Жаңалықтар

Биыл 1795 тұрғын баспаналы болмақ

Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – баспана мәселесін шешу. Халықты тұрғын үймен қамту саясаты ел Президентінің басты назарында. Облысымызда кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде іске асырылуда. Тұжырымдама аясында биыл өңірде 1795 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілмек. Бұл туралы облыс әкімдігінің ғимаратында өткен аппараттық жиында құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев айтты.

Басқарма басшысының сөзінше, бүгінде коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 57 434 азамат тіркелген. Оның 30 055-і әлеуметтік осал топтағы жандар.

Басқарма басшының сөзінше, бұдан бөлек А.Асқаров көшесінің соңындағы алқапта жобалық-сметалық құны 61,4 миллиард теңгеге 1800 пәтерлі 36 кредиттік тұрғын үйдің жобалары әзірленген. Азаматтарды баспанамен қамту аймақта кадрлық саясатты тұрақтандырып, талантты жастарды ұстап қалудың негізгі жолының бірі екендігін баса айтқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев осал топтағы азаматтар үшін сатып алынатын пәтерлердің құрылысмонтаж жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Айта кетейік, өткен жылы кезектегі азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуге бюджеттен жалпы 39,7 миллиард теңге бөлініп, нәтижесінде 1545 отбасы баспаналы болды. Бұдан бөлек аппараттық кеңесте су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарының барысы талқыланды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Азат Әбдіразақовтың сөзінше, бүгінде аймақтағы өзендердегі су деңгейі тұрақты, тәулік бойы мониторинг жүргізілуде. Ал көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін 1 927 адам, 485 бірлік техника және 132 су айдау құралы дайындықта тұр.

Жиын соңында аймақ басшысы аталған мәселе бойынша жауапты тұлғаларға техникалардың дайындығын қатаң бақылауға алу, су тасқыны қаупі бар елді мекендерде қажетті резервтер мен мобильді топтар құру, ауа райына тұрақты мониторинг жүргізу және өзге де міндеттер бойынша жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

 

Нұрболат АМАНБЕК