Қоғам

Қар көшкіні кезіндегі сақтық шаралары

Қар көшкіні – бұл тау беткейінде жатқан қалың қардың тұрақтылығының бұзылуына байланысты қардың тез жылжуы. Жалпы тау шатқалдарының еңістігі 15º асатын жерлерінде қар жамылғысының биіктігі 30 сантиметрден асқан жағдайда өздігінен қар көшкіні жүру ықтималдығы бар.

2017 жылға дейін облыс аумағында қар көшкін қаупі бар учаскелер жоқ деп саналған. Себебі таулы аймақтарда қар көшкіні түсуі ықтимал желерде нысандар, құрылыстар және адамдардың болуы мүмкін жерлер анықталмаған болса, бүгінгі күні Жуалы ауданында зақымдану аумағы жиыны 386,0 мың м2 құрайтын қар көшкіні қауіпті 3 учаске тіркелді (оның ішінде 2 учаске Көксай шатқалында, 1 учаске Қаралма шатқалында).

Өңірімізде қар көшкіні қауіпті кезең қараша айынан бастап наурыз айының соңына дейін жалғасады. Наурыз айында да биік таулы аймақтарда қар көшкіні болуы мүмкін. Ал қаңтар, ақпан, наурыз айлары – қар көшкіні жүру қаупі жоғары кезеңге жатады, себебі аталған уақыт аралығында таулы аймақтарға қардың жиі түсуінен қар жамылғысының биіктеуі салдарынан қар көшкінін тудыруы ықтимал. ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» филиалы өзінің қызмет көрсету аумағы бойынша облыс халқын, шаруашылық объектілерін қауіпті табиғи құбылыстардың (сел, қар көшкіні, сырғыма) әсерінен қорғауды қамтамасыз ету, олардың зардаптарын жоюды ұйымдастыруға және жүргізуге қатысады.

Биылғы 2025-2026 жылғы қысқы кезеңіне орай облыс аумағындағы Қырғыз жотасы солтүстік беткейіндегі және Талас Алатауы шатқалдарындағы қар көшкіні қауіптілігін анықтау жән таулы аймақтардағы қар қорына фондық бағалау жүргізу мақсатында филиалдың мамандары бекітілген жоспарлы кестеге сәйкес ЖАО және облыстық ТЖД мамандарымен бірлесіп, ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ «Eurocopter ЕС-145» тікұшағымен 1 аэрошолу зертеу жұмысын және 4 рет қар көшкіні қауіпті учаскелерге жербетілік зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, қар көшкіні қауіпінің алдын алу мақсатында филиал мамандары жыл сайын таулы аймақта орналасқан түрлі әкімдіктерге, әскери бөлімдерге, демалыс орындарына және тағы басқа мекемелерге ескерту-ұсыныс қағаздарын таратады.

Биылғы қар көшкіні кезеңі басталғалы бері 107 ескерту-ұсыныс хаттары жолданса, қар көшкінінің қауіптілігі, қауіпсіздікті сақтау және алдын алу мақсатында таулы аймақта демалушыларға 400-ге жуық жадынамалар үлестірілді. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең бойынша жалғасын табатын болады. Облыстағы қар көшкіні қауіпті учаске Жуалы ауданындағы Көксай шатқалында филиалдың «Көксай» бақылау бекеті орналасқан. Осы гидробекеттің бақылаушысы филиалдың орталық диспетчерлік пунктіне күнделікті үш мәрте гидрометеорологияқ жағдай бойынша мәлімет (су өтімі, су деңгейі, ауа және су температурасы, жауын-шашын мөлшері, ауа райы жағдайы және қар жамылғысының биіктігі жөнінде) ұсынады.

Облыс ТЖД бастамасымен және Жуалы ауданы әкімі аппаратының қолдауымен 2025 жылдың қараша айында жоғарыда аталған «Көксай» бақылау бекеті бақылаушысы иелігіндегі тіркеме базасындағы қызметтік вахтовка орнына, қызметтік және тұрмыстық қажетті заттарымен жабдықталған заманауи мобильді тұрғын үйі орнатылып, пайдалануға берілді. Жалпы пайдалану алаңы 28,64 м2 болатын мобильді құрылым үш функционалды бөлмеден тұрады: қызметтік бөлме, тұрмыстық санитарлық бөлме, жатын бөлмеден және бөлмелерді автономды жылыту, кондиционермен және электрлі жүйелерімен жабдықталуы бекет бақылаушысына еш кедергісіз тиімді жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызып отыр. Осы орайда селденқорғау саласына қолдау білдірген Жуалы ауданы әкімі аппаратына алғысымызды білдіреміз.

«Қазгидромет» РМК-нің облыс бойынша 2026 жылдың қаңтар айына ұсынған ауа райы болжамына сүйенсек, қар бірінші онкүндіктің ортасында, екінші онкүндікте жиі қар күтіледі. Жаңа қардың ескі қардың үстіне жаууы қар көшкінінің өздігінен жүруіне әкеліп соғады. Сондықтан қазір тауларда қар аз болғанымен, болжанған қардың есебінен алдағы күндері қар көшкіні қаупі жүруі ықтимал.

