Тау тұлғаға тағзым
12 қаңтар – аса көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туған күні. Дінмұхамед Ахметұлы – қазақ елінің өркендеп, өсуі жолында аяусыз еңбек еткен дара тұлға. Ол ұлағатты өмірінің 42 жылында Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті мен Қазақстан Кеңестік Республикасы Министрлер кеңесінде еңбек етті. Оның ішінде 25 жыл Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін абыройлы және асқан жауапкершілікпен атқарды.
Ол республиканы жемісті басқарып, мемлекеттің дамуы жолында аянбай тер төкті. Тіпті, көптеген ауыр мәселелермен бетпе-бет келіп, қарапайым халық жағында болды. Ол жауапты қызметін тапсырғаннан кейін де халықпен бірге жүріп, елдің ортасынан кеткен жоқ. Қазіргі таңда елімізде үлкен қалаға және бірнеше мектеп, көше, орталықтарға дара тұлғаның есімі берілген. Еліміздің еңкейген қарты мен еңбектеген сәбиіне дейін Дінмұхамед Ахметұлы есімін ардақтап, рухына құрметпен қарайды. Әрқашан адалдықты ту еткен, ел мүддесін жоғары ұстаған биік тұлға мұндай құрметке әрқашан лайықты. Дара тұлғаның туған күніне орай Дінмұхамед Қонаевтың Тараз қаласындағы еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Алдымен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев зиялы қауыммен бірге қазақ халқының аяулы перзентінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Маралтай Райымбекұлы да жиналған көпшіліктің ортасынан табылды. Ол Д.Қонаевтың биік қасиетін қамтып жазған бірнеше өлеңнің авторы. Мұнан соң облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов бастаған азаматтар да дара тұлғаның рухына құрметтерін көрсетті.
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков бастаған тараздық ардагерлер мен зиялы қауым да бұл сауапты істен шет қалған жоқ. Сонымен қатар жоғары және арнаулы оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары, студенттері, желтоқсаншылар, халықаралық «Қонаев қоры» облыстық филиалының мамандары, «АulieataMedia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлы, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов бастаған белсенді азаматтар, облыстық және Тараз қалалық мәслихаттың депутаттары, департаменті, басқармалар мен бөлім басшылары, қоғамдық және саяси ұйымдардың, жастар орталықтарының өкілдері, әскери бөлімдердің сардарлары мен сарбаздары, Тараз қаласының бірқатар тұрғындары дара тұлғаның ескерткішіне гүл қойып, құрметтерін көрсетті.
Гүл қою рәсімінен кейін де көпшілік дара тұлғаны еске алып, ғибратқа толы естеліктер айтып, өздерінің Дінмұхамед Ахметұлына деген шынайы көңілдерін көрсетті.
Есет ДОСАЛЫ