Отбасы құндылығы мен гендерлік саясат әңгіме болды
Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында облыс әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов төрағалық жасап, күн тәртібінде үш негізгі мәселе қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы 2025 жылы мемлекеттік отбасылық және гендерлік саясатты іске асыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік және ақпараттық тапсырыстардың орындалу барысы туралы баяндады.
Баяндамашының айтуынша, өңірде гендерлік саясатты іске асыру және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Ағымдағы жылы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында отбасылық құндылықтарды нығайту, ана мен баланы қорғау, әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру және демографиялық саясатты ақпараттық қолдау бағыттары қамтылған.
Нәтижесінде бұқаралық ақпарат құралдарында жүздеген мақала мен материал, телеарналарда бірқатар бағдарламалар мен сюжеттер жарық көрген. Сонымен қатар «Заң және тәртіп» қағидаты аясында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыстық прокуратура жанынан Жобалық офис құрылып, оның аясында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылып, 2026 жылға арналған әлеуметтік және алдын алу бағытындағы жобалар тізімі де жасақталған. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде отбасы институтын нығайтуға және гендерлік теңдікті ілгерілетуге бағытталған бірқатар әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды.
Аталған жобалар семинар, тренинг, байқау және ақпараттық іс-шаралар арқылы мыңдаған тұрғынды қамтыды. Бұл жұмыстар тұрмыстық зорлықзомбылықтың алдын алуға және әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға оң ықпал етуде.
Жиын барысында облыс мәслихатының депутаты, Amanat партиясының облыстық филиалы жанындағы әйелдер қанаты жетекшісі Айман Ашимова халыққа гендерлік білім беру және ағарту, отбасы институтын нығайту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Заңдар нормалары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы есеп берді.
Сондай-ақ жиында гендерлік білім беру мәселелері және Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою халықаралық күрес күні аясында өткізілген «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясының нәтижелері тыңдалды. Сұрақ-жауап кезеңінде комиссия мүшелері өз ұсыныстарын білдіріп, пікір алмасты. Отырысты қорытындылай келе, аталған бағыттағы жұмыстарды жалғастыру және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту қажеттігі атап өтілді.
Мақпал СҮЙІНБАЙ