Қоғам

Ақыртас кешеніне барып көрдіңіз бе?

Өңіріміз тарихи ескерткіштерге кенде емес. Олар облыс аумағына туристердің келуін арттыратын құнды жәдігерлер. Республикалық маңызы бар ескерткіштерді сақтау, қорғау және дамыту ауқымды іс. Себебі, кешендерді тамашалауға арнайы келушілер үшін де қолайлы жағдайдың әсері ерекше. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен «Өңірдегі республикалық маңызы бар ескерткіштерді сақтау, қорғау және дамыту» атты брифингте Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей – қорығының директоры Нұржан Мергенбай баяндады.

Спикердің айтуынша, өңірімізде республикалық маңызы бар 30 нысан бар. Оның ішінде Ақтөбе (Баласағұн), Құлан, Өрнек, Қостөбе, Ақыртас секілді 5 көне қалашық ЮНЕСКОның дүниежүзілік мұра тізіміне енсе, Ақыртас пен Айша бибі нысандары жаһандық туристік т артымды ескерткіштер қатарына қосылған. Жылдан жылға е скерткіштерді тамашалауға ниетті туристердің саны артып келеді. Мәселен, 2024 жылы 112 мың адам республикалық маңызы бар ескерткіштерді аралауға қызығушылық танытса, 2025 жылы 125 мың адам тарихи құндылықтарды көзімен көрген. Қазіргі таңда әр тарихи нысанға кіру билетін QR код арқылы төлей беруге мүмкіндік алған.

Нәтижесінде билеттен түскен табыс 26 миллион теңгені құрап отыр. 2024 жылы бұл көрсеткіш 16 миллион теңгенің көлемінде болған. Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен жаңа тарифтік жоспар бойынша билет құны мектеп оқушыларына 100 теңге, студенттер үшін 200 теңге. Зейнеткерлерге арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Ақыртас кешенінде туристерге арналған, бағасы қолжетімді, жайлы қонақ үй қызметі жолға қойылып отыр. Қарахан кесенесінде үш тілде ақпарат беретін QR жүйелі 3D cтендтер орнатылып, жарықтандыру жүйесі мен тас төсеніштері жаңартылыпты. Мемлекет басшысы талап етіп отырған цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану да жүзеге асып жатыр.

Сонымен қатар Нұржан Мергенбай жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жанжақты жауап берді.

 

Есет ДОСАЛЫ