Құқық

Қай кезде де тәртіп маңызды

Облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен өтті. Жиында ең алдымен құқық бұзушылықтың алдын алу және мереке күндері кезінде пиротехниканы қауіпсіз пайдалану мәселесі қаралды.

Бұл туралы облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Керебаев баяндама жасады.

Сонымен қатар Нұржан Серікұлы Кәмелетке толмағандар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында облыс аумағында «Жасөспірім заң қауіпсіздігі», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Қауіпсіз мектеп» және «Ашық есік» атты іс-шаралар өткізілгенін, Полиция қызметкерлері, Білім бөлімдері, комиссия мүшелері, жастар орталықтары және прокуратура қызметкерлерімен бірлесе мобильдік топтар құрылып, 2687 рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылғанын айтып өтті. Нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің түрлі баптары бойынша 14 мың 123 әкімшілік хаттама толтырылып, 10 мың 155 жасөспірім полиция бөлімдеріне түрлі қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтар жасағаны үшін жеткізілген.

Сонымен қатар, жасөспірімдерден 107 тыйым салынған зат, оның ішінде 97 пышақ және 10 кастет алыныпты. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың алдын алу мақсатында оқу орындарында 12674 құқықтық тақырыпта сөз сөйлеу ұйымдастырылып, оның ішінде 9462 лекция оқылған. Интернет желілерінде және бұқаралық ақпарат құралдарында 3212 жарияланым жарияланды, 316 дөңгелек үстел мен 1123 ата-ана жиналысы өткізіліпті. Жиында күн тәртібіне сәйкес облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Әтеновтың, облыстық психологиялық қолдау орталығының директорының міндетін атқарушы Әйгерім Исмайлованың есептері тыңдалды.

Облыстық прокуратура өкілі сөз алып, Тараз қаласындағы бірқатар колледждерге тексеріс жүргілгенін, әсіресе «Парасат» колледжінде тәртіпсіздік көбірек болып тұрғанын, тәрбие саласына жауапты мамандары да түгел емес екенін айтты. Мәселен, 900 студенті бар колледжде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары – біреу. Зерделеу кезінде үш психологтың тек біреуі ғана жұмыс істеп жүргені анықталған.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов жиынды қорытындылай келе, келесі комиссия отырысында Тараз қаласындағы бірнеше колледж директорларын тыңдау қажеттігін, әсіресе «Парасат» колледжінің басшылығының есебіне басымдық беру керектігін айтты.

 

Есет ДОСАЛЫ