Денсаулық

Жүректен шыққан жанашырлық

Жаңа жылдың алғашқы күні, 1 қаңтар – барлық қызметкерлер үшін заңды демалыс. Түн ортасында Жаңа жылды отбасымен күткен көпшілік таң атса да ұйқы құшағынан арыла алмай, тыныштық орнаған. Біздің үйде де бәрі ұйқыда болуы керек еді, бірақ 4 жасар баламның жылаған даусынан оянып кеттім. Қарасам, тісі іріңдеп, беті ісіп кеткен. Балаға қиын, «Баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма қадалсын» дейтін ата-анаға одан да оңай емес.

Сол мезетте аудандық аурухананың бас дәрігері, мәслихат депутаты Бағлан Жүнісбековке хабарластым. «Мереке ғой, жұмыста емеспін, демалыс қой» демеді. Сөзге келмей, бірден жұмыс орнына бізбен бірге барды. Ең қызығы, балам әдетте «аурухана» деген сөзден-ақ шошитын. Ал бұл жолы дәрігермен отырып, біраз әңгімелесіп алды. Жылы сөз, адамға деген сыпайы қарым-қатынас дегеніңіз ең мықты ем ғой, шіркін. Балам дәрігермен етене сөйлесіп, жылышырайын байқағаннан кейін ғана екпесіне де, тісін жұлдыруға да келісіп отыр. Рентгенге түсірілді, жансыздандыру жасалды да тіс әпсәтте алынды.

Иә, ауырсынған сәттері болды, аздап жылап та алды, бірақ балам әлі күнге дейін сол дәрігерге «рақмет» айтып жүр. Осының өзі-ақ көп нәрсені аңғартады емес пе? Менің айтайын дегенім – мереке күні, жұрттың бәрі дастарқанын түгендеп, отбасының жанында жүретін уақытта да біздің дәрігердің қызметіне адал болып, ауру қысқандарға көмек көрсеткеніне шын разы болдым. Мұндай әрекет – жай мамандық емес, бұл – адамдық.

Бағланның бүгінгі жетістігінің түбі, меніңше, ақкөңілділігі мен еңбекқорлығында. Депутаттығы бар, меценаттығы бар, ең бастысы – Мойынқұмға шын жанашырлықпен қарайтын азамат. «Отызында орда бұзу» дегенді мен дәл осылай түсінемін, қоғамға пайдаң тисін, елдің алғысын ал. Өйткені ақшасы бардың бәрі ел үшін жүгірмейтінін көріп жүрміз. Көбісі өз басының ғана қамын күйттейді. Ал Бағланның аудан дамуына қосқан үлесі көзге көрініп тұр, мақтанышпен айтуға лайық.

Тағы бір ұнайтыны – эмоциясын жасырып қалмайтын, керек жерде турасын айтатын мінезі бар. Иә, бәріне бірдей ұнай беру мүмкін емес. Бірақ барлығына ұнауға тырысу да міндет емес шығар. Ең маңыздысы – халыққа шын қызмет ету. Осындай жастардың билік басында, елдің ортасында жүргені қуантады. Өйткені елді алға сүйрейтін нәрсе – жасандылық емес, жүректен шыққан жанашырлық.

Жүрегі ел деп соққан азаматтың ісі де елге қызмет етеді. Бағланға еңбегінің берекесі арта беруін тілеймін.

 

Айдос ҚОСЫБАЙ

Мойынқұм ауданы