«Мақсат – студентті кәсіби маман ретінде ғана емес, тұлға ретінде қалыптастыру»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – академиялық білім аймағы» стратегиялық серіктестер форумында сөйлеген сөзінде «Білім мен ғылым – әлемді өзгерте алатын ең басты күш, ал университет – озық ойлар мен жаңа идеялардың ордасы, ғылыми ізденіс ортасы» деген еді. Жаңашылдыққа ұмтылған еліміздің билігі бүгінде ғылымға айрықша көңіл бөліп, ілім іздеген жастарға барынша қолдау көрсетіп отыр. Ғылыми жетістіктермен табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, шаруашылықты дамытудың жаңа жолын табу, тұрмыс сапасын жақсарту көзделуде. Әрине, ол үшін әр саланың сырын ұққан сапалы маман қажеті белгілі. Өңірімізде бір жыл бұрын ашылған Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде осы уақыт ішінде нендей игі істер атқарылуда, қандай жетістіктерге қол жеткізілді, осы сұрақтарға жауап іздеп, университет ректоры Кәмшат Түсіповамен сұхбаттастық.
Кәмшат ТҮСІПОВА, Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ректоры:
«Мақсат – студентті кәсіби маман ретінде ғана емес, тұлға ретінде қалыптастыру»
Француз жазушысы Оноре де Бальзактың «Сұрау белгісі – барлық ғылымдар кілті» дегеніндей, ғылымды дамытуда, жастарды ғылымға тартуда Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті тарапынан қандай қолдау барын білуге асықтық.
– Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің Таразда ашылғанына бір жылға жуықтады. Содан бері атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз. Қандай нәтижелерге қол жеткізілді?
– Бір жыл – уақыт жағынан қысқа көрінгенімен, университет үшін өте мазмұнды әрі қарқынды кезең болды. Университет 2025 жылдың ақпан айында білім беру қызметін бастап, қысқа мерзім ішінде толыққанды академиялық, ғылыми және ұйымдастырушылық жүйесін қалыптастырып үлгерді. Бүгінде Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде 66 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Оның ішінде бакалавриатта – 30, магистратурада– 23, докторантурада – 13 бағдарлама бар. Бұл су ресурстарын басқару, ирригация, гидротехникалық құрылыс, экология, инженерия және аграрлық бағыттарды қамтитын толық академиялық цикл. Университеттің профессорлықоқытушылар құрамы да жүйелі түрде қалыптасты. Қазіргі таңда 145 оқытушы еңбек етеді. Олардың қатарында 8 ғылым докторы, 31 ғылым кандидаты, 10 PhD доктор, 49 магистр және 13 өндірістік тәжірибесі бар практик маман бар. Бұл – теория мен тәжірибенің үйлескен ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар біз университетті тек білім беретін мекеме ретінде емес, ғылым мен өндірісті тоғыстыратын ұлттық орталық ретінде дамытып отырмыз. «Қазводхоз», ғылыми зерттеу институттары, су қоймалары, гидрометеорологиялық қызметтермен дуальды оқыту жүйесі жолға қойылды. Университет базасында мелиорациялықәдістемелік кешен мен технопарк қалыптастыру жұмыстары басталды. Ғылыми қызметке келсек, университет ғалымдары климаттың өзгеруі жағдайындағы су тапшылығы, эколого-экономикалық тиімділік, ирригацияны жаңғырту мәселелеріне арналған мемлекеттік гранттық ғылыми жобаларды жүзеге асыруда. Қазіргі таңда университетте 8 ғылыми-инженерлік мектеп жұмыс істейді. Бұл – бір жыл ішінде қол жеткізілген маңызды нәтижелердің бірі.
– Университеттің Жамбыл облысында ашылуына қуаңшылық пен су шаруашылығы мамандарының тапшылығы себеп болғаны белгілі. Осы мәселені шешу бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Жамбыл өңірі – су ресурстарына тәуелді аймақ. Сондықтан университеттің бұл өңірде ашылуы – нақты сұраныстан туындаған шешім. Біз білім беру мазмұнын өңірдің ерекшелігіне бейімдедік. Оқу бағдарламаларына Smart Water, гидроинформатика, SCADA, GIS, спутниктік мониторинг, су үнемдейтін ирригация жүйелері енгізілді. Ғылыми зерттеулеріміз фермерлер мен су пайдаланушылардың нақты мәселелерін шешуге бағытталған. Университет базасында тәжірибелік пилоттық алаңдар құрылып, ғылыми нәтижелер өндірісте сынақтан өтуде.
– Студенттердің жан-жақты білім мен тәрбие алуына оқу орны тарапынан қандай жағдайлар жасалған?
