«Келешек мектептерінің» басты мақсаты не?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде «Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек. «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты да – осы» деген еді. Еліміздің барлық жас өскіні бірдей жаңа заманның талабына лайықты сапалы білім алуы үшін жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» жобасының діттеген мұраты да, бағыты да құнды. Соған қарай «Келешек мектептерінің» басшылары мен педагогтеріне жүктелер жауапкершілік те жоғары. Облысымызда жақында өткен «Келешек мектептері» ұлттық жобасының қызметкерлеріне арналған семинар осындай нақты мақсатты негізге алды.
Семинар әуелі «Келешек мектептері» ұлттық жобасының педагогтеріне арналып өткізілді. Жаратылыстану-математикалық бағытындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымының «Заманауи мектеп зертханасы: мұғалімге арналған практикалық дағдылар» тақырыбы аясындағы тәжірибе тарату жұмыстары ұйымдастырылды. Онда педагогтердің тиімді жұмыс істеу және білім беру үдерісінде зертханалық жабдықтарды әдістемелік тұрғыдан сауатты қолдануының практикалық дағдыларын қалыптастыру және дамыту мақсат етілді.
Облысымыздағы «Келешек мектептерінің» бірі – Тараз қаласындағы №67 орта мектебі. Осы мектептің директоры Мұрат Тұрысбек алдағы атқарар жұмыстарды жүйелеуге семинар жаңаша ой қосқанын айтты.
«Саналы педагогика және психологиялық негіздер» – тұлғаның ішкі уәжін, эмоциялық интеллектісін, өзін-өзі реттеу дағдыларын қалыптастырудағы мұғалімнің кәсіби рөлі философиялықпсихологиялық тұрғыда талданды. «Құндылықтарға негізделген мектеп мәдениеті» – ұлттық тәрбие, адамгершілік, жауапкершілік, әділеттілік пен ынтымақтастық қағидаттарын мектептің күнделікті өміріне жүйелі енгізу жолдары қарастырылды.
Семинарға қатысушылардың сөзінен бұл іс-шара заманауи педагогикалық ой-тұжырымдарды тәжірибемен ұштастырып, «Келешек мектептерінде» тәрбие жұмысын ғылыми негізде жүйелеуге, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық қағидаттарды үйлестіре отырып іске асыруға тың серпін бергенін байқадық.
Қамар ҚАРАСАЕВА