Жалын жедел ауыздықталды
Өткен жылдың 31 желтоқсаны күні сағат 22:18-де Тараз қаласы «Қарасу» шағынауданындағы №15 көпқабатты үйдің шатыры өртенгені туралы хабар түсті. Аталған тұрғын үйдің балконынан өрт шығып, жалын шатырға тараған.
Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде тұрғын үйдің бесінші қабатындағы балкон мен шатыры ашық жанып жатты. Дереу тұрғындарды эвакуациялау жүргізіліп, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің вахталық көліктері базасында тұрғындарды жылыту пункттері ұйымдастырылды.
Өрт орнында жедел штаб құрылып, төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің күшімен 100 адам, оның ішінде 30 бала эвакуацияланды. Өртті сөндіруге 7 су оқпаны беріліп, 3 жауынгерлік учаске жұмыс істеді, полиция қызметкерлері өрт болған жерді қоршады. Жалпы, оқиға орнына жеке құрамның 62 адамы және 22 техника жұмылдырылды. Сағат 00:13-те өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер болған жоқ. Көпқабатты тұрғын үйдің бірқатар тұрғындары қонақүйге орналастырылды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, оқиға орнында облыс әкімінің орынбасары Алтай Әлі мен Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жұмыс жүргізді. 1 қаңтар күні облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы шатыры өртенген көпқабатты үйді аралап, тұрғындарының жағдайымен танысты.
Сол күні мердігерлер шатыр жабындыларын алып, қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті. Аймақ басшысы зерделеу комиссиясының жұмысына тұрғындарды да тарту қажеттігін баса айтып, қала басшылығына нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, тұрғындарды сабырлық танытуға, сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.
Aq jol-Aqparat