«Қара кемпірдің» музейі ашылмақ
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Мұқаш Ескендіров пен Әбутәліп Мүтәлі, сондай-ақ Amanat партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов Меркі ауданында болып, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс барысымен танысты.
Іссапар барысында делегация Қызылсай ауылында ашылуға дайындалып жатқан «Қара кемпір апа» музейіне барды. Музейдің негізі белгілі композитор Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір» әніне арқау болған соғыс жылдарындағы аналар бейнесіне құрылған. Жобаны жүзеге асыруға кәсіпкер, зергер Берік Әлібай демеушілік жасауда. Музейдің ашылуы алдағы уақытта жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, партия өкілдері Қызылсай ауылында салынып жатқан «Андас-1, 2, 3» су қоймаларының құрылысымен танысты. Су тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған бұл жобалар 2027 жылы толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Құрылыс жұмыстары партияның тұрақты бақылауында. Сондай-ақ сапар аясында Мәжіліс депутаттары мен партия өкілдері Ойтал ауылдық округінде салынып жатқан аспалы көпірдің құрылысын да көрді. Құрылыс жұмыстарының 70 пайызы аяқталған. Жоба іске қосылғаннан кейін тұрғындардың қауіпсіз қозғалысы қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар Тәтті ауылындағы М. Мәметова атындағы мектеп-интернатының 35 орындық жатақханасымен танысты. Ашығын айту керек, оқушылардың жатын орыны күрделі жөндеуді қажет етеді. Ол үшін 80 миллион теңге қаржы керек. Бұдан бөлек, Меркі ауылынан тау шатқалына дейінгі ұзындығы 5,5 шақырымды құрайтын велосипед және жаяу жүргіншілер жолының құрылысы да қарқын алған.
Аталған жоба өңірдегі туризмді дамытуға бағытталған. Жолды жазғы маусымға дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл нысандар партияның тұрақты бақылауында.
Ерман ӘБДИЕВ.