Саясат

Бізнақты нәтижеге жұмыс істейміз

Аmanat партиясының Сайлауалды бағдарламасында оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау – негізгі басымдықтардың бірі. Өңірлерде жаңа білім нысандарын салу, қолданыстағы мектептерге ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Бұл бағыттағы құрылыс жұмыстарының оң нәтижесі де жоқ емес.

Осы орайда, облысымызға іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Аmanat партиясы фракциясының мүшелері Мұқаш Ескендіров, Гүлдара Нұрымова және Әбутәліп Мүтәлі Тараз қаласындағы М. Мәметова атындағы №27 орта мектеп жанынан салынып жатқан 600 орындық жаңа оқу корпусының құрылыс жұмыстарымен танысты. Аталған білім ошағы алғаш рет 1951 жылы салынған. Кейін 1963 және 1970 жылдары екі қосымша корпус пайдалануға берілген.

Содан бері мектепке ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген екен. Жыл сайынғы жасалатын ағымдағы жөндеу жұмыстары ескі ғимараттың тозуын тоқтата алмады. Бүгінде Аmanat партиясының Сайлауалды бағдарламасы аясында басталған жаңа оқу корпусының құрылысы бұл мәселені шешуге бағытталған маңызды қадам болмақ. Мердігер компания – «Таразқұрылысдизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 3 миллиард 500 миллион қаражат бөлінген.

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіровтің айтуынша, ескі мектептің жанынан жаңа ғимарат салу – бұл тек жөндеу жұмысы емес, болашаққа салынған инвестиция. Сондықтан да, Аmanat партиясы білім беру саласын дамытуға айрықша мән береді.

Ал Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымованың айтуынша, Жамбыл облысында Аmanat партиясының сайлауалды бағдарламаларын жүзеге асыру әрдайым депутаттардың жіті бақылауында. Сондықтан да мердігер ұйымға қойылатын басты талап – құрылыстың сапалы әрі уақытылы орындалуы. Өйткені бұл тек бір нысанның құрылысы емес, бұл – халық сенімі мен партияның жауапкершілігі. – Баршаға мәлім, Аmanat – сөзден іске көшкен партия. Егер партия уәде берсе, оны міндетті түрде орындайды. Біз нақты нәтижеге жұмыс істейміз. Міне, соның жарқын көрінісі – осындай ірі құрылыс нысандары. Мұнда жұмыс сапалы және кесте бойынша келе жатыр. Әрине, құрылысты бастау бір бөлек, оны сапалы әрі уақытында аяқтау – басқа міндет, – деді депутат Гүлдара Алданышқызы.

Іссапар барысында Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі құрылыс сапасымен қатар, мектептің заманауи талаптарға сай жабдықталуына да ерекше көңіл бөлді.

Жалпы, облысымызда Аmanat партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында 2025 жылы 960 орындық 5 мектептің құрылысы аяқталып, 27 білім беру нысанында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал биыл тағы 24 мектептің құрылысы аяқталып, 27 білім нысанында жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Халық қалаулылары алдағы күндерде облысымыздың бірнеше аудандарын аралап халықпен жүздесіп, мәселелерге назар аударатын болады.

 

Есет ДОСАЛЫ