«Алтын тұғыр» олимпиадасы ізденімпаздарды іріктеді
Білімнің негізі бастауыш сыныпта қаланатыны баршаға белгілі. Сондықтан да мұғалімдерге жүктелер жауапкершілік те жоғары. Үнемі ізденісте жүретін ұстаздарды ынталандыра түсу мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Сондай мақсатта жақында «Алтын тұғыр» олимпиадасы өтті. Облыс әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығы «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектептері Тараз қаласындағы филиалымен бірлесіп ұйымдастырған олимпиада үш кезеңмен өтті.
Республикалық «Алтын тұғыр» олимпиадасының облыстық кезеңі Тараз қаласындағы №67 орта мектептің базасында өтіп, оған 82 бастауыш сынып мұғалімі қатысты.
Республикалық кезеңге өткен ұстаздардың бірі – Тараз қаласындағы Төле би атындағы №8 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Сабина Кембаева бұл олимпиада мамандығына деген құлшынысын арттыра түскенін айтты.
Қатысушылар «Алтын тұғыр» – тек жарыс емес, тәжірибе алмасу, даму және кәсіби өсудің тамаша алаңы» деп бағалады. Жеңімпаз Сабина Кембаева барлық әріптестерін осындай олимпиадаларға белсене қатысуға шақырып, мұндай іс-шараларды кәсіби тұрғыда дамуға берілген мүмкіндік деп санайтынын айтты.
Қамар ҚАРАСАЕВА