақты сақталуда
Талас аудандық ветеринария бөлімі өткен жылы ветеринария саласындағы заңнама талаптарына сәйкес, эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, жұқпалы аурулардың алдын алу және мал шаруашылығының қауіпсіз дамуына бағытталған кешенді жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімдігі ветеринария басқармасының ветеринариялық қызметі Талас ауданының ветеринариялық бөлімінің басшысы Берік Қаратаев мәлімдеді.
Оның мәліметінше, есепті кезеңде жұқпалы аурулардың алдын алу басты басымдықтардың бірі болды. Бекітілген жоспарға сәйкес, 12 түрлі жұқпалы ауруға қарсы вакцинациялау және диагностикалық іс-шаралар толық көлемде жүргізілген. Атап айтқанда, аусыл, сібір жарасы, нодулярлық түйнеме және құтыру ауруларына қарсы профилактикалық екпелер уақытылы атқарылды. Сонымен қатар бруцеллезге қарсы диагностикалық зерттеулер нәтижесінде екі уақ малдан оң нәтиже анықталып, қолданыстағы заңнама талаптарына сай мал иелеріне 44 мың 250 теңге көлемінде өтемақы төленген.
Жалпы, ветеринариялықпрофилактикалық және диагностикалық жұмыстар толық аяқталған. Аудан аумағында барлық ауыл шаруашылығы жануарлары толық бірдейлендіріліп, төлдерді сырғалау 100 пайыз жүзеге асырылған. Ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту аясында бірқатар ауылдық округтерде ветеринариялық пункттер салынып, автокөлікпен қамту деңгейі артып отыр. Қаңғыбас жануарларды реттеу, сібір жарасы ошақтарын бақылау, мал сою алаңшаларында ветеринариялық тексеру және Қырым-Конго геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізіліп отырады.
Сонымен қатар саланы цифрландыру, ақпараттық-түсіндіру және кадрлық әлеуетті нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бүгінгі таңда Талас ауданында эпизоотиялық ахуал тұрақты сақталып, ветеринариялық қауіпсіздік толық қамтамасыз етілген.
Мақпал СҮЙІНБАЙ