Әлеумет

Президент тапсырмасы қалай орындалып жатыр?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайдаланылмай жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару жөніндегі тапсырмасы Жамбыл облысында қалай орындалып жатыр? Жалпы алғанда жерді ұтымды пайдалану, сондайақ, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптарын қайта айналымға тарту мақсатында оларды мемлекеттік меншікке қайтару бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Қанатбек Серікбаевтің айтуына қарағанда, 2025 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі біздің өңірге 90 мың гектар жерді қайтаруды белгілепті. Осыған орай жылдың басында аудандар бойынша қайтарылуға жататын жерлердің жылдық және айлық жоспары облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабекпен бекітілген.

Өткен жылдың желтоқсан айындағы мәлімет бойынша көлемі 89,6 мың гектар жер қайтарылып, жылдық жоспар 99,5 пайызға орындалып отыр. Оның ішінде 74,5 мың гектар жайылым, 13,2 мың гектар егістік, 1,9 мың гектар басқа да жерлер және 425 жер учаскесі.

Сонымен қатар департамент 2024 жылы берілген нұсқама талаптарын орындамаған тұлғалардан көлемі 11,6 мың гектар жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою туралы сот органдарына талап арыз беріпті. Осының нәтижесінде көлемі 9,3 мың гектар жер учаскесі бойынша мәжбүрлеп алып қою туралы сот шешімі қабылданды және 2,3 мың гектар сотта қаралуда.

Өткен жылдың басында облыс әкімінің орынбасары Ә. Тамабекпен арнайы жол картасы бекітілген. Жол картасы бойынша аудандармен ұсынылған ақпараттарға сәйкес департаментпен облыс бойынша жалпы көлемі 163,8 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінде тексеру жұмыстары жүргізілді.

Нәтижесінде көлемі 149,2 мың гектар (егістік алқап – 2,3 мың гектар, жайылымдық алқап – 146,9 мың гектар) 223 ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерін пайдаланбай отырған тұлғаларға әкімшілік шаралар қолданылып, нұсқамалар беріліпті. Сонымен қатар салық мөлшерін 20 есеге ұлғайту үшін берілген нұсқамалар Кірістер департаментіне жолданды және нұсқама берілген жерлерге құқық ауыртпалығы қойылды.

Қазіргі кезде 78,3 мың гектар, оның ішінде 8,9 мың гектар егістік алқап, 69,4 мың гектар жайылымдық алқап және 302 жер учаскесінде (егістік алқап – 176 учаске, жайылым – 126 учаске) жерлерде тексеру жұмыстары ұйымдастырылып жүргізілуде.

Мемлекет меншігіне қайтарылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді елді мекендерге қосу және айналымға енгізу мәселелері туралы облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы Данияр Өтеповтің де айтары бар. Басқарма басшысының айтуына қарағанда, облыс бойынша 2022-2025 жылдар аралығында пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы алаңы 591,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның ішінде жайылымы – 499,9 мың гектар, егістігі – 37,0 мың гектар, бөгде жерлер – 4,4 мың гектар. – 2022-2023 жылдары көрсеткіш 400 мың гектар, қайтқаны 403,8 мың гектар, 2024 жылы көрсеткіш 80 мың гектарды, қайтқаны 102,5 мың гектар, 2025 жылы көрсеткіш 90 мың гектар қойылды, бүгінгі күнге 84,9 мың гектар қайтарылды, – дейді бұл жөнінде облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы Данияр Өтепов.

 

Оралхан ДӘУІТ