Былтыр бітуі тиіс жолдың құрылысы әлі басталған да жоқ
«Жол қадірін жүрген біледі» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Бүгінде әр елдің экономикалық жағдайы, сауда-саттық хал-ахуалы да транзиттік әлеуеті арқылы өлшенеді. Өйткені автожолдар ел экономикасының күретамыры. Ал Жамбыл облысы еліміздің оңтүстік бағытындағы халықаралық автодәліздерді жалғаушы геоэкономикалық маңызы бар аймақ екені мәлім. Десек те, облыс аумағында құрылысы бітпеген жол учаскелері бар екендігін, оның зардабын күні бүгінге дейін жергілікті тұрғындар тартып келе жатқандығын жасыра алмаймыз. Мәселен, республикалық маңызы бар «Шу-Қайнар» тасжолы жылдар бойы жамау көріп, қар түссе қауіпті аймаққа айналғалы қашан...
Шу мен Қордайды жалғаған 56 шақырымға созылып жатқан жолға осыдан 55 жыл бұрын асфальт төселген екен. Содан бері тек жамау көріп келеді. Ойдым-ойдым тасжолда көліктері сынып, тұрып қалатындар көп. Осындай келеңсіз жағдайға тап болмас үшін жарты сағаттық жолда бірнеше сағат өгізаяңға салынған темір тұлпар иелері жаңа жолдың керектігін айтып жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Жақында қоғам белсендісі Қасымхан Төлендиев әлеуметтік желіде аталған мәселеге тағы қозғау салып еді.
Аталған мәселеге қатысты былтыр облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Шу ауданына жасаған жұмыс сапарында бұл мәселеден хабардар екендігін айтып, жауаптыларға қатаң ескертпелер берген болатын. Міне, содан бері жыл ауысып, ел жазғы шілдеден қысқы шілдеге қадам басқан тұста бізде жергілікті атқарушы билік өкілдеріне сұрау салып көрген едік. Алайда түйткілге қатысты аудандық әкімдіктің жолға жауапты бөлімінде анау айтқандай құзырет те жоқ болып шықты.
Ал «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының ресми мәлімдемесіне сүйенсек, қазіргі таңда аталған жол бөлігінде дайындық жұмыстары басталған. Биыл жолдың 20 шақырымын жөндеу жоспарланған.
Еске сала кетсек, өткен жылы аталған жол бағытына 20 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Жауапты мердігері «Теміржол құрылыс-Атырау» ЖШС болып бекітілген жоба былтыр жыл соңында аяқталуы тиіс болатын. Алайда өз міндеттерін орындамауына байланысты аталған мердігермен келісімшарт бұзылған. Енді жол құрылысын жаңа мердігерлер жүргізбек. Ал аумақта ешқандай да құрылыс-дайындық жұмыстары жүргізілмегендігін айтып ашынған жергілікті жұрт «ҚазАвтоЖолдың» мәліметіне қанағаттанбайтынын жеткізіп отыр. Халық әуелі 2025 жылы аяқталады деп жоспарланған жоба ендігі 2027 жылдан әрі де ұзап кетпесе дейді...
Нұрболат АМАНБЕК