«Сіздердің жұмыс орындарыңыз - кабинеттерде емес, құрылыс алаңдарында»
Премьер-министр Олжас Бектенов электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері бойынша жиын өткізді. Бұл туралы Үкімет басшысының ресми сайтында хабарланды.
Үкімет басшысы энергетикалық жобаларды жүзеге асыру кезінде мерзімдерін кейінге ысыру практикасын сынға алды
Жиында Энергетика министрлігі, «СамұрықЭнерго», KEGOC және энергия өндіруші ұйымдардың Президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттер шеңберінде жүргізіп жатқан ағымдағы инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа қуаттарды генерациялау жөніндегі жұмыстарының қарқыны қаралды.
Энергетика министрлігі ауқымды инвестициялық жоспарды жүзеге асырудың практикалық кезеңіне көшуде. Бүгінгі таңда жалпы инвестиция көлемі 13 триллион теңгеден асатын және жалпы қуаты 15,3 ГВт болатын 81 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Іске қосылып жатқан жобалардың едәуір бөлігі электр қуаты нарығының тетігі арқылы жеке инвестицияларды тікелей тарту есебінен жүзеге асырылуда.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов алдағы үш жылда негізінен реттеу қуатының тапшылығын жабуға және Бірыңғай энергетикалық жүйенің икемділігін арттыруға бағытталған маневрлі генерация сегментін іске қосу жоспарланып отырғанын баяндады.
Жалпы, 2035 жылға дейін қосымша 26 ГВттан астам қуат өндіру көздері іске қосылатын болады. Жиында Премьер-министр энергетикалық жобаларды жүзеге асыру кезінде мерзімдерін кейінге ысыру практикасын сынға алды.
*****
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы 124,6 миллиард кВтсағат тұтыну деңгейінде электр энергиясын өндіру 123,1 миллиард кВтсағатқа жеткен. Бір жыл ішінде жалпы белгіленген қуат 25,3 ГВт-тан 26,7 ГВтқа дейін өсті. Генерацияның негізгі көздері бұрынғысынша көмір стансалары болып қала береді (51,4 пайыз), алайда газ генерациясының үлесі (25,6 пайыз) мен ЖЭК (13,5 пайыз) те өсуде. Соңғы екі жылда нарықты ырықтандыру нәтижесінде күрделі жөндеуге 902 миллиард теңге тартылды, бұл технологиялық ереже бұзу санын 27 пайызға төмендетуге және 9 ЖЭОны «қызыл» аймақтан шығаруға мүмкіндік берді.
Бұл ретте компаниялардың иелеріне дивиденд төленген жоқ. Барлық қаражат тек қана станса жабдықтарын реконструкциялауға және жаңартуға кері инвестициялануда. Бұл активтерді жаңарту жобаларының пулын арттыруға және генерация секторына нақты капиталдың келуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде таза көмір технологиялары негізінде көмір генерациясын дамыту перспективалары қаралды.
Бүгінгі таңда мердігерлер анықталып, стратегиялық маңызды нысандарды жүзеге асыру басталды. Олардың қатарында Екібастұз ГРЭС-3 (2 640 МВт), Курчатов қаласындағы жаңа станса (700 МВт), сондай-ақ Көкшетау (240 МВт), Семей (360 МВт) және Өскемен (360 МВт) қалаларындағы жылу электр орталықтары бар. Желілік инфрақұрылымды дамытуға қатысты «KEGOC» АҚ-ның Оңтүстік аймақ желісін күшейту бойынша жұмыстар жүргізілуде, яғни ұзындығы 475 шақырым «Шу – Жамбыл – Шымкент» (500 кВ) әуе электр тарату желісі тартылуда. Сондай-ақ ұзындығы 604,3 шақырым болатын «Өлке – Қарабатан» (500 кВ) әуе желісін салуды көздейтін Батыс Қазақстан энергожүйесін ЕЭҚ елдерімен біріктіру жобасы жүзеге асырылуда. Екі жоба да кестеге сәйкес жүргізілуде, 2027 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Компания 2035 жылға дейінгі ұзақмерзімді перспективада 6659 шақырым жаңа 220-500 кВ желісін іске қосуды және 10591 шақырым желіні реконструкциялауды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда ұлттық электр желісіне 83 қосалқы станса мен жалпы ұзындығы 27,9 мың шақырым болатын 398 әуе желісі кіреді, трансформаторлардың жалпы қуаты – 38893,6 МВА. «Самұрық-Энерго» АҚ-ның жобалар портфелінде 2035 жылға дейін жаңа қуаттарды іске қосу жоспары 7,4 ГВт-ты құрайды.
Негізгі жобалардың қатарында 2026 жылдың қазан айында іске қосылатын Алматы ЖЭО-2- ні жаңғырту, сондай-ақ Екібастұз ГРЭС-2 стансасын 2028 жылдың қазан айында 3-ші блогын және 2030 жылдың қазан айында 4-ші блогын іске қоса отырып, кеңейту және реконструкциялау жұмыстары бар.
Aq jol-Aqparat