Тегіс жолдың өзінде тосқауыл бар
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген көлемді сұхбатында халықтың көкейінде жүрген бірқатар мәселелерге бүкпесіз жауап берді. 2026 жыл үлкен өзгерістер жылы болады. Сұхбаттағы Президент сөзімен айтқанда, биыл ел тағдырына тікелей әсер ететін Қазақстанның ұзақ жылдарға арналған бағытбағдары айқындалатын жыл болады. Мемлекет басшысы мақалада биыл маңызды шешім қабылданатынын меңзеді. Атап айтқанда, Ата заңымыз өзгеріске ұшырауы ықтимал, тіптен жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасалмақ.
Президент конституциялық реформа жайында айтып, бір палаталы жүйенің оңтайлы тұстарын, заң қабылдау жүйесінің тез жүргізілуі және халықтың заң шығару жүйе сіне атсалысуы, азаматтық қоғамның қатысуы кеңейетінін атап өтті.
Парламентте реформа жасалғанымен Қазақстан президенттік басқару үлгісіндегі мемлекет болып қала береді. Еліміз үшін аса маңызды шешімдердің бәрі жа лпыха лықтық референдумға шығарылады. Елдің байлығын сүлікше сорып, ақшаны шекара асырған олигополия өкілдерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаражат өндіріліпті. Соның есебінен қазынамыз 1 триллион теңгемен толықты.
Арнайы қорға түскен қаржы есебінен елімізде 434 әлеуметтік және коммуналдық нысан бой көтеруде. Оның қатарында 227 сумен қамтамасыз ету нысаны, 183 денсаулық сақтау мекемесі, 11 білім беру, 5 спорт кешені, 8 инфрақұрылым нысанының құрылысы бар. Елеулі жетістіктер болғанымен, ескеретін жайттар да жоқ емес, тоқмейілсуге болмайды. Президент тегіс жолдың өзінде тосқауыл барын айтып, терең ой сала сөйледі.
Экономика еселенсе де халықтың әлауқатына қатысты мәселе көп, қарашаның тапқан табысы инфляцияның игілігінде кетіп жатыр. Сарапшылардың пайымынша, 2018 жылы орташа айлық табыс 160 мың теңге болған, қазіргі кезде 340 мың теңге, өсім бар. Бірақ халық нақты сезді ме, әрине, сезген жоқ, себебі инфляция факторы табысты жеп қойып жатыр.
Қазақстан – халқына қамқорлықты аямайтын мемлекет. Көрші елдердің тұрғындары бізді осылай атайды, әлеуметтік қызмет пен азаматтарға арналған жеңілдіктерге қызыға да, қызғана да қарайды. Дегенмен табыстарын көрсетпей, мемлекеттен қолдау бар екен деп көп асағысы келетіндерге мемлекеттік бақылауды күшейтіп, төлемдердің нақты көмекке мұқтаж азаматтарға бөлінуі басты назарда болуы керек.
Батырхан ДӘУРЕНБЕКОВ
кәсіпкер, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі.