Әлеумет

Еңбек кабинеттері жаңаша жабдықталып, кітапхана кеңейді

Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев әрқашан барлық бағытқа, оның ішінде білім беру саласына да ерекше көңіл аударып келеді. Жақында республикалық «Turkistan» газетіне берген бағдарламалық сұхбатында: «Мемлекет мұғалімдерге өте жақсы қолдау көрсетті. Олардың жалақысы бірнеше есе өсіп, қоғамдағы мәртебесі де арта түсті. Бұл дер кезінде қабылданған орынды шешім болды» деп атап өткен болатын Президент.

Ұстаздарға ғана емес, жаңа мектептердің салынуы мен жабдықталуына бөлініп жатқан қаражат аз емес. Оны әр қала, әр ауылдан байқауға болады. Жақында осындай игілікті іс - шараның куәсі болдық. Қарасаз ауылдық округінің аумағындағы Александр Пушкин атындағы аралас орта мектебінде ұлдар мен қыздарға арналған көркем еңбек кабинеттері және кітапхана заманауи үлгіде жабдықталып, кеңейтілді.

Аталған кабинеттер мен кітапхананың ашылуында лентаны Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы және еңбек ардагерлері Жұмат Баетов пен Айгүл Омарова қиып, жылы лебіздерін арнады. Аталған сынып бөлмелерін жабдықтауға аудандық білім бөлімі арқылы бюджеттен 21 миллион теңге бөлінген екен. Енді ұлдар мен қыздарға арналған кабинетте пәнге қатысты барлық жаңа жабдықтар бар. Қыздардың ас әзірлеп, тоқыма тоқу ісін үйреніп алуларына еш кедергі жоқ.

Сондай-ақ көркем еңбек пәнінің мұғалімдері Айжан Сейітбек пен Ернар Құрманалиев оқушылармен жұмыс барысында жаңа құралдарды пайдаланатын болады. Мектеп кітапханашылары Гүлмира Әбдірайымова мен Қарлығаш Байтөриеваның да қуанышында шек жоқ. Мұнда кітап қоры 40570 кітапты құраса, оның ішінде 6600-і көркем әдебиет. Кітапхана кеңейіп, қазақ классик жазушыларының қайта басылған кітаптарымен толығып отыр. Кітап оқуға қызығатын тұрғындар мен оқушылардың саны артып келеді. Q код арқылы да кітаптарды электронды нұсқада да оқуға болады. Ауылдағы және мектептегі 560 оқырманға барлық жағдай жасалған.

Мұнан соң мәжіліс залында өткен жиында аталған орта мектептің директоры Салтанат Жұмаханова аталған жұмыстар туралы айтып берді.

Соңыра мектеп оқушылары Айдана Жоламан, Айлин Жалилова, Мүсли Мұхамед өнерлерін көрсетіп, әннен шашу шашты. Жаңа еңбек кабинеттері мен кеңейтілген кітапхана ауыл тұрғындарына үлкен қуаныш сыйлады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Жуалы ауданы