Бүгінгі күнгі жағдай бойынша қар көшкіні қауіптілігі жоқ. Дегенмен біз «Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес қауіптің алдын алу мақсатындағы жұмыстарды жалғастыра береміз. Жалпы қыс айлары – қысқы спорт түрлерімен айналысуға ең қолайлы кезең. Әсіресе, тау спортына қызығушылығы жоғары жандар үшін бұл маусым бойы асыға күтетін мезгіл екені белгілі. Алайда бұл уақыт – тауларда қауіп деңгейі артатын кезең екенін естен шығармаған жөн. Қыс айларында жергілікті тұрғындардан бөлек демалушылар саны ағылатын облыс аумағындағы Талас Алатуы жотасының қысқы спорттық және демалыс орындары орналасқан Көксай шатқалында да қар көшкіні ықтималдығы жоғарылайды. Осыған сәйкес, қыс кезінде таулы аймақтарға шығып демалушы облыс тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескерте отырып, бірнеше сақтық шараларын ұсынамыз.

Көшкін қаупі бар аудандарда болған кездегі қауіпсіздік шаралары:

• Қар қалың түскен жоталарға шықпай, тек тапталған жолдармен ғана жүріңіз.

• 2-3 күн қатарынан қар жауғанда тауға шықпаңыз.

• Ірі беткейлердің қиылысынан алыстап, аяқ астынан қардың шуы естілсе тез арада қозғалысты тоқтатыңыз.

•Көктем мезгілінде, әсіресе күннің екінші жартысында қар еріп беткейлерден тез сырғыған кезде аса сақ болыңыз.

• Көшкін қаупі бар учаскеден өткенде айқайлауға, шулауға болмайды.

• Көшкін қаупі бар учаскеден өткенде жалғыз, рюкзакты бір жақ бауымен көтеріп, абайлап өтіңіз.

• Қалың қар жамылған беткейлерге жақын демалуға және лагерлік шатыр қойып тоқталмаңыз.

• Қар көшкіні түскен кезде оның жолынан кетіп, рельеф, жартас астына тығылыңыз.

• Тауға ешқашан жалғыз бармаңыз! Топпен бір уақытта қатерде қалмауға жағдай жасаңыз!

Көшкін қаупі бар учаскелер бойынша қауіпсіздік шаралары:

• Көшкін қаупі бар беткейден өтуге тыйым салынады;

• Күнмен шағылысқан беткейлердің етегінде, тар жолдарда тоқтауға болмайды;

• Қатты дауыстап сөйлеуге, сондайақ беткейде тегіс немесе ұсақ қар түйіршіктерінен жинақталған жерлерге із қалдыруға болмайды;

• Тас құлайтын науаларды, бос тұрақсыз үйінді, сырғыма жолдарды басуға болмайды;

• Еш уақытта ауа-райының бұзылуы кезінде, тез арада жылынғанда, қысым түскенде, тұманда, қар түскен соң, бұрқасын мен қатты жел соққанда көшкін қауіпі бар жолға шығуға болмайды;

• Нашар көрінетін кезде, беткейде қар қалыңдығы 30 см. және одан да жоғары болғанда, жауын-шашын жауғанда, қатты жел тұрғанда, бұрқасын соққанда, температура кенеттен төмендегенде көшкін қаупі бар аймақтан тез арада кету керек;

Егер сіз қар көшкініне тап болсаңыз не істеу керек? Бұл жағдайда келесі реттегі мінез-құлық ережелерін сақтаңыз:

1. Бетінде қалып, жүзу стилінде қолдарыңызбен қимыл жасаңыз.

2. Егер бұл мүмкін болмаса, онда бүгілген қолдарыңызды бетіңіздің алдына қойып, ауа қалтасын ұйымдастыруға тырысыңыз. Бұл сіздің энергияңызды үнемдеуге және оттегінің аз мөлшерін беруге көмектеседі.

3. Мұрын мен ауызды шарфпен немесе кез-келген матамен жабу арқылы ауа жолдарын қорғаңыз.

4. Есіңізде болсын, қар жақсы дыбыс изоляторы, сондықтан айқайлаудың қажеті жоқ, күшті үнемдеңіз.

5. Бағытты анықтауға тырысыңыз (бұл үшін түкірсеңіз соның еріген бағыты бойынша анықтауға болады). Қарды аяғыңыздың астына таптап, осы бағытта қозғалуға тырысыңыз.

6. Дүрбелең болмаңыз және Сізді іздейтінін ұмытпаңыз!

Есте сақтаңыздар: Көшкін кезеңінің ұзақтығы тауларда қардың барына және жиналу кезеңіне сәйкес болады. Көшкіннің ең белсенді уақыты көктем мезгілі болып саналады, абай болыңыздар!

 

Қуаныш ХАМЗИН

ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» филиалының инженергидрологы.