– Біз студентті тек кәсіби маман ретінде емес, тұлға ретінде қалыптастыруды басты мақсат етеміз. Университетте жаңа коворкинг аймақтары, жайлы жатақханалар, kino time форматындағы мәдени кеңістіктер, компьютерлік ойындар залы жұмыс істейді. Сонымен қатар Hydro Student Club, «Жастар рухы» секілді бастамалар бар. Студенттердің құқығы мен ұсыныстарын қорғауға арналған студент омбудсмені институты енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар 2026 жылы одан әрі тереңдетіледі.
– «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді халық. Университеттің оқытушылар құрамының әлеуеті жайлы айтсаңыз.
– Біздің басты артықшылығымыз – кадрлық әлеует. Университетке академиялық білімімен қатар, өндірістік тәжірибесі бар мамандар тартылып отыр. Сонымен бірге халықаралық тәжірибесі бар профессорларды шақыру, жас ғалымдарды қолдау, ғылыми мектептерді дамыту – біздің тұрақты бағытымыз.
– Білімнің бәсекеге қабілетті болуы үшін халықаралық байланыстар қалай дамып жатыр?
– Халықаралық ынтымақтастық – университет дамуының стратегиялық бағыты. Біз серіктес жؘоғары оқу орындарын таңдауда олардың QS және THE (Times Higher Education) әлемдік рейтингтеріндегі орнына ерекше мән береміз. Бүгінде университет Швециядағы Лунд университетімен тығыз жұмыс істейді. Бұл университет QS рейтингінде әлемнің ТОП-100 жоғары оқу орнының қатарына кіреді. Су ресурстарын басқару, климаттың өзгеруі, жасанды интеллект және қашықтан зондтау бағыттарында бірлескен зерттеулер жүргізілуде. Венгриядағы Корвинус университеті – Еуропадағы ТОП100 үздік бизнес-мектептің бірі. Осы университетпен бірлесіп, су ресурстарын басқару және су дипломатиясы саласында Double Degree – қос дипломды магистратура бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, Қытайдағы Солтүстік Қытай су ресурстары және электр энергетикасы университеті QS Азия рейтингінде 400-500 орындар аралығында. Венгрияның Óbuda University университеті THE рейтингінде 600-800, QS рейтингінде 200-250 аралығында орналасқан. Университет саясатына сәйкес, әрбір студент кемінде бір семестрді шетелдік серіктес университетте академиялық ұтқырлық немесе қос диплом бағдарламасы аясында оқуы тиіс. Тағы бір айта кетерлік жаңалығымыз – университетіміз Лунд университетінің жетекші ғалымдары Ронни Бёрдтссон, Кеннет Перссон, Амир Нагхиби және Хоссейн Хашемимен Орталық Азиядағы цифрлық су барлау бағдарламасын әзірлеуде. Бағдарлама тасқын су басу қаупі бар аймақтарды болжау жүйесін ғылыми сүйемелдеуге бағытталған. Лунд университеті – Еуропадағы гидрология, климаттық талдау және су ресурстарын басқару салалары бойынша алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтардың бірі. Университетіміздің магистранттары Венгриядағы беделді Корвинус университетінде қо с дипломды магист ратура бағдарламасы аясында білім алатындарын әлгінде айтып өткен едік, олар халықаралық деңгейдегі тәжірибелерін жалғастыруда. Бағдарламаның сапасын арттыру және еуропалық тәжірибені тікелей меңгерту мақсатында магистранттар үшін Венгрияның энергетика министрлігінің өкілдері, қалалық суканализация қызметінің басшылары, су жеткізу компанияларының жетекшілері арнайы дәріс оқып тұрады. Дәрістер барысында білім ізденушілеріміз су ресурстарын басқару, қалалық инфрақұрылымды тиімді жо спарлау тәсілдерін талқылайды. Сонымен қатар су сапасын бақылау, суды үнемдеу, климаттық өзгерістерге бейімделу мәселелерін талқыға салады. Венгрия – су ресурстарын басқару бойынша Еуропадағы озық мемлекеттердің бірі екенін айта кеткен жөн. Қорыта айтқанда, студенттерімізге халықаралық жоғары тәжірибемен білім алулары үшін әлемдегі озық университеттермен байланысып, ғылыми ынтымақтастықта жұмыс жүргізіп отырмыз.
– Биылға межеленген жоспарлармен бөліссеңіз. Халықаралық ынтымақтастық қалай дамиды?
