Жаңа жылдық достық әзіл
Жаңа жылдық достық әзіл
БАСЫҢА ҚОНСЫН ЫРЫС КҮН!
Бекет МОМЫНҚҰЛҒА, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері
Бұл марапаттың мәні көп,
Асыра берсін бағыңды.
«Халық қаһарманы» боп,
Бауыржан ата танылды.
Момышұлы шын батыр,
Бауыржанға туыссың.
Алда жаңа жыл жатыр,
Басыңа қонсын ырыс күн!
АЛПЫСҚА ДЕЙІН ТАНБАҢЫЗ!
Алтынкүл ҚАСЫМБЕКОВАҒА, Белгілі айтыскер, Байзақ ауданының Құрметті азаматы
Алты рет барған сәтің бар,
Шақырды бәрі ірі деп.
Айтып жатыр ақындар,
Алтынкүлдің жылы деп.
Жаңа жылда көп күлген,
Табысты жолды таңдаңыз.
Дәл осынау екпінмен,
Алпысқа дейін танбаңыз!
АЛТЫН АЛМАЙ ТОҚТАМА!
Юсиф АШРАПОВҚА, Грек-рим күресінен Әлем чемпионатының қола жүлдегері
Үздіктер келді бар елден,
Жеңеміз деп тасынып.
Жүлдегер болып әлемнен,
Оралдың үздік Аширов!
Жаңа жылда жарқын үн,
Тілейтінім бақ қана.
Олимпиада алтынын,
Алмай енді тоқтама!
СІЗГЕ ЖАЙЛЫ ЖЫЛ БОЛСЫН!
Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫНА, Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығы директорының орынбасары
Кітап та жазып түйінді,
Бір мәселе шештіңіз.
Директордан кейінгі,
Қызметке де өстіңіз!
Шықтыңыз абырой шыңына,
Көбейіп құрмет, жүлдең шын.
Келетін жылқы жылы да,
Сізге жайлы жыл болсын!
БАҒЫҢ ЖАНСЫН, МАХАНОВ!
Нұрсұлтан МАХАНОВҚА, Асқар Тоқпанов атындағы академиялық қазақ драма театрының актері
Жоқ өзіңді аяу да,
Ізденесің күні - түн.
Жеңіп алдың таяуда,
«Әулиеата үмітін».
Дәл осылай дара жүр,
Тек жеңімпаз атанып.
Келгенде де Жаңа жыл,
Бағың жансын, Маханов!
ЖОЛЫҒА БЕРСІН БАҚ АЛДАН
Анар БЕКСҰЛТАНОВАҒА, Облыстық мәслихаттың депутаты, қолөнер шебері
Бересің көпке сан үлгі,
Еңбегің сенің ерен шын.
Депутатсың қадірлі,
Қолөнерге де шеберсің.
Үздікке сені санармыз,
Жолыға берсін бақ алдан.
Жолың болсын, Анар қыз,
Жаңа жылда жаңарған!
«ЕГЕМЕН ЕЛ ПАТРИОТЫ»
Қасымжан БАЙКҮШІКОВКЕ, Облыстық «Jambyl» телеарнасының редакторы
Бірі емессің көп адамның,
Жүректе намыс жатыр оты.
Биыл маңызды медаль алдың,
«Егемен ел патриоты».
Өлеңде де құлагерсің,
Шын бәйгеде де алқынбаған.
Телеарнадан шыға берсін,
Үнің сенің саңқылдаған!
ЧЕМПИОН АНА АТАНҒЫН!
Әйгерім СӘТТІБАЕВАҒА, Бокстан Азия чемпионатының қола жүлдегері, Қазақстан Республикасының чемпионы
Бақытыңды ел байқады анық,
Анасысың бес баланың.
Боксқа да қайта оралып,
Спортты әсте тастамадың.
Ана болсаң, дана болшы,
Әзірге айттың сөз ұяңын.
Чемпионы бола берші,
Олимпиада, Әлем, Азияның!
Жаңа жылдық достық әзілді әзірлеген Есет ДОСАЛЫ