Маңдай термен мәртебе тапқан маман
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, көптеген құндылықтар іскер адамдардың қолға алуымен жүзеге асады. Өзінің саласы бойынша елдің құрметіне бөленген білікті азаматтың бірі – Шалабай Байділдаев.
Шалабай Боранбайұлы 1957 жылы 1 шілдеде Жуалы ауданы Талапты ауылында дүниеге келген. Ол 1976 жылы Жамбыл гидромелиоративті құрылыс иниститутының гидромелиорация факультетіне түсіп, озат студенттер қатарын толықтырды. Бес жыл сапалы білім алумен қатар студенттік құрылыс отрядтарының көрігін қыздырған азамат 1981 жылы инженер-гидротехник мамандығы бойынша бітіріп диплом алды.
Шалабай алғашқы еңбек жолын Алматы облысы Талғар қаласындағы «Иссыкводострой» трестіне қарасты ПМК-130 мекемесінің дренаж желісін жүргізу жұмыстарына мастер болып бастады. Осы мекемеде Үлкен Алматы Каналы «Құрам» гидроузелі құрылысын жүргізген.
1982 жылы Мойынқұм ауылында (бұрынғы Фурмановка) «Шусовхозводострой» трестіне қарасты ПМК-45-ке ауысып, осы аудандағы ауыз су мен егістіктердегі су желілерінің құрылысын жүргізді. 1987-2004 жылдар аралығында Мойынқұм ПМК-2006 мекемесінде тұрғын үйлер, балабақшалар, аурухана нысандарын салу жұмыстарына тікелей қатысты.
2004-2008 жылдар аралығында астаналық «АДСТ-К» ЖШС-і бас геодезисі болып Ақтөбе облысындағы «Қарабұтақ-Комсомол» тас жолы, ШарӨскемен қалалары арасындағы теміржол құрылысын сәтті жүзеге асырды. 2008 жылы «БИНОМ» ЖШС-де Тараз қалалық бейімдеу орталығы ауруханасы құрылысында прораб қызметін атқарды. 2010-2017 жылдары Тараз Гео проект «Люкс» ЖШС-де жобалаушы қызметін атқара жүріп 400-ден астам нысанның жұмысын жобалап авторлық қызмет атқарады. Жүктелген міндеттемелерге асқан жауапкершілікпен қарайтын, өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін.
2017 жылы облыс әкімдігігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасы берген сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында сараптамалық жұмыстар мен инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын сарапшы аттестатын алды. Осы аттестат негізінде «Еxpert opinion» ЖШС-де 2017 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін еңбек етіп келеді. Сметалық бағытта сараптамалық жұмыстарға қатысады. Жұмысына адал маманның бойындағы асыл қасиеттерін ескере отырып және облыстың әлеуметтікэкономикалық дамуына қосқан қомақы үлесі үшін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне орай облыс әкімдігінің грамотасымен, сонымен қатар, ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп «Еңбек ардагері» медалімен, Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы төсбелгісімен мараппаталған.
Жұбайы Нұржан Жаманқұлова екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген бақытты отбасы. «Ағайынның аты озғанша ауылдастың тайы озсын» демекші, Шәкеңмен Тараз қаласы Арай алқабында көрші болып, тонның ішкі бауындай араласқанымызға он жыл толып отыр. Оның ұл-қыздары, немерелері де қазір еңбек көркін қыздырып жүр.
Бейбіт БАЙСАРИЕВ
Т. Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы
Тараз қаласы