Саясат

Идеология саласы уақыт талабымен үндесуі керек

Облыс орталығындағы Достық үйінде өткен алқа мәжілісінде идеология саласына қарасты басқарма басшылары 2025 жылы атқарылған тірліктерді және биылғы жылға жоспарланған шараларды сараптап, кеңінен есеп берді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов басшылық жасап, жүргізіп отырды.

Кейбір мешіттер елді мекеннің бас жоспарына енгізілмеген

Облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаевтың айтуына қарағанда, өңірде мемлекеттік тіркеуден өткен діни бірлестіктер мен филиалдардың саны – 398. Оның 352-сі мешіт пен 46-сы шіркеу. Қазіргі уақытқа облыста 17 мешіттің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 3 мешіттің құрылысы аяқталады деп күтілуде. Бұл мешіттерде арнайы бұйрықпен 474 діни қызметкер қызмет атқаруда. Ал христиандық бағыттағы шіркеулерге келушілердің саны шамамен 3,8 мың адамды құрайды. Рухани (діни) білім беру ұйымдары қатарында жұмыс атқаратын «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінде бүгінде 90 шәкірт, «Қордай» Құран қариларын дайындау орталығында 222 шәкірт білім алуда. Кең ауқымды ақпараттық науқандар мен түсіндіру шараларын жүргізу үшін облысымызда жалпы саны 125 адамнан тұратын 16 ақпараттық топ нәтижелі жұмыс істеуде.

Өткен жылы 4789 ақпараттық ісшаралар өткізіп, нәтижесінде 100 мыңнан астам тұрғын қамтылды. Жастар көп пайдаланатын Instagram, Facebook, Telegram, Tiktok сияқты әлеуметтік желілердің мүмкіндіктері арқылы де структивті діни контенттерге қарсы баламалы дүниелер әзірленіп жариялануда. Мамандармен 102 қысқа бейнеролик, 53 инфографика, 176 тақырыптық мақалалар әзірленіп, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылды. Дегенмен де бұл салада проблема да жоқ емес. Әлі күнге Қордай ауданы бойынша – 7, Т. Рысқұлов ауданы бойынша 1 мешіттің арнайы шешімі жоқ.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов мешіттердің құжаттарын тіркеу жұмыстары тым созылып кеткенін және ауыл-елді мекендердегі зираттарды қоршау жұмысы да көңілден шықпай тұрғанын айтып сынға алды.

Жарыстарға қатысу үшін қосымша қаржы керек

Ал облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов облыстағы спорт мекемелерінде 27507 спортшымен тұрақты түрде 1136 жаттықтырушы жұмыс жүргізіп жатқанын айтады. Онда спорттың 88 түрі қамтылған. Бүгінгі таңда 858 спортшы түрлі деңгейдегі ұлттық құрама командаларына мүше болып отыр. Облыс спортшылары 2025 жылы түрлі республикалық және халықаралық жарыстарда 1856 медальға ие болды. Оның ішінде 686 алтын, 515 күміс, 655 қола медаль.

Өткен жылдың ең басты додасы – Токиода өткен Сурдлимпиада ойындарында жамбылдық 12 спортшы 7 спорт түрінен бақ сынап, 1 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Тағы бір айтары, өткен жылы 21 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп, 8 спорт нысаны пайдалануға берілді. Ал қалған 13 спорт нысанының құрылысы 2026 жылы аяқталатын болады. Облыс бойынша 103 спорт алаңшасы қолданысқа беріліп, барлығы 2465 спорт нысаны жұмыс атқаруда.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов кейбір аудандардағы спорт нысандары облыс тұрғындары үшін қолжетімді емес екенін айтып, бұл бағытта жұмысты ширату керек екенін тапсырды.

– Бірқат ар проблемалық мәселелер бар, – деді басқарма басшысы Е. Ибраимов.

– Жамбыл облысы бойынша 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында жоспарланған 36 оқу-жаттығу жиыны мен 25 жарысқа қатысу үшін 237,9 миллион теңге көлемінде қаржы қажет.

2026 жылға бекітілген бюджет көлемі 2025 жылмен салыстырғанда спорттық ісшаралар бойынша 363,4 миллион теңгеге қысқартылған. Осыған байланысты, ҚР ұлттық құрама командасы мен облыстың өзге де спортшыларын ресми жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету үшін қосымша 1,8 миллиард теңге керек.

Биыл 3 халықаралық іс-шара ұйымдастырылады

Ал өткен жылы 16 мәдениет нысандарының құрылысына 1,4 миллиард теңге қарастырылып, 11 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бүгінгі күні облыста 202 мәдениет үйлері мен клубтар мәдени-көпшілік қызмет көрсетіп келеді.

Енді 2026 жылы 3 халықаралық, 9 республикалық және 40-қа жуық облыстық іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Басылымдарға жазылу деңгейі төмендеп келеді

Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлының айтуына қарағанда, 2025 жылы ақпараттық с аяс атқа облыс бойынша 1,6 миллиард қаржы бөлінген. Оның ішінде, облыстық бюджет есебінен – 1028,5 миллион теңге, Тараз қаласы мен аудандар бюджеттерінен 569 миллион теңге.

Облыста түрлі бағыттағы 1494 үкіметтік емес ұйым тіркелген, 7 саяси партия филиалы жұмыс атқаруда. 2026 жылы 751 миллион теңгеге 107 әлеуметтік жоба жүзеге асырылмақ. Облыста Ассамблея жанындағы 78 этномәдени бірлестік, 8 қоғамдық құрылым өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып келеді.

Жұмысшы мамандықтары жылына орай, 2000-ға жуық жастарға өңірдегі ірі кәсіпорындарға экскурсия ұйымдастырылды. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқық қорғау органдарымен бірлесе «Қоғам с ақшысы» жобасы аясында түңгі рейдтік шараларға 21 800 жас қатысып, 140 хаттама толтырылды.

Үш ауысымды мектептердің мәселесі толық шешілді

Білім саласының жұмысына келетін болсақ, бүгінгі күні облыста 619 мектепке дейінгі ұйымдарда 63645 бала тәрбиеленіп, 531 орта білім беру ұйымдарында 245 мыңнан аса оқушы білім алуда. 2025 жылы 14 білім нысаны пайдалануға берілді. Нәтижесінде 1 апатты, 1 үш ауысымды, 5 оқушы орны тапшылығы бар, 6 тозығы жеткен, 1 асханасы жоқ мектептің мәселесі шешілді.

Облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков осылайша облыста үш ауысымды мектептердің мәселесі толық шешілгенін айтты. Енді апатты жағдайда 1 мектеп, тозығы жеткен 11 мектеп, оқушы орны тапшылығы бар 17 мектеп бар. 2026 жылға 12 білім нысанының құрылысы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Нәтижесінде 2 оқушы орны тапшылығы бар мектептің, 4 тозығы жеткен мектептің, 6 спорт залы, асханасы жоқ мектептің мәселесі шешіледі. Алдын а лу шара ларына қарамастан 2025 жылы кәмелетке толмағандармен 98 қылмыс жасалып, өткен жылмен бірдей көрсеткіш болды. Қылмыстардың өсуі Байзақ (120 пайыз), Жуалы (66,7 пайыз), Қордай (50 пайыз), Меркі (16,7 пайыз) аудандарында орын алды. Бұл аталған аудандарда кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстардың тиімсіздігін көрсетіп отыр.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов басқарма басшыларына бұған дейін орын алған кемшіліктердің алдағы уақытта тағы қайталанбауын, жұмысты жандандырып, биылғы жылға жоспарланған іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуін тапсырды.

 

Оралхан ДӘУІТ