Аймақ

Атомға бай елде АЭС-тің болмауы абсурд

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында көтерілген ел дамуына тікелей әсер ететін бірқатар маңызды мәселелердің бірі – елімізде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ядролық энергетиканы дамыту жөнінде белгіленген стратегиялық міндет. Президент «Жаңа жаһандық технологиялық құрылыстың басты талабы – сенімді энергия көзі. Сенімді энергия көзі болмаса, Қазақстан экономиканың жаңа технологиялық үлгісіне көше алмайтыны анық. Суперкомпьютерлерге, дата-орталықтар мен автоматтандырылған өндірістік кешендерге өте көп энергия қажет. Қуат көздерін салу үшін білікті мамандар керек. Мақсатымыз – бірнеше атом станциясын салу арқылы тарихи олқылықтың орнын толтыру» екендігін баса айтты. Өйткені атомға бай елде АЭС-тің болмауы абсурд.

Президент атап көрсеткендей, «Уран өндірісі бойынша әлемде көш бастап тұрған елдің бірде-бір атом электр станциясын салмауы мүлдем ақылға қонбайды. Екіншіден, бұл қадам Қазақстанның абыройбеделін нығайта түседі. Біз атом станцияларын салу арқылы техникалық интеллигенцияның жаңа буынын қалыптастырамыз. Тиісінше, мемлекеттік саясаттың түпкі мәнін өзертеміз. Осыны қаперден шығармаған жөн».

Президент бизнес – кез келген елдегі экономиканың негізгі тірегі екендігін, кәсіпкерлер экономиканы өркендету және мемлекеттің қоғамдық негіздерін нығайту ісінде елеулі рөл атқаратынын, сонымен қатар ірі бизнесмендердің қарапайымдылық, ұстамдылық сияқты қасиеттерге мән бере қоймайтынын, сол үшін де қоғам мен бизнес арасындағы өзара келісім іспеттес – қайырымдылық қызметі жұмыс істейтінін айтты.

Қайырымдылықпен айналысып жүрген азаматтарды қолдау үшін арнайы «Мейірім» ордені енгізілуі олардың қоғам алдындағы абырой-беделі мен мәртебесін айқындайды. Елге жанашырлық танытқан кәсіпкерлер биылдан бастап осы жоғары наградаға ие болады. Сыбайлас жемқорлықпен барлық деңгейде күресу мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді. Қабылданған шешім қатардағы жемқорларды ғана емес, қылмыстық әрекеттің идеологтары мен ұйымдастырушыларын да жауапқа тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қылмыстың алдын алу үшін түсіндіру және ағарту жұмыстарына әдеттегідей айрықша назар аударылады.

 

Талғат ЖОЛТАЕВ

кәсіпкер, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі.