Денсаулық

Мереке түні де науқастардың жанынан табылды

Мерекелердің ішінде Жаңа жыл басталар мейрамды көпшілік отбасымен бірге өткізіп, жанына жақындарды қуантуға барын салады. Сондықтан да жаңа жыл басталар 31 желтоқсанның түнін әркім өз жанұясымен бірге мерекелік дастарқан басында көңілді отырыспен өткізеді. Елдің осы бақытты шағының берекесін қашырмау үшін қаншама қызметкерлер өз отбасының қасында бола алмай, қызметтік кезекшілікте тұратынын көбіміз ескере бермейміз. Сондай жауапты қызметте болатындардың бірі – дәрігерлер.

Антына адал ақхалаттылардың мереке түнгі кезекшілігі туралы білмек үшін Тараз қалалық перинаталдық орталығында және облыс орталығынан шалғай орналасқан аудандардағы аурухана қызметкерлеріне хабарластық. Мәселен, Сарысу аудандық орталық ауруханасының хирург дәрігері Маханбет Жұматаев мереке түніндегі кезекшілігінде кездестірген түрлі жағдайларға куә болған. Ел өз үйінде Жаңа жыл күтіп, мерекелеп жатқанда алуан ахуалға тап болған науқастардың жанына батқан аурудан құтқаруға араша түскен.

Дәрігердің ескертуі орынды. Мереке ел аман, жұрт тынышта ғана жоғары деңгейде өтеді. Бір сәттік қызық үшін орны толмас өкінішке душар болмауды үнемі есте сақтаған жөн. Әсіресе мерекелік болса да жарылғыш заттардың зардабы жиі көрініс беріп жүр. Қалың жұртшылық өз жақындарының ортасында мерекелеп жатқанда қызметтік міндетін атқарып жұмыста жүретін дәрігерлер қауіпке душар болған өмірді құтқару үшін күрескеннен гөрі дүние есігін ашқан нәрестені қарсы алып, қуантқаны қандай ғанибет.

Дәл 31 желтоқсанның түнінде есіктен енген жаңа жылмен бірге Тараз қаласында 5 ана босанып, 1 қаңтардың таңында бір ұл жарық дүние есігін ашқан.

Нұршат Қадірбекқызының сүйіншілеген жаңалығын жалғасақ, жалпы еліміз бойынша 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні 254 нәресте туылған. Ең қызығы – бұл жаңа жылдың алғашқы сағаттарында дүние есігін ашқан сәбилердің саны ұлдар мен қыздар арасында тең бөлінген.

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, осы түні туылған нәрестелердің басым бөлігі Түркістан облысында дүниеге келген, яғни 29 сәби. Одан кейінгі орында Шымкент қаласы 24 баланың туылуымен алға шықса, 22 шақалақ Астана қаласында, ал Алматы шаһарында 21 нәресте жарық дүние есігін ашқан. Өткен 2025 жыл кірген түні елімізде 181 бала туылған болатын. Олардың 105-і ұл, 76-сы қыз бала еді. Ол кезде де ең көбі, яғни 34 нәресте Түркістан облысында дүниеге келген. Қанша сәби туылса да дені сау және мол ырыздығымен келіп, елдің бағына біткен перзент болсын деп тілейміз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА