Жаңалықтар

Зейнеткерлер шипажайға жолдама сұрайды

Облысқа іссапармен келген «Ауыл» партиясынан сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қарақат Абден жұмыс жоспарына сәйкес, бірқатар кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандарды аралап, жұмысымен танысты, ауыл тұрғындарымен кездесті.

Алдымен облыс орталығында орналасқан «Сәуле» кондитерлік фабрикасының жұмысымен танысты. Жылына 2100 тонна өнім өндіретін фабрика басшысы Сәуле Жаңабекова зауыттың жұмысы, тыныс-тіршілігі туралы жан-жақты ақпарат берді. Жобаның жалпы құны 1,2 миллиард теңгені құрайды. Облыс орталығында орналасқан кәсіпорын жылына 2160 тонна өнім өндіруге қауқарлы.

Кәсіпкер 2016- 2017 жылдар аралығында жабдық сатып алуға және коммерциялық жылжымайтын мүлікті қайта жаңартып, вафли өндіретін желі сатып алу үшін мемлекеттік бағдарлама аясында несие алған. Кондитерлік өндіріс цехы негізінген вафли түрлерін шығарумен айналысады. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қомақты қаржыға несие алып, жұмысын жандандырып отырған кәсіпорын өңір экономикасын арттыруға өз үлесін тигізуде. Фабрикада бастауыш партия ұйымы да ашылған.

Мәжіліс депутатының кезекті жұмыс сапары «Қазфосфат » жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Минералды тыңайтқыштар зауытында жалғасты. Қарақат Абден кәсіпорын ұжымымен кездесу өткізіп, зауыттың өндірістік қызметімен, еңбек жағдайымен және жұмыс үдерісімен танысты. Кездесу кезінде зауыт қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелері, еңбек қауіпсіздігі, өндірісті дамыту және жұмысшыларды қолдау бағытындағы ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Сондай-ақ кәсіпорынның аймақ экономикасындағы маңызы мен өндірістік әлеуеті талқыланды. Мұндай кездесулер өндіріс саласындағы өзекті мәселелерді анықтауға және еңбек ұжымымен кері байланысты нығайтуға мүмкіндік беретіні анық. Ал Байзақ ауданына қарасты Үлгілі ауылындағы «JS GLASS» шыны зауытының жұмысымен танысқан Мәжіліс депутаты Қарақат Абден кәсіпорын жұмысына оң баға берді. Шыңдалған шыны шығаратын «JS GLASS» зауыты былтырғы жылдың 4 маусымында іске қосылған болатын. Индустриялық жобаны жергілікті кәсіпкер, «JS GLASS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Жамалхан Ибрагимов өз қаржысы есебінен қаржыландырып, сәтті жүзеге асырған. Инвестиция көлемі – 1 миллиард теңге. Кәсіпорын жылына 100 мың шаршы метр шыңдалған шыны өндіре алады.

Бүгінгі күнге дейін шамамен 43 мың шаршы метр өнім шығарылған. Өндірісте сапа мен қауіпсіздік талаптарына сай заманауи технологиялар қолданылады. Шыны өңдеу кешенінде 40 шақты ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт ең әуелі өңірдің ішкі нарығын шыңдалған шынымен қамтамасыз етіп, артығын Алматы және Түркістан облыстарының құрылыс компанияларына жөнелтіп отыр. Осылайша, бір жағынан импортқа тәуелділік қысқарса, екінші жағынан жергілікті кәсіпорындар үшін құрылыс материалдарына қолжетімділік артады. Айта кетейік, бұл өндіріс орнында бастауыш партия ұйымы да бар. Сондай-ақ Қарақат Жақсылыққызы Агробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығының жұмысымен танысты.

Нысанды аралау барысында ауыл шаруашылығы саласындағығы алымдармен кездесу өткізіліп, орталықтың негізгі бағыттары мен атқарып жатқан жұмыстары талқыланды. Жер көлемі 7,2 гектарды құрайтын, 2014 жылы ашылған орталықтың басты мақсаты – жылыжай шаруашылығын оқу процесінде қолдану, ғылымизерттеу жұмыстарын жүргізу, білім тарату және ғылыми жетістіктерді демонстрациялық парк ретінде көрсету. Орталық қызметкерлері депутатқа жұмыс барысын таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Мұндай ғылыми орталықтар аграрлық саланы дамытуда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.

Қазақстандағы балық шаруашылығы – әлі толық ашылмаған әлеуетке ие сала. Соңғы уақытта аквакультура бағытында қолға алынған жобалар шетелдік сарапшылардың да назарын аударуда. Іссапар барысында Мәжіліс депутаты Қарақат Жақсылыққызы Шерхан Мртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің балық шаруашылығына қатысты бастамаларын жоғары бағалап, оны аймақтық даму құралы ретінде атап өтті. Бұл ғылыми зерттеу орталығына былтыр жапондық Фуратт Госи Ко. Лтд. Дайчу Корпорейшн, КПМГ АЗСА және Хидака албырт өсіру қауымдастығының өкілдерінен құралған салмақты делегация ресми сапармен келген болатын. Депутат үшін мұндағы мамандармен кездесу – миссия емес, нақты ғылыми кооперация мен ауыл шаруашылығындағы технологиялық серпіліс бағытында жасалған маңызды қадам болды. Сапар барысында депутат университет әкімшілігімен және профессорлықоқытушылық құраммен кездесіп, зертханалар мен оқу базаларымен танысты.

Зертхана меңгерушілері арнайы презентация жасап, іске асырылып жатқан ғылыми жобалар мен зерттеулер жайында кеңінен ақпарат берді. Жамбыл облысы секілді климаты құрғақ, бірақ су ресурстары ыждағатты түрде пайдаланылатын өңірлер үшін бұл сала – болашақтың мүмкіндігі. Сомен қатар депутат Қарақат Абден жұмыс сапары аясында Байзақ ауданы Жетібай ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулаторияның ұжымымен кездесті. Кездесуде депутат медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасымен, көрсетіліп жатқан медициналық қызметтердің сапасымен және медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайымен танысты.

2024 жылы пайдалануға берілген амбулаторияның жағдайы жақсы, заманауи талаптарға сай жабдықталғаны атап өтілді. Аталған медициналық мекеме 3170 тұрғынға қызмет көрсетеді, оның ішінде 882 бала бар. Қазіргі таңда амбулаторияда 21 медицина қызметкері еңбек етеді. Жиында медицина қызметкерлері өзекті мәселелер мен ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Атап айтқанда, бас дәрігер Болдыбек Аянбаев амбулаторияға жедел жәрдем көлігінің қажеттілігін көтерді. Өз кезегінде депутат ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуы – халық денсаулығын нығайтудың басты кепілі екенін атап өтіп, көтерілген мәселені тиісті органдарға жеткізіп, шешілуіне ықпал ететінін, қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Ал Жетібай ауылының тұрғындарымен кездесуде депутат тұрғындардың көкейкесті мәселелерін тыңдап, әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты ұсыныс-пікірлеріне назар аударды. Ауыл тұрғындары т арапынан бірқат ар маңызды мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, «Қазпошта» бөлімшесінің жағдайы – ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, жылу жүйесін жаңарту қажеттілігі бар екені айтылды.

Бұл мәселе тұрғындар үшін, әсіресе қарт адамдарға қызмет көрсетуде қиындық туғызатыны жеткізілді. Сондайақ ауылда 227 зейнеткер бар екені атап өтіліп, әлеуметтік-сауықтыру санаторийлеріне жолдамаларды ардагерлер мен зейнеткерлерге көбірек бөлу жөнінде өтініш айтылды. Кездесуде 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие арқылы мал шаруашылығын дамыту бағдарламасына қатысқан тұрғындар мал басын көбейткенін, алайда жайылым жердің жетіспеушілігі өзекті мәселеге айналып отырғанын жеткізді. Осыған байланысты жайылым жер мәселесін шешу ауыл үшін аса маңызды екені көтерілді. Қарақат Абден өз сөзінде ауылдық аумақтардың дамуы, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және ауыл шаруашылығын қолдау – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтіп, көтерілген мәселелерді тиісті мемлекеттік органдарға жеткізіп, оң шешімін табуына ықпал ететінін айтты. Аққия ауылында салынған жаңа 100 орындық мектептің құрылыс барысымен т анысқан депут ат мектеп ұжымымен кездесті.

Аталған әлеуметтік нысанның тапсырыс берушісі – Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы. Жобалаушы мекеме – «Су Құрылыс Проект», бас мердігер – «Тараз құрылыс Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобаның жалпы құны – 1 миллиард 403 миллион 153 мың теңге. Мектеп құрылысына бөлінген жер телімінің аумағы – 1,6 гектар, ал ғимараттың жалпы ауданы – 2 465 шаршы метр.

Құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталған. Депутат құрылыс жұмыстарының сапасына, мерзімінде орындалуына, сондайақ болашақта оқушыларға қолайлы және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Қарақат Жақсылыққызы ауылдық жерлердегі білім беру инфрақұрылымын дамыту – мемлекет саясатының маңызды бағыты екенін атап өтіп, жаңа мектептің пайдалануға берілуі ауыл балаларының сапалы білім алуына және өңірдің әлеуметтік дамуына оң әсерін тигізетінін айтты.

 

 

Бетті дайындаған Ерман ӘБДИЕВ