– 2026 жыл – университет үшін халықаралық серпін жылы болмақ. Алдағы жоспарларымыз ауқымды. Қытайдағы Солтүстік Қытай су ресурстары және электр энергетикасы университетінің Oversea Institution ашу жоспарланып отыр. Бұл жоба аясында Қазақстан мен Қытай гранттары бойынша шамамен 100 студент қабылданады. Сонымен қатар университеттің филиалын немесе мектебін Ауғанстан мен Африка елдерінде ашу, Біріккен Ұлттар ұйымының Су, қоршаған орта және денсаулық институтының Орталық Азиядағы хабын құру көзделуде. Шетелдік инженерлер мен гидрологтарды тарту, Орталық Азия, Үндістан және Еуропадан шетелдік студенттер қабылдау жоспарланған. Швеция және Финляндия серіктестерімен Digital Waters және Digital Water Intelligence in Central Asia бағдарламалары іске асырылады. Сондай-ақ колледждермен бірге сабақтастыққа негізделген білім беру «линейкасы» қалыптастырылады.
– Жамбылдық жастардың игілігі, ел ертеңі үшін өзіңіздің қандай бастамаларыңыз бар?
– Менің басты ұстанымым – жастар өз өңірінде отырып, әлемдік деңгейде білім алуы тиіс. Университет Жамбыл жастары үшін әлеуметтік лифтке айналуы керек.
2026 жылдан бастап әлеуметтік GPA, өзін-өзі жетілдіру бағдарламасы, әскери-патриоттық, әлеуметтік және тәрбиелік мазмұндағы іс-шаралар жүйелі түрде енгізіледі. Президент бастамаларымен сабақтас жобалар жүзеге асырылады. Ең бастысы – елге қызмет ететін, жауапты әрі білімді жас буынды қалыптастыру.
– Елімізде қолға алынатын жаңа бастамаларды Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген көлемді сұхбатынан біліп жатырмыз, осыған қатысты қандай айтарыңыз бар?
– Бұл – жай ғана жыл қорытындысы емес, ел дамуының жаңа кезеңіне арналған терең стратегиялық бағдар. Мемлекет басшысының ойтұжырымдары қоғамның барлық саласына, соның ішінде білім, ғылым және су ресурстарын басқару бағыттарына тікелей қатысты. Сұхбаттан айқын аңғарылатын басты ұстаным – әділдік, заң мен тәртіпке негізделген жаңғыру. Президент экономикалық өсімді нақты деректермен көрсете отырып, тоқмейілсуге жол жоқ екенін ашық айтты. Бұл – біз, жоғары білім мен ғылым өкілдері үшін де маңызды сигнал. Себебі елдің ұзақ мерзімді дамуы тек инфрақұрылым мен қаржыға емес, зияткерлік капиталға, яғни сапалы білім мен қолданбалы ғылымға сүйенеді. Президент инфрақұрылым, энергетика, ауыл шаруашылығы туралы айтқанда, су мәселесі бұл салалардың бәрін біріктіретін түпқазық екенін жанама да, тікелей де көрсетті. Инфляцияны тежеу, тарифтерді әділетті қалыптастыру, ауыл шаруашылығын өнімді ету – мұның бәрі тиімді су басқаруынсыз мүмкін емес. Бұл ретте су ресурстары мен ирригация саласына кәсіби кадрлар даярлау, ғылым мен практиканы ұштастыру – стратегиялық міндет. Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті осы жауапкершілікті терең сезінеді. Біз су дипломатиясы, су қауіпсіздігі, климаттық өзгерістерге бейімделу, цифрлық су мониторингі сияқты бағыттарды дамыту арқылы Президент атап өткен жаңа экономикалық модельге нақты үлес қосуға дайынбыз. 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау – уақыт талабына сай батыл шешім. Су саласы да бұл үрдістен тыс қалмауы тиіс. Ақылды ирригация, деректерге негізделген су бөлу, жасанды интеллект арқылы болжау – мұның бәрі ғылым мен жоғары технологияға сүйенеді. Университеттер дәл осы жерде өзгерістердің драйверіне айналуы керек. Президенттің әлеуметтік әділдік, масылдыққа жол бермеу, нақты еңбекке сүйенген қоғам құру туралы ойлары білім саласына да тікелей қатысты. Біз болашақ су мамандарын тек диплом иесі ретінде емес, ел тағдырына жауапты кәсіби тұлға ретінде тәрбиелеуге міндеттіміз. Су – тек ресурс емес, ол – экология, экономика және қоғамның тұрақтылығы. Бұл сұхбаттан мен бір анық ой түйдім: Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне батыл қадам басты. Ендігі міндет – осы стратегиялық бағытты нақты іспен толықтыру. Университеттер, ғылыми орталықтар мен кәсіби қауымдастықтар Мемлекет басшысының реформалық күн тәртібін жүзеге асыруда алдыңғы шепте болуы тиіс. Біз су қауіпсіздігі мен тұрақты дамуды ел болашағының өзегі деп санай отырып, Президент ұсынған әділ, білімге сүйенген, технологиялық Қазақстанды бірге құруға дайынбыз.
Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА