Спорт және туризм

Жасөспірім волейболшылар – ел чемпионы

Қасиетті Әулиеата жерінде спорттың әртүрінен ел сенімін ақтап жүрген саңлақтарымыз аз емес. Олармен жерлестері әрқашан мақтанады. Әсіресе, волейбол спортының да бәсі биік. Осы кезге дейін жамбылдық ересек командалар да халықаралық жарыстарда талай жеңіс тұғырына көтерілген. Енді сол жеңісті жолды жасөспірімдер құрамасы жалғастырып, қуантуда.

Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты спорт түрлері бойынша кәсіпқой клубының волейболдан жасөспірімдер және жастар командасы үшін 2026 жыл сәтті басталды. Олар биыл 4-11 қаңтар аралығында Шымкент қаласында өткен 2007-2008 жылдарытуған жастар арасындағы ел чемпионатында өздерінің шыңдалған шеберліктерін көрсетті.

Бұл чемпионатқа әр аймақтан іріктелген 10 команда қатысып, екі топта өнер көрсетті. «Тараз – жастар» волейбол командасы өз тобында төрт ойын өткізіп, барлығын 3: 0 есебімен айқын ұтты. Атап айтқанда, алғаш Түркістан облысының командасын ұтса, келесі жолы қызылордалықтардан басым түсті. Мұнан соң Алматы және Шымкент қаласының «Шымкент-2» командаларын да ұтып, шеберліктерін асырды.

Жерлестеріміз финалдық ойында Шымкент қаласының «Шымкент-1» өз жанкүйерлерінің алдында 3:0 есебімен ұтып, жеңісті жұлып алды. Осылайша, жамбылдық жас волейболшылар командасы а лтыннан а лқа т ағынс а, шымкенттіктер күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал қола жүлде үшін өткен ойында Батыс Қазақстан облысының жастар командасы түркіст андық командадан басым түсті. Бір айта кетерлігі, мұндай жастар арасындағы ел чемпионаты жылына төрт рет өтеді. Былтыр жазда Орал қаласында өткен ел чемпионатында шымкенттіктер алтын медальға қол жеткізіп, тараздықтар күміс жүлдемен қайтқан болатын.

Жерлестеріміз сол кеткен есені Шымкент қаласында қайтарды. Мүмкіндікті мүлт жібермеді. Ал 2025 жылдың қараша айында Түркістан қаласында өткен жастар арасындағы ел чемпиотында жамбылдық жас волейболшылар осы құраммен барып, алтын медаль олжалап қайтқан еді. Түркістанда өткен ел чемпионатына әр аймақтан 8 команда қатысқан. Тараздықтар 7 ойында да 3:0 есебімен жеңіске жетіп, өздерінің шын мықты екендерін дәлелдегені есте. Бұл жеңістерде аталған клубтың жасөспірімдер және жастар командасының аға жаттықтырушысы Самал Мұратовтың еңбегі үлкен.

Жамбылдық жеңімпаз жас волейболшыларды ата-аналары, туыстары, жерлестері қарсы алып, құрмет көрсетті.

 

Есет ДОСАЛЫ