Өткен жылға алғыс, келер жылға сенім
Өткен жылға алғыс, келер жылға сенім
ҚАЙ КЕЗДЕ ДЕ АДАЛДЫҚТАН АТТАМАЙМЫН
Ербол ҚАМБАТЫР
Жылдың үздік асабасы:
– Қазақ халқының әр күні қуанышқа толы. Тойсыз күні жоқ. Сондықтан қоғамда асабаның қызметі аса маңызды. Өтіп бара жатқан жылан жылы бойынша Үздік асаба атандым. Бұл жерде қазақилық, сөз мәдениеті жағынан бағаланған шығармын. Әйтпесе, өңірімізде жақсы асабалар жетерлік. Дегенмен таңдаудың маған түскеніне қуанамын. Отбасымда да қуанышты сәттер аз болмады. Жолдасым, ақын Үміт Битенова да шығармашылық жоспарлары бойынша бірқатар оң нәтижеге қол жеткізді. Алда жылқы жылы келе жатыр. Жылқы – текті, қасиетті жануар. Сондықтан 2026 жыл жақсылыққа толы берекелі жыл болады деген сенімім бар. Әрқашан жақсы үміт, сеніммен алға жүреміз. Сол сенім ешқашан бәрімізді алдамасын. Өткен жылға өкпеміз жоқ. Мемлекетіміз үшін де, Әулиеата өңірі үшін де өте табысты жыл болды. Елде тыныштық пен тұрақтылық болса, әр шаңырақта жақсылық бола беретіні анық. Әр шаңырақтың қуанышы – тойдың бастауы. Әзілдеп болса да айтайын, асабалардың тілеуі жақсы. 2026 жыл әр шаңырақ үшін бақытқа толы, ырысты, табысты, тойлы жыл болсын!
ӘР ЖЫЛ БАҒАЛЫ
Рауза НҰРМАҒАНБЕТОВА
Қазақ күресінен Әлем чемпионы:
– Спортшы үшін әр жыл, әр кезең бағалы. Себебі, спортшының мүмкіндігін көрсетуге арналған жылдар шектеулі. Биыл қазақ күресінен Әлем чемпионы атанғаныма өте қуаныштымын. Күрес түрі біздің елдікі болғанымен, жер жүзінде қазақ күресінің қыр-сырын ерекше меңгеріп алған мемлекеттер көп. Сол мемлекеттің балуан қыздарынан басым түсіп, елдің үмітін ақтағаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта күрестің басқа түрлері бойынша да оң нәтижеге жетсем деймін. Қазақ күресінен екі дүркін Әлем чемпионы атану ойымда бар. 2026 жыл баршамыз үшін табысты болсын. Әр отбасына бақыт пен береке, амандық, молшылық тілеймін!
ӘР ШАҢЫРАҚТАН ШАТТЫҚ КЕТПЕСІН!
Мәмбет ҚОЖАГЕЛДИЕВ
Асқар Тоқпанов атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының актері, республикалық «Еңлік гүл» театр байқауының дипломанты:
– Биыл біздің театрымыз үшін аса табысты жыл болды. Театрымыздың 90, аңыз атамыз Асқар Тоқпановтың 115 жылдығы жоғары деңгейде тойланды. Театрымызға «Академиялық театр» атағы берілді. Жеке басыма келсем, республикалық «Еңлік гүл» театр байқауына қатысып, дипломант атандым. Алдағы уақытта осы байқаудың жеңімпазы болуға да күш саламын. Алда жылқы жылы келе жатыр. Жылқы – жеті қазынаның бірі. Өте қасиетті жануар. Сондықтан келе жатқан жыл жақсылықтар мен сәттіліктерге толы боларына өте сенімдімін. Жаңа жыл мерекесімен барша оқырмандарды, өнерпаздарды құттықтағым келеді. Әр шаңырақтан шаттық пен қуаныш кетпесін. Ақсақал аталарымыздан өсиет, ақ жаулықты әжелерден қасиет кетпесін. Жақсылыққа, қуанышты сәттерге толы, ерекше жайлы жыл болғай!
ЖЕТІСТІК МАҢДАЙ ТЕРМЕН КЕЛЕДІ
Інжу ЖАҢАБАЙ
2025 жылғы республикалық «Қола домбыра» айтысының жеңімпазы:
– Өткен жылға өкпем жоқ. Мен үшін өте сәтті жыл болды. Республикалық оқушылар айтысына алты рет қатысып, төрт мәрте бас жүлдені иелендім. Атап айтқанда, Қызылорда қаласында өткен «Көктем нұры», Алматы облысында ұйымдастырылған «Жыр алыбы – Жамбылым!», Бурабайдағы «Ақберен» байқауында «Айтыс» аталымы бойынша бас жүлдені олжалап, Астана қаласында өткен «Қола домбыра» айтысының жеңімпазы атандым. Осы жеңістерім үшін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қабылдап, сыйлықтар беріп, алғысын айтты. Мектеп оқушысы үшін бұл жетістіктер аса жоғары нәтиже деп ойлаймын. Әрине, бұл жеңісте елдің, халықтың тілеуі жатыр. Мені қолдаған барлық жерлестеріме, ата-анама рақмет. Әр жеңіс көп ізденісті қажет етеді. Жетістік маңдай термен келеді. Бұйырса, 2026 жылы да көптеген жоспарларым бар. Тараз қаласында өтетін республикалық «Жыр алыбы – Жамбылым!» айтысына, Шымкент қаласында өтетін республикалық «Күміс домбыра» айтысына қатысуым мүмкін. Осы айтыстарда жақсы нәтиже көрсеткім келеді. Мектепті бітіретіндіктен, ҰБТ-да жоғары балл алып, жоғары оқу орнының грантын иеленсем деп те мақсат қойып отырмын. Осы мақсаттар жолында тер төгемін. 2026 жылв әр шаңыраққа шексіз мол қуаныш, шаттық тілеймін!
Есет ДОСАЛЫ