Күн сайын 200 адам келеді
Қазақстан Халық партиясынан сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кенжеғұл Сейтжанов Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында болды. Бұл орталық осыдан бір ай бұрын көпшілік игілігіне берілген болатын.
Мұнда әсіре се қарттарға барлық жағдай жасалған. Депутат орталықтағы негізгі ұсынылып отырған бағдарламалармен танысты. Басқарма басшысы Еркін Келесов мұнда жасы ұлғайған азаматтар үшін қоғамдық және мәдени іс-шараларға белсенді қатысуына бар мүмкіндік жасалып отырғанын тілге тиек етті.
Ал облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова ардагерлердің белсенді өмір сүруі үшін, шығармашылықпен, спортпен айналысуына барлық мүмкіндік қарастырылып, олардың барлығы заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталғанын айтты. Қазір мұнда күніне 200 адам келсе, оларға 26 бағыт бойынша қызмет көрсетіліп отыр.
Мұндағы бір курстың ұзақтығы үш ай. Сондай-ақ депутат өз кезегінде мемлекет зейнеткерлер мен ардагерлерге барлық қолдау көрсетіп отырғанын, алдағы уақытта әлі де жаңа бағытта қолдау болатындығын айтып өтті.
Ерман ӘБДИЕВ