Ұлттық құрама XXV қысқы Олимпиада ойындарында 10 спорт түрінен бақ сынайды
ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-Д'Ампеццо қалаларында өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындарына қазақстандық спортшылардың дайындық барысы туралы баяндады, деп хабарлайды aqjolgazet.kz
Министрдің сөзінше, ойындар Италияның Милан және Кортина-Д'Ампеццо қалаларында 6-22 ақпан аралығында өтеді. Жарысқа 93 елден 3 000-ға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Барлығы 116 марапаттар жиынтығы ойнатылады. Ұлттық команда спорттың 10 түрінен 58 медаль жиынтығы бойынша бақ сынасады. Олардың қатарында биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғы спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарыстары, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатика бар.
Салтанатты ашылу рәсімі 2026 жылдың 6 ақпанында Милан қаласында өтеді, ал жабылу салтанаты 22 ақпанда Верона қаласында ұйымдастырылуы жоспарланған. Ойындар бағдарламасы конькимен жүгіру және шаңғы жарысы спортшыларының өнер көрсетуімен басталады. Соңғы кезеңде тау шаңғысы бойынша жарыстары өтеді. Болжамға сәйкес, ұлттық команданың құрамында 35-ке жуық спортшы болады деп күтілуде. 2022 жылы Пекинде өткен қысқы Олимпиада ойындарында еліміздің намысын 34 спортшы қорғаған. Қазіргі уақытта Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоровтың мәнерлеп сырғанаудан 2 жеке ресми Олимпиада лицензиялары бар. Сонымен қатар спортшыларымыз шорт-тректен 9, конькимен жүгіруден 12 лицензия жеңіп алды.
Министрлік республикалық федерациялар және өңірлер әкімдіктерімен бірлесе отырып, әлемдік рейтингте көшбасшылардың біріне айналу үшін әлеуеті бар спортшыларды іріктеді. Тізімге халықаралық аренада жоғары нәтижелер көрсетіп, әлем чемпионаттары мен кубоктарында түрлі деңгейдегі медальдарды жеңіп алған спортшылар енді. Олардың ішінде Анастасия Городко фристайл-могулдан жасөспірімдер арасында 2025 жылғы әлем чемпионы, сондай-ақ ересектер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері бар.
Мәнерлеп сырғанаудан 2025 жылы Михаил Шайдоров әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанса, әйелдер арасындағы Гран-приде Софья Самоделкина алғашқы тарихи күмісті жеңіп алды. Шорт-тректен Денис Никиша 2024 жылы әлем чемпионатында тарихи күміс медаль жеңіп алып, бұл жетістігін 2025 жылы да қайталады. Конькимен жүгіруден Евгений Кошкин 2025 жылғы Әлем кубогының кезеңдерінде екі алтын медаль жеңіп алды. 2025 жылғы Азия ойындарында Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов фристайл-акробатикадан Қытайдың екі фаворит командасын жеңіп, алтын медальға қол жеткізді. Нәтижелерді қамтамасыз ету үшін Министрлік спорт федерацияларымен бірлесіп, ұлттық команданы дайындаудың кешенді жоспарын жасады. Жоспар аясында оқу-жаттығу жиындары, медициналық-психологиялық қолдау, қаржылық қолдау, қажетті спорттық құрал-жабдықтар, тамақтану және білікті жаттықтырушылармен жұмыс жасау қарастырылған. Ойындарға сапалы дайындық мақсатында ұлттық командалар 178 оқу-жаттығу жиынын өткізді. Сондай-ақ спортшыларымыз 125 халықаралық жарыстарға қатысты. Қаржыландырудың жалпы сомасы 13,3 млрд теңгені құрады. Оның ішінде федерациялар қаражатынан
– 585 млн теңге, республикалық бюджеттен – 5,3 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 6,2 млрд теңге, Туризм және спорт индустриясын қолдау қорынан – 1,2 млрд теңге.
Қысқы олимпиадалық спорт түрлерінен ұлттық командалардың бас бапкерлерінің құрамы анықталды. Жаттықтырушылар құрамына әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарына қатысу тәжірибесі бар жоғары деңгейдегі мамандар кіреді. Германия, Нидерланды, Испания, Словения, Польша, Ресей және Беларусь елдерінен мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, шорт-трек және биатлон бойынша 13 шетелдік ТОП-деңгейдегі жаттықтырушы-кеңесші спортшыларымыздың сапалы дайындығына жұмылдырылды. Техникалық талаптарды, макеттерді және жеткізілетін спорттық киім-кешекті бақылауды үйлестіру мақсатында Министрлік, Ұлттық Олимпиада комитеті, ведомстволық бағынысты ұйымдар өкілдерінің, сондай-ақ белгілі спортшылардың қатысуымен жұмыс комиссиясы құрылды. Комиссия спорттық киім-кешектің эскизін бекітті, қазір ол Халықаралық Олимпиада комитетімен келісілуде. Киім-кешек жиынтығына спортшылардың ашылу және жабылу салтанатына қатысуға арналған киім формасы, сондай-ақ спорттық іс-шара кезінде пайдалануға арналған жылы сырт киім кіреді. Сондай-ақ спорттық жаттығуларға, дене қыздыруға және күнделікті қолдану үшін спортшыларға арналған жаттығу және күнделікті киімдер кіреді. Жалпы, спорттық киім-кешектер жиынтығы 22 атауды қамтиды. Форма бюджеттен тыс қаражат есебінен сатып алынды.
Қазір XIV қысқы Паралимпиада ойындарына жоспарлы дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Министрдің сөзінше,Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дайындық қалыпты жағдайда жүріп жатыр және ерекше бақылауда. Сөз соңында ол Ұлттық Олимпиадалық және Паралимпиада комитеттерімен, спорт федерацияларымен және облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, командалардың сәтті өнер көрсетуі үшін бар күш-жігерімізді саламыз деді.